Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саягүл Шантабаева Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мәртебелі мемлекеттік награданы оған ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов өз қолымен табыстады.
Нақтырақ айтқанда, осы айдың 29-ы күні елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы болады. Осыған байланысты аптаның дүйсенбісі күні Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Алматы облыстық аумақтық және округтік сайлау комиссия мүшелерінің қатысуымен ауқымды жиын өтті. Оның барысында алдағы мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жиында ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов қоғамдық-саяси науқандарды ұйымдастыруға белсенді атсалысып жүрген бірқатар мамандарға мемлекеттік награда табыстады. Марапатталғандардың қатарында Шамалған ауылындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саягүл Шантабаева да болды.
Білім беру саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан білікті ұстаз негізгі қызметімен қатар, Шамалған мектебіндегі учаскелік сайлау комиссиясының құрамында еліміздегі маңызды саяси науқандардың жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосып келеді. Комиссиядағы жұмысын хатшылықтан бастаған ұстаз бүгінде төрағалық міндетті абыроймен атқаруда. Таяуда оның осы көпжылдық еселі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Саягүл Сейдағұлқызы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнаған Саягүл Сейдағұлқызы – өз мамандығына шын берілген, ісіне тиянақты нағыз кәсіпқой. Ол еңбек жолын 1990 жылы бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Алғашқы күннен-ақ бала жанын терең түсіне білетін мейірімділігімен, ізденімпаздығымен және жоғары жауапкершілігімен көзге түсті. Жас бүлдіршіндердің әліппе танып, үлкен өмірге алғашқы қадам басуына жетекшілік ете жүріп, педагогикалық шеберлігін шыңдады.
Жұмысына деген адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланған ұстаз 2009 жылы Шамалған ауылындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Содан бергі 17 жылға жуық уақыт ішінде осы жауапты қызметті мінсіз атқарып келеді.
Айта кетейік, 30 жылға жуық ұстаздық өтілі бар білікті мұғалімнің көпжылдық қажырлы еңбегі бұған дейін де талай мәрте еленіп, жоғары бағаланған болатын. Атап айтқанда, ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Алматы облысы білім басқармасының, облыстық полиция департаментінің және аудандық Отбасын қолдау орталығының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болған.
Бұл марапаттар – оның тек мектеп қабырғасында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенділік танытып, жасөспірімдер тәрбиесіне кешенді түрде үлес қосып жүргенінің айқын дәлелі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

