Осы аптада аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесулері өз жалғасын тапты. Соның аясында сәрсенбі күні аудан басшысы Жасұлан Естенов Райымбек ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен бөлісіп, округтегі қордаланған түйткілді мәселелерді талқылады.
Күн тәртібіне сәйкес аудан әкімі алдымен ағымдағы жылдың 9 айында ауданның экономикалық әлеуетін арттыру, әлеуметтік саланы қолдау және инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар тікелей Райымбек ауылдық округінде жүзеге асқан жобалар мен алдағы кезеңге жоспарланған бастамалар туралы егжей-тегжейлі баяндама жасады.
Жасұлан Тоққожаұлының мәліметінше, бүгінде аудандағы ең ірі елді мекеннің бірі саналатын Райымбек округінде 50 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындар санының қарқынды өсуіне байланысты мұнда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мәселен, жергілікті тұрғындарды көптен бері мазалаған ауыз су тапшылығын түбегейлі шешу мақсатында Жаңатұрмыс елді мекенінде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, биыл толықтай аяқталды. Сондай-ақ Абай ауылының кәріз жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, инженерлік желілердің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілді.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында да бірқатар іс тындырылды. Атап айтқанда, округке қарасты Райымбек, Қырғауылды, Долан және Жаңатұрмыс ауылдарының 13 көшесіне, жалпы ұзындығы 10,1 шақырым аумаққа жарықтандыру жүйесі орнатылып, пайдалануға берілді. Мұнымен бірге Бұлақты, Қырғауылды және Абай ауылдарының 13 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бір көшеге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төселді.
Әлеуметтік нысандар құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бұлақты ауылында 900 орындық жаңа «Келешек» мектебі салтанатты түрде есігін айқара ашты. Сондай-ақ Абай ауылында бір ауысымда 50 келушіні қабылдауға қауқарлы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік тудырды.
Жоғарыда аталған жетістіктерден бөлек, 2026 жылы Райымбек ауылдық округінің аумағында логистика, білім беру және тұрғын үй құрылысы салаларын қамтитын 5 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Ашып айтқанда, Райымбек ауылында «EREN LOGISTICS LTD» ЖШС тарапынан жалпы аумағы 7 200 шаршы метрді құрайтын заманауи логистикалық орталық салу жоспарлануда. Инвестициялық құны 1,5 миллиард теңге болатын бұл жоба аясында 40 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар Абай ауылында «Бумер» ЖШС бастамасымен жалпы аумағы 70 мың шаршы метр болатын көпфункционалды ойын-сауық және білім беру орталығының құрылысы жоспарланған. Жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайтын нысан іске қосылғаннан кейін 70 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Тұрғын үй құрылысы саласында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, Абай ауылында «Төлеби Авеню» тұрғын үй кешені бой көтермек, ал қазіргі таңда дәл осы ауылда құны 38 миллиард теңгені құрайтын «Керуен» тұрғын үй кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған нысанды 2028 жылдың IV тоқсанынан бастап кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жобалар тұрғын үй қорын едәуір ұлғайтып қана қоймай, елді мекеннің сәулеттік келбетін заманауи үлгіде жаңартуға бағытталған. Бұдан бөлек, Қырғауылды ауылында да жаңа таунхаус қалашығы салынады. Жоғарыда аталған барлық ірі нысандардың құрылыс жұмыстарын 2028 жылы толық аяқтау көзделіп отыр.
Аудан әкімі атқарылған істер мен алдағы жоспарларды баяндап болған соң, жиналған жұртшылықтың өзекті сауалдарын тыңдады. Кездесу барысында ерекше назар аударылған басты мәселелердің бірі – 1000-нан астам оқушы білім алып жатқан Ушинский атындағы орта мектептің қазіргі мүшкіл жағдайы. Тұрғындардың айтуынша, білім ордасының ғимараты әбден ескіріп, тозығы жеткен. Ата-аналардың сөзін растаған мектеп директоры қазіргі таңда ғимараттың апатты жағдайына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі талаптарына сай келмей, білім беру қызметіне лицензия ала алмай отырғандарын жеткізді. Мәселенің мән-жайымен етене таныс Жасұлан Тоққожаұлы бұл түйткілді шешудің жалғыз тиімді жолы жаңа нысан салу екенін атап өтті. Бүгінгі күні ескі ғимараттың орнына жаңа мектеп салу бойынша барлық қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық тиісті басқармаға жолданған. Қазіргі уақытта облыс тарапынан қаржыландыру шешімі күтілуде.
Жиында округте Мәдениет үйінің жоқтығы да мәселе ретінде көтерілді. 50 мыңнан астам тұрғыны бар ірі округтің өнерпаздары мен жастары үшін әдеби-сазды кештер, шығармашылық үйірмелер мен түрлі қоғамдық-мәдени іс-шаралар өткізетін арнайы ғимараттың болуы – бүгінгі күннің басты талабы. Осыған орай Жасұлан Естенов округ әкіміне жаңа Мәдениет үйінің құрылысына ыңғайлы әрі талапқа сай жер телімін қарастыруды нақты жүктеді. Дәл осындай маңызды тапсырма өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты да берілді. Тұрғындар төтенше жағдай орын алған сәтте өрт сөндіру қызметі Қаскелең қаласынан келгенше көп уақыт жоғалатынын алға тартып, халық тығыз қоныстанған Райымбек округіне жеке өрт сөндіру бекеті аса қажет екенін жеткізді. Халықтың уәжімен толық келіскен аудан басшысы округ әкіміне өрт сөндіру бекетін салуға қолайлы жер учаскесін айқындауды тапсырды.
Кездесуге келген азаматтар көршілес Алматы қаласындағы Абай даңғылын созу жұмыстары басталғаннан бері пайда болған жол қауіпсіздігі мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Соған байланысты округтегі құрылыс жұмыстары жүргізіле басталған жолда бағдаршамның болмауы салдарынан соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары жиілеп, жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндіруде. Жауапты сала мамандары даңғыл бойында әлі де күрделі құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, бағдаршам тек жұмыстар толық аяқталған соң ғана орнатылатынын баяндады. Дегенмен аудан әкімі адам өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен маңызды екенін ескертіп, мәселені созбалаңға салмай, мердігер мекемемен шұғыл келіссөз жүргізіп, қажетті бағдаршамды орнатып беруді тапсырды.
Сонымен қатар кездесуде жер қатынастарына қатысты өзекті даулы мәселе де сөз болды. 2025 жылы 50-ге жуық азамат Жаңатұрмыс ауылынан жеке тұрғын үй салу мақсатында жер телімдерін сатып алған. Алайда биыл құрылыс жұмыстарын бастау үшін тиісті құжаттарды рәсімдеуге барғанда, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі сәулет-жоспарлау тапсырмасын (АПЗ) беруден бас тартқан. Бөлім өкілдерінің түсіндіруінше, аталған жер учаскелері сегментациядан өткен және 2023 жылы бекітілген елді мекеннің бас жоспарына сәйкес бұл аумаққа саябақ салу көзделген. Мәселенің мән-жайын тыңдаған аудан әкімі бас жоспарға енгізілген әлеуметтік-қоғамдық мақсаттағы жерлердің жекеменшікке заңсыз сатылуы мүмкін емес екенін қадап айтып, осы дерек бойынша прокуратура органдарымен бірлесіп жан-жақты тексеріс жүргізуді және заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті іс қозғауды тапсырды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген тағы бір маңызды түйткіл – қоғамдық көлік қозғалысы. Ауыл тұрғындарының бірі жергілікті халықты тасымалдайтын №23 автобус бағытын бұрынғыдай Алматы қаласындағы «Саяхат» автобекетіне дейін ұзартуды, сондай-ақ округке қатынайтын барлық қоғамдық көліктердің таңғы жұмыс уақытын сағат 5:30-дан бастауды өтінді. Бұл сауалға жауап берген Жасұлан Естенов қазіргі таңда №23 секілді қала маңы бағытындағы автобустардың барлығы көршілес Алматы қаласы әкімдігінің субсидиялауымен түсіндірді. Соған қарамастан, тұрғындардың бұл ұсынысы жиын хаттамасына ресми түрде енгізіліп, Алматы қаласының тиісті басшылығына қарастыру үшін жолданатынын мәлімдеді.
Жиын соңында ауыл халқы тарапынан ішкі көшелерді жөндеу, қоғамдық көлік аялдамаларын орнату секілді өзге де күнделікті тұрмыстық мәселелер айтылды. Тұрғындардың әрбір арыз-шағымы мен ұсынысын мұқият тыңдаған аудан әкімі көтерілген барлық мәселелерді жеке бақылауына алып, округ әкімі мен тиісті бөлім басшыларына нақты мерзімдер белгілеп, тиісті тапсырмалар жүктеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

