Бүкіл саналы ғұмырын өз отбасының жайлы тұрмыс-тіршілігін жасаумен қатар, туған елі үшін ерен еңбек етуге арнаған адамдар көптеп саналады. Солардың бірі ғана емес, бірегейі деп есімін ерекше атап өтуге тұрарлықтай жан – Якуб Жұмашев. Ол кісі ұзақ уақыттар бойы қасиетті Қарасай жерінде қызмет істеп, осы өңірдің өсіп-өркендеуіне үлкен үлесін қосқандардың санатында саналады.
Якуб Жұмашев өткен ғасырдағы 1925 жылы 15 желтоқсанда еліміздің батыс аймағындағы Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Қаратөбе ауылында дүние есігін ашқан екен.
Кішкене кезінен-ақ талабы таудай болып, үнемі білсем, көрсем деген тілекпен жүгіріп жүретін, бәрін де істеуге ұдайы ұмтылатын елгезек бала көзге көп көрінді. Соныменен оның өмірлік ақ жолы жайыменен бастала берген.
Жоғары білім алып, білікті маман атанды. Ал 1957 жылы партия мүшелігіне өтуі білімді, іскер, адал азаматтың алдағы жұмыстарында сатылап жоғарылай беруіне жақсы ықпал етті дей аламыз.
Айтқандай, алғашқы қызметін 1943 жылы халық депутаттары Қаратөбе ауылдық кеңесі атқару комитетінің хатшысы ретінде бастапты. Сөйтіп, 18 жасынан көпшілікпен етене араласып, көптің игілігіне бағыталған істердің қақ ортасында жүріпті.
…Өмір көші кімді қайда апармайды? Иәкеңнің кейінгі бүткіл қызметі алып Алатау баурайындағы Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданыменен тығыз байланысты болды. Яғни, алдыменен алты жыл бойы халық депутаттары Қаскелең аудандық кеңесі атқару комитеті жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, жоғарыдағы басшылар мен халыққа жақсы танылды.
1958 жылы аудандық статистика басқармасының басшысы лауазымына тағайындалып, осы саладағы көп уақыт – 29 жылға созылған тиянақты жұмысыменен ел құрметіне бөленді. Осы кезде мемлекеттік статистика жүйесі аудандық ақпараттық-есептеу орталығының меңгерушісі ретінде де үлкен жауапкершілікпен, білгірлікпен қызмет істеп, экономиканың, халық тұрмысының бағыт-бағдарын бағамдап, айқындап отыратын, жоспар-жобаға өте көмегі тиетін есеп-қисап жұмысының дұрыс жүруіне жемісті жетекшілік етті.
– Бұл кісі бір тамаша жан еді, – деп еске алады қаскелеңдік еңбек ардагері, аудандық статистика басқармасында, аудандық поштада, банк жүйесінде көп жыл қызмет істеген Смайыл Атаев. – Өз ісінің білгірі болуымен бірге, қоластындағы адамдарға жанашырлықпен, қамқорлықпен қарайтын. Мен де беделі бар, салмағы бар Якуб ағаның кезінде өзгелермен бірге қызметкерлерге арнайы соғылған үйден пәтер алдым.
Сол тұста Қаскелең ЭВМ (электронная вычислительная машина) орнатылған алғашқы жерлердің бірі еді. Атап айтуым керек, мен соның операторларының бірі болдым. Ал ЭВМ дегеніңіз қазіргі компьютерлердің арғы атасы емес пе?!
Сонымен қатар Иекең Қаскелең аудандық мемлекеттік қызметшілер кәсіподағы комитеті төрағалығының қызметін қоса атқарғанын да атап көрсеткеніміз дұрыс. Осы орайда да ол кісінің іскерлік танытқаны жұрт жадында қалды.
Якуб Жұмашев 1987 жылы аудандық жұмыспен қамту бюросы меңгерушілігіне ауыстырылған. Одан кейін аудандық еңбекпен қамту орталығының бас маманы және директордың орынбасары қызметінде істеп (1996 жылға дейін), ортақ игілікке өз үлесін қосқан ардақты адам еді.
Елеулі еңбек, қалтқысыз қызмет, адалдық, әділдік, жауапкершілік әркімге де сый-құрмет әкеледі, беделін көтеріп, абыройын арттырады десек, бұл сөзіміз марқұм Иәкеңе де қатысты. Сондықтан да ол кісі статистика саласындағы үлгілі жұмысы үшін «КСРО социалистік есеп үздігі» төсбелгісін алған. Сондай-ақ «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл ту» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бұған қоса 16 медальмен марапатталған.
Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумы грамотасының, Ұлттық бақылау комитетінің КСРО мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағы Орталық комитетінің және КСРО орталық Статистика басқармасының мақтау қағаздарының иегері атанған.
Жер бетіндегі дәм-тұзы таусылып, 1998 жылы дүние салған, Ұлы Отан соғысының ардагері Якуб Жұмашевтың туғанына 100 жыл толып отыр. «Жақсының аты өлмейді» дейді, қазекем. Ендеше, бұл кісінің де есімі ел есінде ұзақ сақталатынына дау жоқ.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
ардагер журналист.
P.S. 2019 жылы ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толуына арналған «Қарасай – қасиетті атамекен» атты мерекелік кітаптың «Ауданды асқақтатқан азаматтар» деген тарауында Якуб Жұмашевтің де өмір деректері суретімен берілген.

