Смартфонның санамызға сіңіп, одан бас алмай қарап отыруымыз кейінгі кезде кітапқа деген құштарлықты жойып бара жатқандай. Әсіресе, жас ұрпақтың арасында осы қылық анық байқалады. Сондықтан өскелең жастарды, оның ішінде оқушыларды рухани азық алуға тәрбиелеу мұғалімдер үшін оңайға соқпай жатқаны анық. Алайда Мерей ауылындағы А.Макаренко атындағы мектептің ұжымы бұл мәселенің шешімін табудың жолын тауып, ұтымды үрдісті дәстүрге айналдырған. Атап айтқанда, қазіргі заманда қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың шығармаларын дәріптеп, әрбір автормен жүзбе-жүз кездесуді жүйелі түрде қолға алуда.
Мектеп ұжымының жыл сайын ұйымдастырылатын кезекті жобасы биыл да тағы бір келелі кездесуге ұласты. Осыған дейін Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Танакөз Толқынқызы сияқты танымал қаламгерлер ауылға арнайы келсе, бұл жолы құрметті қонақ атану мәртебесі «бүгінгінің Бердібегі» атанған, сатирик, танымал жазушы, ақын Бейбіт Сарыбайға бұйырды.
Қадірлі мейманға арналған әдеби шара бұрынғыдан өзгерек болды. Өйткені жоғарыда атап өткен танымал адамдардың шығармашылық кештері мектептің акт залында өтсе, Бейбіт Шегебайұлына арналған рухани басқосу Мерей ауылдық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Бұл кездесуде, сондай-ақ республикалық «Ұлан» газеті редакторының орынбасары Асылан Тілеген, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева құрметті қонақтардың қатарынан табылса, одан бөлек шараға ауыл тұрғындары, аудандағы мектептердің кітапханашылары мен бір топ дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері де қатысты.
Жазушыға деген құрмет Мәдениет үйінің фойесінде басталды. Онда Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты кітабындағы көріністері қағаз бетіне бейнеленіп, осы суреттерден көрме ұйымдастырылды. Ал оқушылардың осындай ой-қиялынан туған бұл еңбектерге А.Макаренко атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Серік Жанабаев жетекшілік еткенін айта кету керек.
Рухани шараның негізгі бөлімі 250 көрерменге арналған үлкен залда өтті. Кештің шымылдығы Мемлекеттік Гимнмен түрілсе, одан кейін жазушы Бейбіт Сарыбайдың өмірдерегі мен қызмет жолынан сыр шертетін бейнематериал көрсетілді. Сондай-ақ үлкен экран арқылы мектепте жүзеге асырылып жатқан «Оқуға құштар мектеп» пен «Балалар кітапханасы» жобалары аясында атқарылған жұмыстар көрсетілді.
Бұл кештің мәні мен мағынасы жазушы Бейбіт Сарыбаймен кездесу болса, тағы бір маңызды тұсы – оның құнды шығармаларының біріне айналған «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты кітабы арқылы даңқты боксшы Бекзат Саттархановты дәріптеу, рухына тағзым ету.
20 жасында жасындай жарқ етіп, Олимп шыңын бағындырған спортшы Бекзат Сейлханұлының туғанына биыл 45 жыл толып отыр. Марқұмның құрметіне арнап әрі қазақ балалары ел мақтанышын танысын деген мақсатпен жазушы Бейбіт Сарыбай жақында «BELES» құрылыс компаниясының қолдауымен мазмұнды романды жарыққа шығарды. Бұл рухани қазына осы кешке арқау болып, сол кітаптың желісімен оқушылар сахна төрінде боксшы Бекзаттың өмірінен көрініс қойды.
Әсерлі қойылым барысында Бекзаттың анасы Сырлыкүл мен әкесі Сейілхан екеуінің Бекзаттай ұлына үміт артып, чемпион болуын армандайтын сәттері көрсетілді. Одан кейін Бекзаттың бозбала кезі, жігіттік шағы, спортқа келуі сияқты өмірінің әр кезеңінен сыр шертілді. Ал Сидней Олимпиадасында чемпион атанып, әлемге Қазақстанды танытқаны көпшілікті өте әсерлі күйге бөледі. Жұлдызы жанып, өз елін әлемге паш еткенде оның бойын мақтаныш сезімі кернеді. Өкінішке орай оның ғұмырының жұлдызы ерте сөнді. Сөйтіп, мұңлы жарық болып, ғайыпқа айналды.
Боксшы жайлы жоғарыда атап өткен өмірінен өрнектелген жарқын әрі сүреңсіз сәттердің бәрі А.Макаренко атындағы орта мектептің білім алушы өнерпаздары әдемі сахналады. Жиналған көпшілік керемет күйге бөленіп, ризашылықтарын қошеметтерімен білдіріп жатты. Ал романның авторы Бейбіт Сарыбай осы қойылымнан кейін аталған білім ошағының жас боксшыларымен естелік суретке түсіп, ақ тілегін арнады.
Расымен, оралмас сапарға аттанған Бекзаттың есімі де, өмірлік және жетістік жолдары да бүгінгі таңда аңызға айналды. Жарқын жеңістері ел ауызында жатталып, оны бүкіл қазақ танысын деген мақсатта спорттық нысандар мен көшелерге есімі берілуде. Рухани шаралар да ұдайы ұйымдастырылып, сәтті жобалар жүзеге асуда. Соның бір айқын дәлелі ретінде біз сөз етіп отырған А.Макаренко атындағы орта мектептің директоры Гүлбану Бейсембайқызының бастамасымен ұйымдастырылған осы кешті айтуға болады. Ал мұндай басқосу арқылы оқырман қауымның санасына сілкініс сыйлаған жазушы Бейбіт Сарыбайдың құрметті қонақ болуы кештің ажарын одан сайын айшықтай түскендей.
Шараның бел ортасы жазушы Бейбіт Шегебайұлымен емен-жарқын әңгімелесуге ұласты. Қаламгермен сұқбат алаңында мектептің жас ұстазы Мадина Бошқайқызы мен оның Әлихан, Інжу атты шәкірттері Бейбіт Сарыбаймен тілдесті. Көкейлеріндегі сан түрлі сауалдарын қойып, оған толымды жауап ала білді. Одан бөлек залдағы көрермендер де құрметті қонаққа сұрақтарын жолдап қана қоймай, ізгі тілектерін білдіріп жатты.
Бұл кеште қонақ кәде дәстүрі де ұмыт қалмады. Бейбіт Шегебайұлы өзінің ақындық жолға қалай келгенін баяндай келе, қаламынан туған мағынаға толы, әзіл-шыны араласқан жыр-шумақтарын оқып берді. Сонымен қатар Бекзат Саттарханов жайлы кітап жазу ойына қалай келгенін түсіндірді. Айтуынша, ол көптен бері балаларға арналған қаһарман кейіпкер туралы туындыны жарыққа шығарғысы келген. Бірақ шабыт келмей, кім немесе не жайында әңгіме таппай жүрген. Сөйтіп жүргенде, досы, «Beles» компаниясының басшысы Махат Төрәлімен ойда-жоқта кездесіп қалған. Кәсіпкер досы астанадан Бекзат Саттархановқа арнап спорт кешенінін салып жатқанын айтып, енді боксшы жайлы кітап жазуды қолға алуын ұсыныпты. Осылайша спортшының өмірін зерттеп, туған жері – Түркістан қаласына арнайы барып, марқұмның анасымен бірнеше күн сырласқан. Толымды дүниені қағаз бетіне түсіріп, 224 беттен тұратын рухани құндылықты жарыққа шығарған екен.
Кештің соңына таман Ұмтыл ауылдық округі Мәдениет үйінің ұжымы тарапынан да Бейбіт Сарыбайға құрмет көрсетілді. Алдымен мекеменің кітапханашысы Гүлім Базарбаева жазушыға арнаған өлеңін оқып, «Бекзат. Шаршы алаңннан тыс» атты кітабынан алған әсерін бөлісті. Одан кейін Мәдениет үйінің әдіскері Жазира Данибекова сөз сөйлеп, мекеме басшысы Мурал Әкімнің ыстық ықыласын жеткізіп, өзінің де қадірлі мейманға деген жылы лебізін білдіріп, Мәдениет үйінің және А.Макаренко атындағы мектептің атынан сый-сияпат табыс етті.
Сонымен қатар ақжарма ақтілектің легін Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызы да жалғастырып, жазушының шығармаларын жоғары бағалап, арнайы уақыт бөліп, Қарасай жеріне келгеніне алғысын білдірді.
Ал мектеп директоры Гүлбану Бердібекова ұжымның атынан Бейбіт Шегебайұлына ризашылығын білдіріп, осы шараға қолдау танытқан әріптестеріне риясыз рақметін айтты. Сондай-ақ мектеп басшысы қаламгерлер кездесуінде қалыптасқан дәстүр бойынша мектептің «Тілек кітапшасын» жазушыға ұсынып, ізгі ниетін жазып қалдыруын сұрады. Бейбіт Сарыбай оған қуана келісіп, әдеби кешке қатысты орамды ой-пікірін ортаға салды. Ол өз сөзінде рухани шараға арнайы шақырып, оның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мектеп ұжымының елеулі еңбегін ерекше атап өтті..
Шараның соңы естелік суретке түсумен және сиясы кеппеген жаңа кітабына қолтаңба берумен аяқталды. Ал біз өз тарапымыздан жазушымен сұқбаттасудың ретін тауып, кешке қатысты ойын білуге тырыстық.
– Бұған дейін де талай кездесуде болдым. Университеттерде, колледждерде және мектептерде оқырман қауыммен сырласу болған. Десе де бұл шара соның ішінде ең ерекшесі. Өйткені мұғалімдер мен оқушылардың дайындықтары көрініп тұр. Үлкен күш жұмсалғаны да байқалуда.
Жалпы кітапты оқыған жандармен кездескенде оның өте әсерлі болатынын түсінесің. Менің осы кітабымды мектеп ұжымы болып оқып, оны талдап, терең түсініп, аса бір ыждаһаттылықпен дайындалғаны осы шараның мән-мағынасын ашып тұрғандай. Тіпті, ауылдық Мәдениет үйінде өткізуінің өзі аудандық емес, облыстық деңгейде өткендей ерекше әсер береді. Сондықтан мектеп басшылығынан бастап ұстаздар қауымынан алғыстан басқа айтарым жоқ. Бұл шара Бекзат Саттархановтың биыл 45 жылдығы аясында оның рухына арналған ерекше сый деп білемін. Оның аруағы разы болсын, – деп жазушы, сатирик Бейбіт Сарыбай пікір білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

