Сейсенбі күні Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов кезекті есептік кездесуін Іргелі ауылдық округінде өткізді. Жиынға Іргелі, Кемертоған, Көксай ауылдары мен «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары қатысып, талай мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Есептік кездесуде аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы алдымен Қарасай жерінде атқарылған нәтижелі жұмыстар мен алдағы жоспарлы жобаларды баяндады. Әсіресе, осы Іргелі ауылдық округінде орын алатын оңды өзгерістерге айрықша тоқталды.
Алматының дәл іргесінде орналасқан округтің халық саны бүгінгі таңда 50 мыңға жуықтаған. Халық санының артуымен қатар мұнда бұрынғыға қарағанда өндірістік орындар да көбеюде. Соның нәтижесінде қазынаға түсер қаржының көлемі артуда. Мәселен, Іргелі ауылдық округі бойынша ағымдағы жылдың 9 айында бюджетке 2 135,8 млн. теңге салық түсті. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда едәуір көп екенін білдіреді.
Атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсақ, бүгінгі таңда Іргелі ауылдық округінде инфрақұрылым бағытында жақсы жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Кемертоған ауылының ауызсу жүйесін ретке келтіру. Одан бөлек «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің кәріз жүйесіне арналған апаттық резервуар салу бойынша қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы осы қараша айының соңында белгілі болмақ.
Жолдардың жөнделуі де назарға алынған. Биыл округке қарасты Іргелі ауылында Ақдала, Шаттық, Бірлік, Арман көшелері орташа жөндеуден өтсе, кіші Ташкент жолының асфальт-бетон жабынына жөндеу жүргізіліп, жол жиегі жасалды. Сондай-ақ Кемертоған елді мекенінде «АҚХ Қазмис» деп аталатын көшесі де орташа жөнделді.
Іргелі ауылдық округінің кәсіпкерлері бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың игілігін көруде. Соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасын айрықша атап өтуге болады. Өйткені округке қарасты бірнеше ауылдың азаматтары төмен пайызда қаржылай несие алып, өз істерін ілгерілетуде. Жалпы алғанда, бас-аяғы 11 жоба жүзеге асырылып, әр кәсіпкер бизнестерін дөңгелетуде.
Игерілмей жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жердің мемлекет меншігіне өтуі қарқынды іске асуда. Нәтижесінде Іргелі ауылдық округі бойынша жалпы көлемі 923 гектар пайдаланылмай жатқан жерлер анықталды. Оның ішінде 88 гектар жер қайта игерілуде, ал 2,43 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған 832,6 га жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды қайта айналымға қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы айтқанда, Іргеліде тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында біраз жұмыс атқарылды. Әлі де жоспарлы жобалар қолға алынуда.
Аудан басшысының баяндамасынан кейін жергілікті халықтың тарапынан округке қатысты мәселелер көтеріліп, ұсыныстар тыңдалды.
Алдымен Кемертоған ауылының 6-кварталынан бастап «Nomad» мектебіне дейінгі көшенің жағдайы талқыға түсті. Ауыл тұрғынының айтуынша, оқушылар мектепке дейін ретсіз жолдармен жүруге мәжбүр, сонымен қатар «Асыл арман» ТК маңайындағы сауда орындарына баратын жол жоқ. Аудан әкімі бұл мәселеден хабардар екенін айтып, аталған көшені асфальттау жөнінде жобалау-сметалық құжаттама дайын және ол келесі жылы жөнделетінін түсіндірді.
Келесі кезекте Кемертоған ауылының бір топ тұрғындары ауызсу мен электр энергиясының тұрақсыздығына шағымданды. Әсіресе, жарықтың өшуі жиілеп, жергілікті халықтың әбден мазасын қашырған. Одан бөлек бұл коммуналдық қызметтің мемлекет меншігінде болмауы да халықты алаңдатып отыр.
Аудан басшысы бұл жағдайлардан хабардар екенін айтып, әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталды. Ауызсуды айтар болсақ, Кемертоғанда ауызсу жүйесін салу мен қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезең бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта оның алғашқысы орындалуда. Жоба аяқталғанда ауыл халқы толығымен ауызсумен қамтамасыз етілмек. Ал жарықтың тапшылығына келер болсақ, оның шешімі ауқымды жобамен байланысты болып отыр. Атап айтқанда, келешекте аудандағы 14 елді мекеннің электр жүйелерін жаңғырту қолға алынған. Оның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, 5 млрд теңге болатын соммасы бойынша бюджетке өтінім берілді. Міне, осы 14 ауылдың ішінде Кемертоған да бар. Бұл жобаның арқасында аталған ауыл энергиядан тапшылық көрмейді.
Тағы бір айта кетерлігі, енді жарық мәселесі алдағы уақытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекция бөлімінің бақылауында болады. Яғни, жақында жекеменшіктегі электр жүйелері түгелдей мемлекеттің балансына өткендіктен, бұл қызметке енді «АЖК» АҚ-ның аудандық мекемесі жауапты.
Қоғамдық көліктің жағдайы да осы жиында сөз болды. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, «Барлық» базары мен Кемертоған ауылының арасында жүретін №246 қоғамдық көліктің соңғы аялдамасы тоқтауға мүлдем қолайсыз. Себебі ол жерге асфальт төселмегендіктен, автобус жүргізушілеріне де, жолаушыларға да мүлдем қолайсыз. Сондықтан көпшілік аудан әкімінен ең болмаса, уақытша сол орынға жеткілікті мөлшерде құм-тас төсеп беруін өтінді. Ал Жасұлан Тоққожаұлы бұл жайтты ескеріп, Қарасай ауданының жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiне тиісті тапсырма жүктеп, жағдайды біржақты шешуді тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімінің есептік кездесуінде бірнеше тұрғынның жеке басына қатысты мәселелер де айтылды. Бірі заң аясында құқығы қорғалмай жатқанын айтса, енді бірі кәсібінің аясын кеңейтуді көздейді. Олардың әрбірі аудан басшысы Жасұлан Естеновтің назарына алынып, тиісті мекеме өкілдері арқылы көмек көрсетілетіні айтты.
Жалпы жиында осы аталған жайттардан бөлек басқа да сұрақтар талқыға салынды. Аудан басшысы әрбіріне тиісті жауап беріп, шешу жолдарын түсіндірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

