Осы аптада Шамалған ауылында орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Ортақ құндылықтар – этносаралық бірлік жолында» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған басқосуға аудандық ақсақалдар және аналар алқаларының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ұрпақтар сабақтастығын нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы өзара сыйластық пен түсіністікті арттыру, сондай-ақ этносаралық татулық пен береке-бірлікті сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Шараға қатысушылар ортақ құндылықтарды кеңінен насихаттап, қоғамдық келісімді одан әрі бекемдеу бағытында өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ алқалы жиында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Илимдар Камилов пен Қарасай аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Азиза Наимбаева сөз сөйлеп, ел бірлігін сақтаудағы этносаралық келісім мен отбасы тәрбиесінің айрықша маңызына тоқталды.
Іс-шара соңында қоғамдық келісім мен татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа Қарасай ауданы әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табысталды.
Өз тілшіміз.

