Өткен жексенбіде Үшқоңыр тауының етегінде жүгіруден марафон ұйымдастырылып, оған SDU University студенттері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Қарасай ауданы әкімдігі қолдауымен өткен шараны SDU UNIVERSITY-дегі студенттердің құқықтарын қорғау ұйымның заңды өкілі, 2-курс студенті Жанабек Кайрулла мен SDU RUNNING клубы бірлесе ұйымдастырды.
Бұқаралық спортты қолдауды және саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен бұл шараға жүздеген жас белсенділік танытты. Сонымен бірге жиынға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов пен SDU UNIVERSITY-дің әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Нұрбол Төлеубаев мырза да арнайы қатысты.
Алдымен марафоншылар кәсіби жаттықтырушының жетекшілігімен тау баурайында таза ауамен тыныстап, дене қыздыру жаттығуларын жасады. Қауіпсіздік ережелері ескерілген соң, сөре алдына тізілді де, төреші ысқырығынан кейін жарыс жолына аттанды. Қатысушыларға әр шақырым сайын еріктілер су мен банан беріп, қолдау білдірді. Ал жүгіру барысында марафоншы жарақат алған жағдайда алғашқы көмек көрсету үшін дәрігерлер де дайын болды. Жалпы марафоншылар ерлер мен әйелдер санатында 10 және 5 шақырым қашықтыққа жүгіріп, жүлдеге таласты.
Нәтижесінде түрлі марафонда топ жарып жүрген Рауан Абулханов 10 шақырымды алғаш болып бағындырды. Одан кейінгі жүгірушілер де кезекпен келіп, дәстүр бойынша мәреге жеткен соң берілетін медальдарын алып, қуаныштарын жасырмады. Олар бір-бірін құттықтап, естелік суретке түсіп жатты.
Жиын соңында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов сөз сөйлеп, марафонның маңыздылығын сөз етті.
– «Cалауатты өмір – сергек ұрпақ» атты ұранмен өткен үшінші аудандық марафон өз мәресіне жетті. Ең алдымен, осы жарысқа қатысып өзінің спортқа дайындығын, табандылығын көрсеткен барша жастарға алғысымды білдіремін. Спорт – тек қана денсаулық кепілі емес, адам бойында тәртіп пен жауапкершілікті, төзімділікті қалыптастырады. Осы марафонды SDU университетінің әкімшілігімен бірлесе ұйымдастырып отырмыз. Ұйымдастырушыларға, еріктілерге, демеушілерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Азамат Серікұлы.
Марафон қорытындысы бойынша 10 шақырымдық жарыста Рауан Абулханов – бірінші, Бекзат Мустафаев – екінші, Несипжан Марат – үшінші орынды алды. Дәл осы қашықтықта әйелдер арасында Елена Леонова жеңімпаз атанса, Ақерке Мукашова екінші келіп, Гүлнұр Сайфулла үздік үштікке ілінді. Сондай-ақ 5 шақырымдық сайыста Алишер Балписов мәреге бірінші болып келсе, Аңсар Сүлеймен екінші, Разыбай Кәрімжанов үшінші орынды еншіледі. Бұл аралықта әйелдер санатында бірінші орынды Інжу Еркін, екінші орынды Нелли Мироненко, үшінші орынды Лиза Мухаметкалиева жеңіп алды.
Әрбір жүлдегер марапатталып, сертификат пен арнайы ақшалай сыйлыққа ие болды. Әрі қарай іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, марафоншылар өздеріне жайылған дастарқаннан дәм татты.
Мұндай игі спорттық сайыстар университет пен аудан арасындағы тығыз байланыстың, салауатты болашаққа бағытталған ортақ қадамның айқын көрінісі. Жастарымыздың оқумен қатар жүгіру спортына қызығып, тән саулығына дең қойғаны көңіл қуантады. Ал олардың арасында орта жастан асса да, марафондарға тұрақты қатасып, үздік атанып жүрген аға-әпкелеріміз көпке үлгі.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.

