Санаулы күндерден кейін Қазақстан халқы тарихы тереңде жатқан және өз алдына қайта егеменді ел болған күні – Тәуелсіздік мерекесін атап өтеді. Бұл ретте газетіміздің осы нөмірінде азаттық таңымен таласып, 1991 жылы дүниеге келіп, бірге ер жетіп, өсіп-өркендеп, бүгінде Қарасай ауданының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан азамат, Жандосов ауылдық округінің тұрғыны Сырым Ноғайбаев жайында сөз ететін боламыз.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы атанған кейіпкеріміз бүгінде аудандық әкімдіктегі мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы болып қызмет атқарады. Еңбек жолын есепші ретінде бастаған ол өзінің жауапкершілігімен, жұмысқа деген ынтасымен қазіргі заманғы табысты ұрпақтың лайықты өкілі.
Сырым Аханұлы 1991 жылдың алтыншы ақпанында Алматы облысының солтүстік-батысындағы орналасқан ақ маржан күрішімен аймаққа әйгілі Балқаш ауданына қарасты Ақкөл ауылында дүниеге келген. Ол көп балалы отбасының тұңғышы. Оның әкесі Ахан Ноғайбаев қарапайым шаруа адамы болған, мал бағып, егін өсірумен айналысқан. Ал анасы Анар Байділдаева болса ұстаздық жолын таңдап, көптеген жылдар бойы мектептерде георгафия пәнінен сабақ берген.
Кішкентайынан алғыр, тиянақты болып өскен Сырым алғашқы мектеп табалдырығын Ақкөл ауылындағы білім ордасында аттаған. Алайда 1998 жылы отбасы Қарасай ауданына қарасты Жандосов ауылына көшкендіктен, екінші сыныпқа Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясына барып, онда тоғызыншы сыныпқа дейін білім алған.
Мектеп қабырғасында жүргенде кішкентай кейіпкеріміз басқа пәндерге де жақсы болсада, дегенмен математикаға ерекше ықылас берген. Бұған оның Әлмұхамбет атасы себеп болған. Әлмұхамбет Ноғайбаев өзінің ата-бабасы секілді математикаға жақын білімді адам, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Өзінің немересіне әрдайым бар білгенін айтып, ақыл-кеңесін беріп жүрген. Осылайша, атасына ұқсаған Сырым да жастайынан математикаға жүйрік болып, есеп шығаруды жақсы көрген. Осы пәнге деген сүйіспеншілігі оның болашақ мамандығын таңдауда үлкен рөл ойнады десек те болады.
– Жалпы мен ата-әжемнің баласымын. Себебі әке-шешем үнемі жұмыста болғандықтан, нағашы әжемнің қолында өстім. Сондай-ақ кішкентайымнан бізді қарапайымдылыққа, адамгершілікке, білімге баулыған Әлмұхамбет атамның айтқанын тыңдап, оны үлгі тұттым. Оның жолын жалғап, есепке қызығушылық таныттым. Соның арқасында өзге балалар дәрігер, полиция қызметкері боламын деп армандап жүргенде мен жастайымнан есепші болуды мақсат еттім.
Алайда бұл шешімім анама ұнамады. Ол кісі менің болашақта тіс дәрігері болғанымды қалады. Біразға дейін көндіруге де тырысты. Бірақ мен өз айтқанымнан қайтпадым.
Сөйтіп, тоғызыншы сыныпты бітіре салысымен Алматы қаласында орналасқан Turan колледжіне «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығына оқуға түстім. Оны 2010 жылы аяқтаған соң, жоғарғы оқу орынның дипломын алу үшін аталған колледждің университетін таңдап, 2013 жылы жас маман болып шықтым.
Бұл саланы әрі қарай да серік етуіме өміріндегі тағы бір елеулі оқиға себеп болды. Нақты айтқанда, 2011 жылы отбасымыздың және менің тірегім әкем қайтыс болды. Әкемнің мезгілсіз ажал құшуы да оқудан кейін таңдаған бағытымнан айнымауға серпін болды, – дейді кейіпкерміз.
Сырым Ноғайбаев университетте білім алып жүріп, жұмыс істеді. Оның алғашқы ресми еңбек жолы 2011 жылы «Арафат Сауда» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басталды. Осында ол бес жылға жуық уақыт есепші болып еңбек етті.
Одан кейін бір жылдай өзінің туған жері Балқаш ауданында орналасқан «Алатау» микрокредиттік компаниясында бас есепші, екі жылға жуық Алматы қаласындағы транспорттық компанияда есепші кассир болып қызмет етті. Бірақ 2017 жылы ол өзінің өмірін өзгертетін шешім қабылдады.
– Өзім айтып өткендей, мен есепші саласына жайдан-жай келген жоқпын. Бұл менің өзімнің таңдауым еді. Алайда сегіз жылға жуық уақыт сандардан бас алмай, біреудің ақшасымен жұмыс істеп, есепші ретінде өзгелердің қаржыға байланысты қателерін тауып, біреуге жаман атану, шыны керек, маған өте ауыр тиді, жыл өткен сайын жұмыс істеу қиынға соға бастады. Нәтижесінде мамандығымды ауыстыру туралы ой келді.
Әрине, тұрақтылықты ұнататын адам ретінде бұл шешімді қабылдау маған оңай болмады. Бірақ көп ойлана келе, саламды мемлекеттік қызметке ауыстыруды жөн көрдім. Сөйтіп, 2019 жылы өзімнің кіндік қаным тамған Балқаш ауданына қайтып барып, жергілікті әкімдікке құрылыс бөлімінің бас маманы ретінде жұмысқа орналастым.
Басқа сала болса да тез үйренісіп кеттім. Есепші мамандығының көп көмегі тиді. Себебі, есепті білсең, экономиканы түсінсең, мемлекеттік қызметтегі жұмысқа үйренісу оңайлау болады екен. Оның үстіне мен үшін бұл өзгеріс осыған дейінгі күйбен тіршіліктен біраз дем алуға мүмкіндік берді, – дейді Сырым Аханұлы.
Осылайша біздің кейіпкеріміздің мемлекеттік қызметтегі жолы бастау алды. Бір жылдан кейін яғни, 2020 жылдың қазан айында ол Қарасай ауданына қарасты Бірінші Май ауылдық округінің әкімдігіне бас маман ретінде ауысып келді. Осында үш жылдай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жауапты маман болып жұмыс істеді. Округ әкімі және өзге әріптестерімен бірге күні-түні ауылдың дамуына аянбай еңбектеніп, біліктілік пен тәжірибе жинақтайды. Ал 2023 жылдың қазан айында аудандық әкімдіктің Мемлекеттік сатып алу бөліміне бас маман ретінде орналасты. Бұл лауазымда екі жылдан артық еңбек етіп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Соның арқасында 2025 жылдың мамыр айында лауазымы жоғарылап, аталған бөлімнің басшысы болып тағайындалды. Қызметінің қиындығына қарамай, өзінің жұмысына беріліп істеп жүрген ол бүгінде осы жауапты міндетті адал, абыроймен атқарып келеді.
Сабырлы мінезі, талапшылдығы және қарапайым болмысымен әріптестеріне де, айналасына да сыйлы Сырым Ноғайбаев өзінің тәуелсіздіктің құрдасы болғанын мақтан етеді. «Тәуелсіздік құрдасы болу қуаныш әрі үлкен жауапкершілік», – дейді ол сөз арасында.
– Тәуелсіздік – бұл біздің бабаларымыздың арманы. Сондықтан өмірге егемендіктің ақ таңымен бірге келгенімді мақтаныш етіп, соған сай азамат болуға тырысып келемін. Бұл мереке өмірімнің айтулы сәті. Өзімнің өзгерісімді көргенімдей туған елімнің де 34 жылдың ішінде қандай өзгерістерден өткенін де жақсы білемін. Жоғарыда айтып өткенімдей, тәуелсіздікке қол жеткізу оңайлықпен келмегені белгілі. Ол тағдырдың сын тезінен аман қалған халқымыз білектің күшімен, найзанын ұшымен күресіп жүріп аман қылдырған ата-бабамыздың, сондай-ақ 1986 жылғы боздақтардың бізге берген аманаты. Оны сақтап қалу енді біздің міндетіміз болып табылады.
Мен және менің құрдастарым «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» деген аталы сөзді естіп өскендіктен, бұл күн – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әсіресе, мемлекеттік қызметші болғалы тәуелсіздіктің құрдасымын деген ой көп нәрсеге міндеттей бастады. Қазір әр қадамыма есеп беріп, әрбір ісіме жауапкершілікпен қараймын. Себебі біз елдің ертеңі, келешек ұрпаққа өнеге көрсететіндей болуымыз керек.
Еркін, тәуелсіз елде өмір сүру адамның алаңсыз, бақытты ғұмырының кепілі болмақ. Тәуелсіздік – қастерлі ұғым. Сондықтан оның бағасын қазірдің өзіңде біліп, бағалай білгеніміз абзал, – деді Сырым Аханұлы.
Кейіпкеріміз осы уақытқа дейін жеткен барлық жетістігін Тәуелсіздіктің арқасында келген игілік дейді. Айтса айтқандай, Сырым Ноғайбаев қасиетті де қастерлі Тәуелсіздік ұғымының арқасында жыл сайын егемен елмен бірге алға қарай құлаш сермеуде. Бүгінде зайыбы Меруерт Кошимовамен бірге Аят, Аяру, Назгүл есімді сүйкімді үш баланы тәрбиелеп, өнегелі отбасы болуда. Бала тәрбиесінде де ерекше көңіл бөлген әке балаларының болашақта Тәуелсіз мемлекетіміздің белсенді азаматшалары болып ер жетсе деген арманы да асқақ екен.
Жұмыстан тыс уақытта ол бала кезінен қызыққан аң мен балық аулаумен айналысуды жақсы көреді. Сондай-ақ демалыс күні қыздарына көңіл бөліп, оларға дәмді ас әзірлеп беруді де ұнатады екен. Отбасының тұңғышы болғандықтан, артынан ерген інілері мен қарындастарына үлгі болып, ата-анасының үмітін ақтауда.
Азат елдің құрдасы болудың өзін зор құрмет, үлкен абырой деп санайтын азамат болашақта өз саласы бойынша білікті маман болудан басқа да алдына қойған мақсаттары, білгісі, үйренгісі әрі көргісі келетін нәрселері жетерлік. Олай болса келешектің кемел күндеріне қол созып, баянды болашаққа жол бастаған Қазақ елінің Тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында жүрген өзге азаматтары сынды Сырым Аханұлына да тек сәттілік тілейміз! Төл мерекеңіз құтты болсын!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

