Осыдан бір апта бұрын аудан әкімдігінде шағын салтанатты шара ұйымдастырылып, ауған соғысында қайтыс болған әскери азаматтардың отбасыларына құрмет көрсетілді. Бұл басқосуға аудан әкімінің орынбасары Азамат Жандосов арнайы қатысып, отбасы мүшелерімен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті.
1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толық шығарылуы тарих парағына өшпес із қалдырды. Арада жылдар өтсе де, сол бір сұрапыл соғыстың жаңғырығы ел жадынан өше қойған жоқ. Бұл тарихи оқиғаға биыл 37 жыл толып отыр. 10 жылға созылған майдан даласына Қазақстаннан 22 мыңға жуық азамат аттанып, интернационалдық борышын өтеді. Олардың қатарында Қарасай ауданынан аттанған 373 азамат болды. Өкінішке қарай от пен оқтың арасынан 14 отандасымыз туған жеріне оралмай, ерлікпен қаза тапты.
Бүгінде Қарасай ауданында 251 ауған соғысының ардагері бейбіт өмір кешуде. Мемлекет тарапынан соғыс ардагерлеріне де, олардың отбасыларына да ұдайы әлеуметтік әрі рухани қолдау көрсетіліп келеді. Осы орайда Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов ауданда тұратын ауған соғысында қаза тапқан және кейін өмірден өткен майдангерлердің жесірлерімен, ардагерлердің отбасыларымен арнайы кездесу өткізді.
Жүздесу барысында Азамат Серікұлы алдымен келген аналар мен әйелдер қауымының хал-жағдайын сұрап, олардың тұрмыстық тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты. Аудан басшылығы тарапынан мұндай отбасыларға берілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек түрлері жан-жақты сөз болды.
Аудан әкімінің орынбасары өзінің сөзінде жат жерде борышын адал өтеп, Отан алдындағы антқа адалдық танытқан жауынгерлердің ерлігі мен батылдығы кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін шынайы патриотизмнің үлгісі екенін ерекше атап өтті. Майдан даласынан оралмаған боздақтардың есімі ел жүрегінде мәңгі сақталатынын, ал олардың отбасыларына қамқорлық жасау ортақ парыз екенін жеткізді.
Салтанатты шара соңында кезектен тыс өтініштер мен ұсыныстар тыңдалып, ардагерлердің жұбайларына тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды. Аудан әкімінің орынбасары Азамат Жандосов келген қонақтарға Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына арналған мерекелік медальдарды салтанатты түрде табыстады, сондай-ақ аудан басшылығының атынан арнайы сыйлықтарды берді.
Кездесуге қатысқан әйелдер осындай көрсетілген құрмет пен ұдайы назарда ұстап отырған аудан басшылығына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

