«Сталкинг» ұғымы кейбір жанға таңсық атау болуы мүмкін. Алайда оның сипаттамасы қарапайым. Бір адамның екінші адамға маза бермеуі, қоңырау шалуы, жеке өміріне қол сұғуы, жүйелі түрде аңдуы, бақылауы, әлеуметтік желі арқылы мазақа етіп, қорқытуы – осының бәрі сталкинг болып табылады. Бұрын бұл мәселе отбасылық кикілжің ретінде қабылданып келді. Ал қазір резонанс тудырғандықтан, Қылмыстық кодекске «сталкинг» ұғымы енгізіліп, адам құқығы заңдық тұрғыда қорғалып, кінәлілер жазаға тартылатын болды.
Сталкинг мәселесі кез келген уақытта көрініс табатындықтан, оның алдын алу маңызды. Осы тұрғыда құқық қорғау органдарының жауапты жұмысын жоққа шығара алмаймыз. Аталмыш мекеменің өкілдері әрдайым қоғамды заң мен тәртіпті сақтауға шақырып, қауіпсіз орта қалыптастыруға үндейді.
Өткен аптада дәл осы сталкинг мәселесіне қатысты аудандық Полиция басқармасының ұйымдастыруымен форум өтті. Жиын барысында тақырыпқа қатысты құқықтық салдар мен психологиялық зардаптар кеңінен талқыға түсті. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, интернеттегі қауіпсіздік және мектептегі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесі көтерілді.
Форумның модераторы ретінде аудандық ПБ отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы Эльмира Есенбаева алдымен аталған шараның мақсат-міндетін таныстырды. Одан кейін сахнада Қаскелең мәдениет колледжінің студенттері сталкинг жағдайын көрініс арқылы көрсетіп, көпшілікке ой салды.
Ал алғаш сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек аудан көлемінде қауіпсіз орта қалыптастыруға қатысты атқарылған жұмыстарды баяндап, әсіресе, білім беру ұйымдарындағы құқықтық бағыттағы бастамаларға тоқталды. Сонымен қатар сталкинг мәселесіне қатысты Қарасай ауданының ПБ-ның бастығы Нұсқабек Зауланбаев, Алматы облыстық ПД-не қарасты қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев ой-пікірлерін ортаға салып, қудалау ісіне келген кез келген адам жалғыз емес екенін айтып, полиция әрдайым қолдайтынын жеткізді.
Сталкингке ұшыраған адам үшін дәрігердің көмегі де маңызды. Бұл тұрғыда аудандық аурухананың медико-социалдық және психологиялық көмек бөлімінің басшысы Дана Таждинова жан-жақты баяндады.
Форумның ресми бөлімінен кейін панельдік сессияда «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» тақырыбы талқыға түсті. Бұл мәселеге қатысты құқық қорғау органының, білім саласының өкілдері сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстарын түсіндірді. Атап айтқанда, аудандық ПБ бастығының орынбасары Ерлан Бекебаев өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау тетіктері, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталса, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бағлан Абишева мектептегі қауіпсіздік ортаны қалыптастыру жөнінде ойын ортаға салды.
Жиын соңында профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізу, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру туралы қаулылар қабылданды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
