Осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Наурызнама» онкүндігі бекітіліп, Ұлыстың ұлы күнін елімізде кең көлемде атап өту қолға алынған. Ұлттық құндылық ұлықталатын айтулы мейрамға орай 14-23 наурыз аралығында арнайы айтулы күндер нақтыланып, әрбір күннің мән-маңызы айшықтала түсті.
Игі шара жыл сайын дәстүрінен жаңылмай жалғасып, онкүндікті насихаттау жақсы әдетке айналды. Биыл да бұл бастамаға Қарасай ауданының жалпы жұртшылығы, оның ішінде мемлекеттік мекемелер, компаниялар және басқа да бірлестіктер, ұйымдар қолдау білдіріп, «Наурызнаманың» әрбір күніне байланысты мәдени және дәстүрлі шараларды ұдайы ұйымдастырудан қалыс қалмады.
«Наурызнама» онкүндігіне сәйкес, Қарасай жерінде мазмұнды мейрамды ұлықтау 14 наурыз – Көрісу күнінен басталды. Бұл күннің мән-маңызы Шамалған ауылдық округінде айрықша сипатта өтті. Аудандық прокуратураның, Полиция басқармасының, Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, дәрігерлер қауымы, «Үшқоңыр» спорт кешенінің жаттықтырушылары, қарасайлық жастар және ұлағатты ұстаздар бір шаңырақ астында, атап айтқанда, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында бас қосып, Ұлыстың ұлы күнін керемет көңіл-күймен бастап берді. Мұнда жоғарыда атап өткен әр саланың өкілдері жиналып, бір-бірімен төс қағыстырып, қыстың аяқталуымен құттықтап, ақ тілектерін арнады.
15 наурыз – Қайырымдылық күні елдің келешегі үшін маңызды болып табылатын Референдум күнімен тұспа-тұс келгендіктен, аудан жұртшылығы алдымен азаматтық белсенділіктерін танытты. Одан бөлек қайырымды істер атқаруды да ұмытпады. Мәселен, дәл осы күні сайлау учаскелерінде ораза ұстаған жандар үшін ізгілік шарасы ұйымдастырылып, ауызашар уақытында құрма мен ауызсу таратылды. Сонымен қатар айтулы күннің аясында Елтай, Жамбыл ауылдық округтерінде «Жанашыр жүрек» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіріп, мейірімділік пен жанашырлықты дәріптеу. Аталған шара барысында округ аумағында тұратын әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды. Ал бұл өнегелі іске ауыл тұрғындары мен демеуші жандар атсалысып, береке-бірліктің үлгісін көрсетті.
Мәдениет және салт-дәстүр күні атап өтілетін 16 наурызда аудан көлемінде салт-сана жаңғырып, ұлттық өнерге ерекше мән берілді. Оның барысында тарихи және мәдени мекемелер мерекелік шаралар ұйымдастырып, ұмыт болған дәстүрлерді дәріптеді. Солардың қатарында Шамалған ауылында орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы бар. Музей ұжымы «Салт-дәстүрі халқымның» тақырыбын керемет ұлықтап, ашық аспан астында көпшілікке керемет бағдарлама ұсынды. Шара барысында Қарасай ауданының қолөнер шеберлерінің көрмесі өтіп, ұлттық ойындар ойнатылып, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі халық әндерін әуендетіп, күй күмбірін паш етті. Сонымен қатар бұл кеште «Тұсаукесер», «Бесікке салу», «Селт еткізер» дәстүрлерінен тағылымды көріністер көрсетіліп, «Жеті ата», «Жеті қазына» сынды ұлттық ұғымдар кеңінен насихатталды. Ал бұл шараға құрметті қонақ ретінде ауданның зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты әжелер және жастар қауымы қатысты.
«Наурызнама» онкүндігіндегі 17 наурыз – Шаңырақ күні. Оның маңыздылығы аудан көлемінде тиісті деңгейде дәріптелді. Отбасылық құндылықтарға мән беріліп, әр ауылдық округтің әкімдіктері өнегелі отбасыларға құрмет көрсетті. Айтулы күннің маңызын арттырудан әдеттегідей ауылдардағы мәдениет ошақтары тағылымды шаралар өткізді. Атап айтар болсақ, Береке ауылдық Мәдениет үйінде «Шаңырақ – береке бастауы» атты мазмұнды тақырып қамтылды. Оған Бурлибаевтар отбасының мүшелері қатысып, 40 жыл отасқан шаңырақтарының берекесі мен бірлігі жайлы әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Сондай-ақ аталған шара аясында қолөнерші Маржан Отбарбаева әшекей бұйымдар жасау бойынша шеберлік сағатын өткізіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын таныстырды. Ал Алтын Баятова құрақ-көрпе тігу мен ұршық иіру өнерін көрсетіп, көпшілікке ата-бабадан қалған асыл мұраның маңызын түсіндірді. Бұл шара отбасы құндылықтарын арттыруға үлкен үлес қосқандықтан, көпшілікке тәлім аларлық рухани әсер сыйлады. Мұндай бастамалардан ұрпақтар сабақтастығы нығайып, ұлттық құндылымыз жаңғыра түсетіні анық.
18 наурыз – Ұлттық киім күні болғандықтан, аудан аумағындағы көптеген мекемелердің ұжымы қазақтың ұлттық киімін киіп, яғни ерлер қауымы сәнді тақияларымен, шапандарымен, ал қыз-келіншектер әшекейлерімен, қамзолымен жарасым тапты. Бұл үрдіс жаппай үлгі әрі өнегеге айналып, мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері ұлттық киімге құрмет танытты.
«Жаңару күні» деп аталатын 19 наурызда тазалыққа мән берілді. Әр ауылдық округте экологиялық мәдениетке көңіл бөлініп, сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, ағаштар отырғызылды. Мұндай бастамаға жекеменшік мекемелер де қолдау білдіріп, игі іске бір кісідей атсалысты.
«Наурызнама» онкүндігінің 20 наурызы – Ұлттық спорт күніне арналған. Бұл күні әр ауылдық округте ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.
Ал 21 наурыз – Ынтымақ күні болып бекітілген. Айтулы күнде ауданымызда әз Наурыз мейрамы жаппай тойланады. Әр ауылдық округте салтанатты шара өту жоспарлануда. Аудан орталығындағы басты мерекелік бағдарлама сол күні «Наурыз-думан» деп аталады. Басталуы сағат 10:00-де. Өтетін орны – Қарасай аудандық Мәдениет үйінің алаңы.
Онкүндіктің соңғы екі күні Жыл басы мен Тазару күні болып табылады. Айтулы күндердің аясында аудан көлемінде мерекелік, танымдық, дәстүрлі, ұлт құндылығы әспеттелетін түрлі шара ұйымдастырылады.
«Наурызнама» онкүндігінің әр күні қазақ мәдениетінің, қоғамының байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылыққа негізделген. Бұл қалыптасқан дәстүр ұлтымызды ұлықтап, жақсылыққа бастайтыны анық. Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құтты болсын!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

