Өткен аптаның жұмасы күні Жандосов ауылдық округінде аудан әкімі Жасұлан Естеновтің халыққа есеп беру жиыны өтті. Ауданда атқарылған ауқымды шаралар мен алдағы жоспарлар баяндалып, аталған округтің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен жергілікті тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер кеңінен талқыланған кездесуге аудандық бөлім басшылары, дербес мекеме өкілдері және ауылдың белсенді азаматтары қатысты.
Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам халық тұратын Жандосов ауылдық округінде аймақты көркейту бағытында атқарылған жұмыстар аз емес.
Экономикалық көрсеткіштерге назар аударсақ, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жандосов ауылдық округінен аудан бюджетіне 353,0 миллион теңге салық түсті. Бүгінде мұнда үш орта өндірістік кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп, 144 жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып отыр. Сонымен қатар округте 1023 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оларда 1670 адам нәпақасын тауып жүр.
Шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы да Жандосов округінде жемісті жүзеге асуда. Соның аясында өз кәсібін дөңгелеткісі келген азаматтардың жалпы сомасы 64,6 миллион теңгені құрайтын 7 жобасы қаржыландырылды. Бұған қоса мемлекеттік қайтарымсыз гранттың игілігін көрген Жандосов ауылының тұрғыны Марина Сергазина өз мамандығы бойынша «Логопедиялық және дефектологиялық» орталық ашып, бүгінде ауыл балаларына жоғары деңгейде қызмет көрсетуде.
Қоғамдық көлік пен инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер аз емес. Тұрғындардың күнделікті қатынайтын бағыттарын жеңілдету үшін Жандосов ауылдық округінде 3 маршруттық автобус қызмет көрсетеді. Ең бастысы «Шамалған ауылы – Жандосов ауылы – Алматы қаласы» бағытындағы №212 автобустардың саны бұрынғы 7 бірліктен 22-ге дейін көбейтіліп, халықтың қалаға қатынауы едәуір жеңілдеді.
Оған қоса ауданға қарасты 14 елді мекеннің электр жүйелерін толық жаңғыртуға арналған жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Бұл маңызды жобаның ішінде Жандосов ауылының да электр желiлерiн жаңарту қарастырылған.
Ауылдың бұқаралық спорты мен мәдени өмірін жандандыру да назардан тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылы Шалқар ауылының Сейфуллин көшесінде заманауи шағын футбол алаңы салынып, қолданысқа берілді. Ал Жандосов ауылында Мәдениет үйінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті 774,9 миллион теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды. Осылайша ауыл жастары мен тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне жаңа мүмкіндіктер жасалуда.
Аудан басшысы осы және өзге де ауқымды жұмыстарды баяндап болған соң, сөзді жергілікті тұрғындарға берді. Бұл жолғы есептік кездесуде тұрғындар тарапынан артық шағымдар мен негізсіз сұрақтар болған жоқ. Көпшілікті көбірек толғандырған өзекті де негізгі мәселе – ауыз су сапасы мен жүйелерінің жағдайы еді. Бұл сауалға Жасұлан Тоққожаұлы жауап бере отырып, аудандағы үш ауылдың су желілерінің құрылысына бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Соның бірі – осы округке қарасты Шалқар ауылы. Мұндағы су желілерінің құрылысын келесі жылы толығымен аяқтау жоспарланған. Алдағы кезеңде бұл жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру үшін тағы 4 елді мекеннің ауыз су жүйелерін қайта жаңғыртуға арналған жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы да жиында сөз болды. Қазіргі таңда Жандосов ауылдық округінде күніне 50 адамды қабылдай алатын 2 дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Десе де демографиялық өсімі жоғары елді мекен үшін бұл қуаттылық біртіндеп тарлық етуде. Аудан әкімі бұл түйткілді бұрыннан білетіндігін, тіпті ауданға арнайы келген мәжіліс депутаттарының да бұл мәселені бірнеше рет жоғары деңгейде көтергенін баса айтты. Көпшіліктің ортақ еңбегі мен атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Шалқар ауылында заманауи жаңа амбулатория салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Бүгінде бюджеттік өтінім жолданып, облыс тарапынан бекітілуі күтілуде. Қаражат бөлінісімен құрылыс жұмыстары дереу басталатын болады.
Есептік жиын соңында тұрғындар атқарылып жатқан оң өзгерістерге ризашылықтарын білдіріп, аудан басшылығының халықпен ашық тілдесуін жоғары бағалады. Жиында көтерілген әрбір мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауына алынды.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

