Әрбір баланың бойында уақыт өте келе үлкен арманға, айқын мақсатқа және толағай жетістікке ұласатын ерекше қабілет пен табиғи дарын бар. Сондықтан өскелең ұрпақтың бос уақытын мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыру, әр жеткіншектің бойындағы шығармашылық әлеует пен спортқа бейімділікті дер кезінде байқап, дамыту – бүгінгі қоғам мен ата-ана алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Осы игі мақсатта елімізде іске қосылған «ArtSport» бағдарламасы бүгінде мыңдаған балаға қосымша білім мен спортты қолжетімді етіп, тегін үйірмелер мен спорт секцияларына қатысуға кең жол ашып отыр. Бұл бастама әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әр баланың өзін танытуына, жаңа ортада шыңдалуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына тың серпін берді.
Жақында біз «ArtSportEdu» қауымдастығының мүшесі, аудан бойынша бағдарлама кураторы Әсел Жылқыбаевамен арнайы кездесіп, аталған жобаның Қарасай ауданындағы жүзеге асу барысы, жаңартылған ережелері мен талаптары, сондай-ақ жас өрендердің түрлі байқаулар мен жарыстардағы толағай табыстары туралы кеңінен сұқбаттасқан едік.
– Әсел Амангелдіқызы, әңгімемізді бүгінде көптеген баланың шығармашылық және спорт саласындағы қабілетін ұштауға септігін тигізіп отырған «ArtSport» бағдарламасының мән-маңызынан бастасақ.
– Жалпы, «ArtSport» бағдарламасы елімізде 2021 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба республика бойынша 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге спортпен шұғылданып, шығармашылықпен тегін айналысуға зор мүмкіндік сыйлады. Бағдарлама «жан басына шаққандағы қаржыландыру» қағидаты негізінде жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет баланың таңдаған үйірмесіне кететін шығынды жеке кәсіпкерлерге, яғни қызмет көрсетушілерге арнайы ваучер арқылы тікелей өтеп береді. Бұған дейінгі ереже бойынша бір бала бір мезетте 2 тегін ваучерге ие бола алатын еді. Мәселен, бір спорт секциясы мен бір шығармашылық үйірмеге қатар қатысуға мүмкіндік берілді.
Бағдарлама аясында балаларға таңдау өте кең. Мұнда футбол, күрес түрлері, бокс, таэквондо, жүзу, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, көркем гимнастика секілді 70-тен астам спорт түрі қамтылған. Сонымен қатар домбыра, қобыз, фортепиано, вокал, хореография, бейнелеу өнері, қолөнер, актерлік шеберлік және заманауи робототехника сияқты 50-ден астам шығармашылық бағыт бар. Ең бастысы, бұл жоба әлеуметтік жағдайына қарамастан, ақылы үйірмелерге баруға мүмкіндігі жоқ, бірақ талабы зор балалардың арманына қанат бітіріп отыр.
– Енді өзіміздің Қарасай ауданына ойыссақ. Бүгінде аталған бағдарлама ауданымызда қандай деңгейде жүзеге асуда? Сандық көрсеткіштер не дейді?
– 2026 жылғы қараша айындағы ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қарасай ауданында спорт бағыты бойынша 29 орталық, ал шығармашылық бағытта 23 қызмет жеткізуші тұрақты жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда осы орталықтарда ауданымыздың 3 926 баласы тегін білім алып, шеберліктерін шыңдауда. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, осыдан екі жыл бұрын бағдарлама 6 мыңға жуық баланы қамтыған болатын. Уақыт өте келе қатысушылар саны шамамен 2 мыңға азайды. Бұл қаржыландыру тетіктерінің оңтайландырылуымен және жүйедегі жаңа реформалармен тікелей байланысты.
– Осы ретте көпшілік ата-ананы толғандырып жүрген «Бір балаға – бір ваучер» жүйесінің жай-жапсарына тоқталсаңыз. Жаңа тетік қалай жұмыс істейді?
– Бағдарлама іске қосылған күннен бастап қаржыландыру, өтінім қабылдау және үйірмеге жазылу тәртібі кезең-кезеңімен жетілдіріліп, өзгеріп келеді. Мәселен, бұрындары бір бала мектептегі факультативке қатысып әрі спорт немесе өнер мектебінде жаттығып, оған қоса «ArtSport» арқылы екі үйірмеге бірдей бара алатын. Бұл қызметтер әртүрлі мекемелер мен бөлек-бөлек бюджеттік тетіктер арқылы қаржыландырылып келді.
Қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірінде спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелерді және қосымша білім беру сабақтарын бірыңғай мемлекеттік тапсырысқа біріктіретін жаңа цифрлық ваучер жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр.
«Бір балаға – бір ваучер» қағидаты бойынша ата-ана осы бірыңғай тапсырыс аясында баласына тек бір ғана бағытты таңдай алады. Ол спорт секциясы, шығармашылық үйірме немесе қосымша білім беру курсы болуы мүмкін. Бұл реформаның басты мақсаты – бөлінген бюджет қаражатын әділ үлестіріп, мүмкіндігінше көбірек баланы тегін қосымша біліммен қамту. Әрине, ваучердің берілуі әр өңірдегі қаржыландыру көлеміне, орталықтардағы бос орындарға және электронды кезек тәртібіне тікелей байланысты.
– Бір кездері қаражат тапшылығына байланысты уақытша тоқтап қалған бағдарламаның қайта жанданып, өз жемісін бере бастағаны қуантады. Ауданымыздағы осы үйірмелерге қатысып, бәйгелерде топ жарып жүрген жас спортшылар мен өнерпаздардың жетістіктері қандай?
– Әлбетте, біздің ауданда осы жобаның арқасында шыңдалып, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген дарынды балалар жетерлік.
Алдымен спорт саласына тоқталсам, Қарасай ауданының жас боксшылары облыс біріншіліктерінде, республикалық турнирлер мен Қазақстан чемпионатында олжа салып жүр. Атап айтқанда, спорт шеберлігіне кандидат дәрежесін қорғаған алты бірдей жас былғары қолғап шеберімізді ерекше мақтан тұтамыз. Олар –Алматы облысының екі дүркін чемпионы Бектөре Баққонар (2012 ж.т.), Алматы облысының үш дүркін жеңімпазы, ҚР чемпионатының қола жүлдегері және бірнеше республикалық турнирдің жеңімпазы Жібекжан Серікқали, Алматы облысының чемпионы әрі республикалық турнир жеңімпазы Алмаз Сағынғали, сондай-ақ осындай биік белестерді бағындырған Жандарбек Абат, облыс чемпионатының күміс жүлдегері Алпамыс Альбертов және Алматы облысының чемпионы, ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Аният Тілеужан. Бұл балалар – ауданымыздың болашақ чемпиондары.
Шығармашылық бағыттағы жетістіктеріміз де көңіл қуантады. Мәселен, Исаев ауылындағы «Арнұр саз орталығы» жеке кәсіпкерлігінің «Мұрагер» ансамблі «Біз бақытты баламыз» республикалық байқауында Бас жүлде мен І орынды қанжығасына байлады. Жетекшісі Гүлназ Изекенова баптаған Әмина Жақсыбек, Аяна Махмұд, Шайзар Алматұлы, Дидар Сағидолла, Айсұлтан Ырым, Ескелді Нақытбек, Жансая Азат, Әли Жиенқожа, Үміт Реимжан және Көркемай Мәжит есімді жас өнерпаздар үлкен сахнада өнерлерімен көрерменді тәнті етті.
Сонымен қатар «Бақытты бала» спорт және өнер орталығының жас домбырашылары халықаралық деңгейдегі додаларда төрт бірдей бірінші орын мен бір Гран-при иеленді. Атап айтсақ, орталықтың «Мұрагер» домбырашылар ансамблі Қырғызстан Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен өткен халықаралық байқауда, сондай-ақ «Керуен – 2025» және «Бала шабыты» халықаралық конкурстарында І орынды иеленді. Бұдан бөлек, елордамыз Астанада ұйымдастырылған «Astana Stars» V халықаралық «Arte Italiana» байқау-фестивалінде бас жүлде – Гран-приді жеңіп алды. Ал осы орталықтың «Ер Тұран» домбырашылар дуэті «Самғау» халықаралық өнер байқауының «Аспапта ойнау» жанры бойынша І орыннан көрінді. Қос ұжымның да жетекшісі – білікті ұстаз Әлия Шарафединова.
Тағы бір айта кетерлік зор қуаныш – «OBRAIN» балаларды дамыту орталығының «Кербез би» ансамблі Қырғызстанның Ыстықкөл жағалауында өткен «Culture of the People of the World – 2026» халықаралық байқауында топ жарып, І орын иеленді. Сегіз мемлекеттің өнер ұжымдары бақ сынаған дүбірлі додада қыздарымыз қазақ биін нақышына келтіре орындап, келесі кезеңге жолдама алды. Енді «Кербез би» ансамблі Қазақстанның атынан Түркия елінде өнер көрсетпек.
Қорыта айтқанда, Қарасай ауданы үшін бұл жүйенің басты нәтижесі – қанша баланың тегін үйірмеге қол жеткізгенімен және олардың қала мен шалғай ауылдардағы отбасыларға қаншалықты тиімді болғанымен өлшенеді. Жас боксшыларымыздың ел біріншілігіндегі жүлделері мен өнерпаздарымыздың халықаралық сахнадағы жарқын жеңістері – баланың өз үйінің жанында, білікті бапкер мен ұстаздан тұрақты тәлім алуының жемісі.
– Мазмұнды сұқбатыңызға рақмет! Ауданымыздың жас өрендері алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берсін!
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

