Қазақ халқы үшін құрақ-көрпе пайдалы нәрсе мен үйдің сәні ғана емес, сондай-ақ ұлттық брендіміздің айқын көрінісінің бірі болып табылады. Қуантарлығы, соңғы жылдары қолына ине мен жіп алып кесте тігіп, шынашаққа оймағын іле жүріп, ою оятындардың қатары қайта артуда. Әсіресе, құрақпен айналысып қана қоймай, оны кәсіп көзіне айналдырып жатқандар саны айтарлықтай көбейген.
Міне, біз сөз еткелі отырған Іргелі ауылдық округінің тұрғыны, көп балалы ана Әсел Молдабаева сондай жанның бірі. Қазақтың өнерін жандандыруды қолға алған тігінші бүгінде 80 жастағы енесімен бірге тапсырыстар алып, әртүрлі құрақ-көрпелерді жасап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Әсел Сайлауқызы – еңбегімен көпке үлгі болатын ісмер жан, төрт тамаша баланың анасы. Бала тәрбиесі мен тұрмыстың тіршілігін ұршықтай иіріп отырған ана тігіншілікпен осыдан екі жыл бұрын айналыса бастаған. Оған қолөнерге деген қызығушылықты бойына енесі дарытып, оның қыр-сырын үйреткен.
– Жалпы мен бала кезімнен журналист болуды армандаған едім. Алайда айналамдағы үлкендер аталған саланың қиындығы жайлы айтып, маған басқа бағытты таңдауға көндірді. Мектепті бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнында білім алып, біраз уақыт туризм менеджері мамандығы бойынша жұмыс істемедім. Бірақ тұрмысқа шығып, бала туған соң, жұмыс істеу қиындай бастады. Оның үстіне жеке өз басым баланы үйде отырып тәрбиелегенді жөн санайтын адаммын. Осылайша, 10 жылдан астам уақыт үйде отырып, балаларымның тәрбиесімен айналыстым.
Тек кейінгі жылдары үй шаруасынан бөлек іспен айналысқым келетінін түсіндім. Осы кезде маған тігіншілік өнерді үйреткісі келетін енемнің сөзіне құлақ асып, ақырындап құрақ құрауды үйрене бастадым. Біраз уақыт тігіншіліктің негіздерін үйренген соң, пішу және тігу курстарына қатыстым. Сөйтіп, енеммен бірге отырып түрлі құрақ-көрпелер тіге бастадым. Алғашында тапсырыстар тек туысқандарымның тарапынан түсетін. Одан бір-бірінен естіген таныстарымыз, олардың достары дегендей, тапсырыс берушілер саны арта берді. Осылайша шағын ісім алға жүре бастады, – деді қолөнер шебері.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл отбасылық кәсіпті жолға қоюға тігіншілік өнерді жете меңгерген Әселдің енесі Бәтима әжейдің ықпалы зор. Себебі, о баста тігін тігуге деген құштарлық болмаған кейіпкерімізге осы бағыт нұсқаған және үйреткен Бәтима әже болып табылады.
Бәтима Пазылова сексеннің сеңгіріне шықса да іс-қимылы ширақ, жүріс-тұрысы тың. Әлі күнге қолынан ине-жібін тастамай келеді. Сенімді серігі тігін машинасын айналдыруын тоқтатқан емес. Он саусағынан өнер тамған ақжаулықты ана өзінің білгенін келініне үйретіп, оның тігін цехын ашу жөнінде ойын білдіргенде бірден қолдаған.
Әсел енесімен өздерінің өнімдерін жасауда тек табиғи, сапалы маталарды қолданады екен. Себебі бүгіндегі халықтың тұтынып жүрген жамылғы көрпелерінің басым көпшілігі синтетикадан болғандықтан, денеге жабысып, ауа өткізу қабілеті төмен болып келеді. Ал табиғи материалдар денеге жеңіл, ауа өткізуі жақсы, яғни ұйқыға жататын адамның денесі жақсы демалатын болады.
Жасайтын өнімдеріне келетін болсақ, олар көбіне бетінде мүйіз, қошқар мүйіз, құс қанаты секілді әртүрлі қазақтың оюларымен әрленген құрақ көрпені тігумен айналысады. Оған қоса сатин, ранфорс секілді табиғи маталардан жасалған жатын жапқыштарын, қызыл, күлгін, жасыл секілді түрлі-түсті матадан сырып тігіліп, бұйымдармен әшекейленген қыздардың тақиясын да жасайды. Ал олардың негізгі бағыттарының бірі қалыңдыққа арналған төсек-орынның көрпе-жастығы мен жасаулары екен. Шеберлердің қолынан шыққан әр бұйымнан – талғампаздық пен өнерге деген сүйіспеншілікті көруге болады.
Таяуда ол өзінің instagram парақшасын ашып, тапсырысты сол арқылы да қабылдай бастады.
Шығаратын өнімдерінің көлемін арттыру үшін Әсел өткен жылы «Бизнес бастау» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан.
– Грантқа қатысу туралы ойды маған Маржан есімді сіңілім ұсынды. Енем екеуміз тіккен нәрселерімізді ақырындап сата бастағанымызды көрген соң, ол: «Әпке, мемлекет тарапынан 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант беріледі екен. Соған қатысып көріңіз. Ұтсаңыз, тағы өзіңізге қажет тігін машиналарын ала аласыз» – деді. Оның сөзіне құлақ асып, өткен жылы арнайы конкурсқа қатыстым. Шынымды айтсам, байқауға қатысуға келген көптеген адамдарды көрген кезде жеңемін деген ой болмады. Дегенмен 2025 жылдың тамыз айында аудандық Мансап орталығының маманы телефонымына «Сіз грант иегері атандыңыз» деп хабарласты.
Берілген қаражатқа пішуге және тігуге арналған өндірістік тігін машиналары мен қажетті маталар сатып алдым. Бұл бізге жұмысымызды жеңілдетіп, сапалы әрі түрлі топтамамен өнім дайындауға мүмкіндік берді, – деді қолөнерші.
Қазіргі уақытта Әселдің мақсаты – үйінің қасынан сала бастаған бірнеше бөлмелі шағын цехтің құрылысын аяқтау. Оны ашқан соң барлық құрал-жбдықтарды сонда шығарып, бірнеше жұмыскерлерді алу. Сол ақылы өнім көлемін көбейтіп қана қоймай, сондай-ақ топтамалардың түрін көбейтуді көздеп отыр.
Әңгіме соңында кәсіп жүргізуде бастысы ертеңге қалдырмау екендігін алға тартқан қолөнер шебері, өз бизнесін ашқысы келетін адамдарға ештеңеден қорықпай, қолда бар қаражатпен бастап кетуге кеңес берді.
– Бизнесті ертеңге қалдыра бермей, дәл қазір қолда бар қаражатпен бастауға болады. Батылдық танытып, аз заттан болсын кәсіпті бастаса, қолөнер жерде қалмайды. Оған қоса қазіргі уақытта мемлекет тарапынан біз секілділерге қолдау өте көп. Сондықтан кәсіп бастауды жоспарлап жүргендерге айтарым, «көз қорқақ, қол батыр» дегендей, бастысы ештеңеден қорықпай, тек алдыға басыңыз, – деп түйіндеді кәсіпкер Әсел Сайлауқызы.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
