Ел Президенті бастамашыл болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Қарасай жерінде әр сенбіде лайықты түрде насихатталып, айналаны көріктендіру жұмыстары дәстүрлі түрде атқарылуда.
Осындай игі істер өткен аптада Іргелі мен Жібек жолы ауылдық округтерінде жүзеге асырылды. Экошараға белсенділік танытқандар «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің маңындағы «Nomad International School» мектебінде және Тұрар ауылында ағаш отырғызып, айналаны тазартуға өз үлестерін қосты.
Екі ауылдық округте өткен шараға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек арнайы қатысты. Сонымен қатар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар мен ауыл тұрғындары да белсене қатысып, ауданның жасыл желегін жайқалтуға бір кісідей атсалысты.
«Таза Қазақстан» акциясы барысында аудан бойынша 130 түп терек және 60 түп бельгиялық шырша ағашы отырғызылды. Одан бөлек көшелер мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары жүргізілді.
Жалпы алғанда, аудандық деңгейдегі аталған экологиялық шараларға 400-ден астам адам қатысып, ауданның көркейіп, экологиялық ахуалының жақсаруына себепші болды.
Ал аудандық әкімдік тарапы әрдайым осындай ортақ игі іске белсене қатысуға шақырады. Мұндағы басты мақсат – ауданның тазалық мәдениетін қалыптастырып, экоахуалды жақсарту және жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Ауызбіршілік пен табандылықты ұштастырған осындай бірлескен жұмыстар өнегелі бастама болары анық. Бұлардың қатары жалғаса береді деген үміттеміз. Табиғатты аялау – әрбіріміздің борышымыз.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
