Елдің экономикасына әсер беретін, дамуына ықпал ететін, жетекші саланың бірі – құрылыс. Егер оның өсіп-өркендеуінде қарқын болмаса, басқасының биікке өрлеуі қиын болады. Сондықтан құрылыстың әлеуеті кез келген жағдайда маңызды.
Бұл бағыттағы нәрлі нәтижелер соңғы жылдары Алматы облысында айқын байқалады. Оның ішінде, әрине, Қарасай жерінде «мен мұндалап тұрған» назардағы нысандардың қатары жетерлік. Әлі де жақсы жаңалықпен сүйіншілеуге дайын тұрған жобалар да бар. Сондықтан аталған сала ауданымызда кенжелеп тұр деуге ауыз бармайды. Керісінше, жыл өткен сайын заман талабымен жарысқан, әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар толып жатыр.
Осындай ілкімді істерге бір шолу жасау мақсатында жақында Қарасай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бақытжан Машраппен әңгімелесудің сәті түсті.
– Бақытжан Абутурапұлы, Қарасай ауданы бойынша соңғы уақытта құрылыс қарқыны қалай белең алуда? Облыс көлемінде осы саладағы көрсеткішке жалпылама тоқталып өте аласыз ба?
– Құрылыс қарқынының жағдайына нақты баға беру қиындау. Атқарылған жұмыстардың бәрін халық өзі сараптай жатар. Десе де, анық деректерге сүйеніп, көрсеткіштерге көз тастауға болады.
Қарасай ауданы бойынша 2026 жылы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 71,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5 млрд теңгеге артық екенді білдіреді. Атап айтқанда, 2025 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 60,7 млрд теңгені құраған.
Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 17,3%-ға өсті. Бұл статистика Қарасай ауданында құрылыс қарқынының оң динамикасын көрсетеді.
– Жақсы нәтиже екен. Келесі сауалымды басқа саламен байланыстырып қойғым келеді.
Өзіңіз білетіндей, соңғы уақытта тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында тұрғын үйлер берілуде. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай? Мұндай баспаналар ауданымыздың қай жерлерінде салынып жатыр? Сондай-ақ тұрғын үйлерді нақты осы елді мекендерде салудың себебі неде?
– Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қарасай ауданында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 2023 жылы – 30 пәтер, 2024 жылы – 202 пәтер, 2025 жылы – 251 пәтер сатып алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.
Ал 2026 жылы аталған бағытта барлығы 400 пәтер сатып алу жоспарлануда. Бүгінгі таңда жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтерлер сатып алу көзделген. Атап айтқанда, Қаскелең қаласында «Арнау» шағын ауданынан, Елтай ауылында екі қабатты таунхаус үлгісіндегі тұрғын үйлерден және Береке ауылынан.
Сонымен қатар аудандық құрылыс бөлімі тарапынан Әйтей ауылдық округіндегі «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінің 120 пәтеріне арналған инженерлік желілерді тарту және аумағын абаттандыру жұмыстарының IV кезеңі толық аяқталды. Аталған жұмыстардың мердігер мекемесі – «КазГрандСервис» ЖШС.
Ал тұрғын үйлердің аталған елді мекендерде орналасуының негізгі себебіне тоқталар болсақ, бұл аумақтарда жеке инвесторлар тарапынан тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуі, сондай-ақ аудан халқының өсуі мен тұрғын үйге деген сұраныстың артуы негіз болып отыр.
Осыған байланысты жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтерлер сатып алу арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту және олардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту көзделіп отыр.
– Бақытжан мырза, енді аудан аумағындағы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар жайында сөз етсек. Осы уақытқа дейін қандай әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тағы нешеуі жоспарлануда? Әрбіріне кеңірек тоқталып өтсеңіз…
– 2025 жылы бірқатар әлеуметтік маңызы бар медициналық нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Абай және Үштерек ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың, Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары толық аяқталды.
Одан бөлек Жібек жолы ауылында 200 орынға арналған Мәдениет үйі салынып, осы жылдың тамыз айында қолданысқа берілді.
Алдағы уақытта аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында бірқатар ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Нақты айтар болсақ, Қаскелең қаласында 200 төсек-орынға және ауысымына 100 келушіге арналған перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2026 жылғы 12 ақпанда алынған. Құрылыстың жалпы сметалық құны – 53,5 млрд теңге. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен қажетті қаражат толық көлемде бөлінді. Тапсырыс беруші – Алматы облысының құрылыс басқармасы. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемемен бір көзден шарт жасасу үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тиісті қаулысы күтілуде.
Келесі жобамыз – Қаскелең қаласындағы инфекциялық аурухананы сейсмикалық күшейту арқылы реконструкциялау және қосымша бөлімше ғимаратын салу. Жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2026 жылғы 7 шілдеде алынған. Құрылыстың жалпы сметалық құны – 9,3 млрд теңге. Республикалық бюджеттен қажетті қаражат толық көлемде бөлінген. Оның да тапсырыс берушісі – Алматы облысының құрылыс басқармасы. Қазіргі уақытта мердігер мекемемен бір көзден шарт жасасу үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тиісті қаулысы күтілуде.
Сонымен қатар Қаскелең қаласында ауысымына 500 келушіге арналған емханасы бар көпбейінді аурухана құрылысы жүргізіледі. Жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2026 жылғы 8 маусымда алынған. Құрылыстың жалпы сметалық құны – 27,5 млрд теңге. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінбеген. Жобаны 2027 жылы іске асыру жоспарлануда.
Медициналық мекеменің тағы бірі Жібек жолы ауылдық округіне салыну көзделуде. Анығын айтқанда, Көлащы ауылында ауысымына 300 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының құрылысы. Бұл жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2025 жылғы 20 мамырда алынған. Құрылыстың жалпы сметалық құны 3,6 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда қаржы бөлінбеген, жобаны 2027 жылы іске асыру жоспарлануда.
Тағы бір айта кететін жайт, ауданның бірқатар ауылдарында медициналық нысандардың тапшылығы мәселесі бар екені белгілі. Мәселен, Бекболат және Ұлан ауылдарындағы амбулаториялар 1974 жылы салынғандықтан, қазіргі уақытта ғимараттар күрделі жөндеуге жарамсыз күйде. Ал Шалқар және Қайнар ауылдарындағы медициналық нысандар жалға алынған ғимараттарда орналасқан. Аталған нысандардың ғимараттары қазіргі заманғы талаптар мен медициналық стандарттарға сәйкес келмейді.Осыған байланысты Бекболат, Ұлан, Шалқар және Қайнар ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар салу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленген. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 2,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданған. Алайда бүгінгі күнге дейін тиісті қаржы бөлінген жоқ.
Әрине, аталған жобалардың іске асқаны жақсы. Бұл дегеніміз аудан тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға және ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
– Бақытжан Абутурапұлы, Президент биылғы Жолдауында айтып өткен «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ауданның құрылыс саласын дамытуға қаншалықты серпін бермек? Жалпы бұл бастама жайлы ойыңыз қандай?
– «Халықтық құрылыс» бағдарламасының ауданның құрылыс саласына ықпалын бағалағанда, ең алдымен оның жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік нысандарды көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосатын үлесіне назар аудару қажет.
Меніңше, бұл бастаманың негізгі маңызы құрылысты тек ғимараттар салумен шектемей, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін құрал ретінде қарастыруында. Алайда оның нақты нәтижесі бөлінетін қаржының көлеміне, жобалардың дұрыс таңдалуына және құрылыс жұмыстарының сапасына байланысты болады.
Ал ауданға беретін негізгі серпінін бірнеше бағытта қарастыруға болады. Біріншіден, әлеуметтік инфрақұрылым жаңарады. Мектептер, медициналық мекемелер, спорт кешендері, мәдениет үйлері салынып, қолданыстағы нысандар жөнделуі мүмкін. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы қызметтерге қол жеткізуіне жағдай жасайды.
Екіншіден, жергілікті құрылыс саласы жанданады. Құрылыс жұмыстарына аудандық мердігерлерді, шағын және орта бизнесті тарту арқылы жергілікті кәсіпорындардың дамуына мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Үшіншіден, жұмыс орындары ашылады. Құрылысшылар, инженерлер, сәулетшілер, дәнекерлеушілер, жүргізушілер және басқа да мамандарға сұраныс артады.
Төртіншіден, коммуналдық инфрақұрылым жақсарады. Ауызсу, газ, жол және инженерлік желілерді жаңарту ауылдардың дамуына, тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етеді.
Бесіншіден, тұрғын үй құрылысына серпін беріледі. Бұл, әсіресе, жас отбасылар мен әлеуметтік осал топтардың баспана мәселесін шешуге көмектеседі деген ойдамын.
Сондай-ақ Президенттің биылғы Жолдауында 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделгені айтылды. Алғашқы кезеңде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын және білім, спорт, мәдениет салаларында 50-ге жуық нысанды салу жоспарланған. Бұл да құрылыс саласында жақсы жаңалықтардың орын алуына септігін тигізеді деп ойлаймын.
– Бақытжан мырза, ендігі сауалымды жақын уақытта аяқталатын жобалармен байланыстырсам деп едім. Таяуда ел игілігіне берілетін сондай нысандар бар? Олардың халық үшін маңыздылығы қандай?
– Қазіргі таңда Әйтей ауылында 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Аталған нысанды жақын уақытта аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан болмақ. Оның пайдалануға берілуі тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыруға, шығармашылық үйірмелердің жұмысын дамытуға, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар мен мерекелік жиындарды өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және жас ұрпақтың өнер мен мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға жағдай жасалады.
– Алдағы уақытта қандай басқа да салаларға қатысты нысандардың бой көтеруі жоспарлануда? Мерзімдері қандай?
– Алдағы кезеңде Қарасай ауданында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2027 жылы тиісті қаржы бөлінген жағдайда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында жаңа нысандардың құрылысын жүргізу, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу көзделген.
Білім беру саласындағы басты міндеттердің бірі – аудан халқының өсуіне байланысты мектептердегі орын тапшылығын азайту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта 2027 жылы қажетті қаржы бөлінген жағдайда Қаскелең қаласының оңтүстік бөлігінде және Шамалған, Қырғауылды, Қошмамбет, Жібек жолы, Береке, Кемертоған, Қаратөбе, сондай-ақ Ұмтыл ауылының 19-шақырымдық саяжай аумағында жаңа мектептер салу жоспарлануда.
Одан бөлек қолданыстағы мектептердің оқушы сыйымдылығын арттыру мақсатында Бекболат ауылындағы Қапал батыр атындағы, Мерей ауылындағы А.Макаренко атындағы, Көксай ауылындағы М.Мәметова атындағы, Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептерге қосымша ғимараттар салу жоспарлануда.
Бұл аталғандардан басқа аудан мектептерінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Денсаулық сақтау саласына тоқталар болсақ, бұл бағытта ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа медициналық нысандар салу және қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту жоспарлануда. Атап айтқанда, Қайнар, Бекболат, Шалқар және Ұлан ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар, Көлащы ауылында ауысымына 300 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығын, Қаскелең қаласында ауысымына 500 келушіге арналған емханасы бар көпбейінді аурухана, Жібек жолы ауылында 100 төсек-орындық ауылдық аурухана мен 150 келушіге арналған емхана, Бұлақты, Көкөзек, Еңбекші, Кемертоған, Көктөған, Қолды, Исаев және Жармұхамбет ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Тұрар ауылында алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығын, Қошмамбет ауылындағы амбулаторияға қосымша ғимарат, Қайрат ауылында медициналық мекеменің болмауына байланысты блокты-модульдік кешен салу көзделуде.
Сонымен қатар Әйтей ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны қайта жөндеу, Жамбыл ауылындағы амбулаторияны қайта жаңғырту, Шамалған және Береке ауылдарындағы амбулаторияларға күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.
Мәдениет саласында да жоспарлы жұмыстар бар. Мәселен, Жандосов ауылында 200 орындық Мәдениет үйін салу басты назарда. Одан бөлек Жамбыл, Алмалыбақ ауылдарында Мәдениет үйлерін бой көтеру жоспарланған. Сонымен қатар халықтың талай талқысына түскен Бекболат ауылындағы Мәдениет үйіне, Іргелі ауылындағы ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу көзделсе, Абай ауылындағы Мәдениет үйін сатып алу да жоспарлы жұмыстардың қатарында бар.
Ал Қаскелең қаласындағы аудандық Мәдениет үйіне келер болсақ, оны ағымдағы жөндеу өткізсек деген ойымыз бар.
Спорт саласын да ұмытуға болмайды. Бұқаралық спортты дамыту және жастардың онымен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында Көкөзек, Жібек жолы ауылдарында стадион салу жоспарда тұр. Тұрар, Береке және Мерей ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу тағы бар. Сонымен қатар Әйтей ауылында жаңа стадион салу жобасының құжаттамасын әзірлеу және Қошмамбет ауылы мен Қаскелең қаласында стадион салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жоспарлануда.
– Мұндай жұмыстардың бәрі жүзеге асса, шынымен, халық үшін қуанышты жаңалыққа айналар еді. Ақпаратыңызға көп рақмет. Ауданның ахуалын арттыратын жобалардың қай-қайсысы болса да нәтижелі болсын деген тілектеміз. Еңбектеріңіз табысты болсын!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

