Көктемнің алғашқы мейрамы – Алғыс айту күні қарасайлық 26 отбасы үшін қуанышты жаңалыққа ұласты. Әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын біраз жерлесіміз тұрғын үй кезегі бойынша талай жыл асығы күткен сәтке жетіп, баспаналы болу бақытына бөленді. Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстау рәсімі аудандық әкімдікте өтіп, оған аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты.
Аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы алдымен тұрғындарға ақ тілегін білдіріп, қуанышты күндеріне құтты болсын айтты. Одан кейін тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті. Ал баспаналы болған жандар өз тарапынан аудандық әкімдікке алғыстарын айтып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта баспана кезегінде тұрған басқа да тұрғындарға дәл осылай пәтер кілттері тиісті деңгейде беріледі. Сол бағытта әкімдік пен банк тарапынан жұмыстар атқарылуда.
– Өткен жылы 160 пәтер берілген болатын. Биыл, міне, 26 отбасы қуанышқа кенеліп отыр. Алдағы күндері 260 тұрғын үйді беру жоспарлануда. Олардың бәрі, әрине, «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылғандықтан, банктің талабынан өтуі тиіс. Егер бәрі дұрыс болып жатса, баспана кезегінде тұрған қарасайлықтарға кезең-кезеңімен беріледі, – деді аудан әкімі Ж.Естенов.
Айта кетейік, жоғарыда аталған 26 отбасы халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтар санатына жатады. Оларға тұрғын үйлер Қаскелең қаласында және Елтай ауылында салынған тұрғын үй кешендерінен берілді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
