Үмбетәлі Кәрібаевтың қолына домбыра ұстап, өлең-жыр айтып, ауыл арасындағы ойын-сауық, той-думанға қатысуы он екі-он үш жасында басталған. Оның бұл жолдағы тұңғыш ұстазы Жамбыл болыпты. Үмбетәлінің көзін көрген зертетуші-ғалымдардың естелігіне сүйенсек, «Он екі-он үш жасымда мен Жамбылды көрдім, — дейді Үмбетәлі, — бұл жәкеңді тұңғыш көруім еді. Мен келгенде ол кісі қаумалаған халықтың ортасында өлең айтып отыр екен. Менің қайран қалғаным: Жамбыл өлең айтқанда тіпті іркілмейді екен. Емін-еркін көсіле, өктем сөйлейді екен. Жәкеңнің жырын естуім өмірде ұмытылмайтын ерекше оқиға болды. Тегінде менің бойымдағы ақындық сезімді оятқан да осы кездесу-ау деймін», — деп ұстазын еске алып, айтып жүрген екен. Үмбетәлі Жамбылды 1913 жылы Верный қаласында да кездестірген.
Ұлы Октябрь революциясынан кейін елімізде Үмбетәлі сияқты халық ақындарының таланты жаңғырып қайта түледі. Ақынның ой-өрісі, дүниетанымы өсті. Жырлайтын тақырыбының алып-аясы кеңейді. Әсіресе, қазақ кедейлерінің құлдықтан, қанаушылықтан құтылып, бақытты социалистік өмір құруы, олардың азат еңбекке белсене араласуы Үмбетәлі сияқты ақындардың шабытына шабыт қосты.
Ақын өзінің шығармаларын ауыл-ауылды аралап жүріп, жатқа айтып таратты. Ол ұстазы Жамбылдан ғана үлгі алып үйреніп қоймай, өзімен замандас Нұрпейіс, Иса, Қалқа, Нартай, Нұрлыбек сияқты ақындармен талай рет сөз сайысына түсіп, олардан да үнемі үйренумен болды. Оның бер жағында Үмбетәлі біздің тұсымыздағы жазба ақын-жазушылардың идеялық-көркемдік, творчестволық ықпалын да жақсы қабыл алып өсті. Оның домбырамен жатқа айтқан өлең-жырларын жас ақындар қағазға түсіріп, баспа бетіне шығуына көмектесті.
Ақын соңғы жылдары өзі туып-өскен Алматы облысы, Жамбыл ауданының Киров (қазіргі Үмбетәлі ауылы) атындағы колхозында тұрды. Сол шаруашылықтың табысы қандай, озаттары кімдер, жұмысында қандай кемістіктер кездеседі – міне, осылардың барлығын бірде толғау, бірде нақыл айту түрінде жырласа, енді бірде өзі көріп-сезген кемшіліктерді күлкі ете отырып, оны аяусыз әжуалап әшкерелеп отырды.
Үмбетәлі колхозды ауылдағы нағыз үгітші, насихатшы ақын болған. Ол Ұлы Октябрь туралы, тыңға аттанған жастар хақында халықтар достығы, ерлік, батырлық, бейбітшілік, әйел теңдігі жайында көптеген өлең-жырлар шығарды.
Айталық:
Тыңдады теңіз толқып, қайық қалқып,
Барлық ұлт, барлық адам тұрды балқып.
Аты мен партияның айтылған жыр,
Кең орап, жерімізді жатыр шалқып, — деген өлең жолдарында еңбекпен ер жеткен ел қуанышы жырланған.
Ақынның табиғат сырларын сипаттайтын «Ендігі дала», «Алатау асқарынан», «Жазғы егіс туралы», «Жайраңдап, міне, жаз келді», «Жаңа жыл» сияқты өлең-жырлары мол. Мұның бәрінде де ақын табиғат тынысы мен ел байлығын қабыстыра суреттейді.
Үмбетәлі суырып салма, саңлақ ақын ғана емес, бұрын-соңды халық поэзиясының мол үлгілерін жаттап айтушы, есіне сақтап орындаушы, үлкен жыршы да болған. Ол Жамбыл, Кенен сияқты белгілі ақындардың сөздерінен бұрынғы дастан-ертегілерден көп нұсқаларды білетін. Бақтыбай мен Тезек, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарын, “Мың бір түн”, “Тотынама” дастандарын жатқа айтып, ел арасына таратты. Олардың біразын Қазақ ССР Ғылым академиясына барып жаздырған екен. Мәселен, Үмбетәлінің айтуынан жазылып алынған «Бақтыбай мен Тезек кездесуі» идеялық көркемдігі жағынан өте құнды мұра.
Үмбетәлінің «Қойшы», «Төрт өнерпаз», «Патша мен ұрылар» деген поэмалары, аңыз-әңгімелер негізінде жырланған. Ал, «Өмір өткелдері» мен «Өз өмірімнен» дейтін дастандарында ақын өз өмірі мен ел өмірінің ірі-ірі оқиғаларын бейнелейді. Орынбай, Иса, Кенен, Саяділ, Есдәулет, Қалқа, Жақсыбай, Нұрила сияқты белгілі халық ақындарымен айтысқан. Аталған шығармалар мен айтыстары Үмбетәлінің әр жылдары шыққан жинақтарына енгізілді.
Үмбетәлі шығармашылығында нақыл болатын сөздер мол. Оның тілі дүйім жұртқа түсінікті, шешен, өткір. Ол қазақ халқының тіл байлығын жете білетін ақын. Сондықтан оның бірталай өлең-жырлары мақал-мәтелге айналып кетердей тілге оралып, жатталып тұрады. Мұны ақынның:
Жақсы адамның белгісі –
Жауда басы қалса да.
Сенімен бірге жан берер.
Екі жүзді ел бұзғыш,
Еппен қанша күн көрер…
… Бағалы болсаң халыққа,
Басыңа қалап бақ қонар.
Өнерлінің белгісі,
Отырған жері ду болар, — деген нақыл өлеңдерінен, сөз образдарын байқауға болады.
Қазақ поэзиясының алып тұлғасы, өлең жырдың «қара жорғасы» атанған Үмбетәлі Кәрібаевтың өлең-жырлары мәңгі жасарып, жасай берсін!
Меруерт Орынбайқызы,
Ү.Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінің ғылыми қызметкері.

