Байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшылар бүгін өз таңдауын жасады. Ұлттық құрама мүшелері қазір Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Соған қарамастан спортшылар уақыт тауып, Құрылтай сайлауына белсенді қатысты. Есік қаласындағы №123 сайлау учаскесіне ағайынды Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай, Махмуд Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Оразбек Асылқұлов, Төрехан Сабырхан, Абылайхан Жүсіпов, Сабыржан Аққалықов, Сағындық Тоғамбай, Нұркен Андасов, Медеу Жұмашев, Нұржан Қоңдыбаев, Азамат Мақажанов, Нұржан Насанов, Ғайни Ашкеев, Мақсат Бақтыбазаров, Мырзағали Айтжанов және Асқар Еркебаев сияқты білікті бапкерлер мен боксшылар кіріп келеді деп ешкім ойламаса керек. Спорт жұлдыздарын көрген тұрғындар бір сәтке тосылып, таңырқап қалды.
Кейбір сайлаушылар былғары қолғап шеберлерімен естелік суретке түсіп, енді бірі спортшыларға ризашылығын білдірді. Ел намысын қорғап жүрген жұдырығы жуан жігіттерге жеңіс тілеп, учаскеге жиналған жұрт мәре-сәре болды.
Спортшы үшін жеңіске жету оңай емес. Оның артында күн сайынғы жаттығу, қатаң тәртіп, төзім мен табандылық тұрады. Шаршы алаңда бір ғана сәттің өзі көп нәрсені шешеді. Сондықтан боксшылардың өмірінде жауапкершілік ұғымы ерекше орын алады. Бүгін чемпиондар сол жауапкершіліктің басқа бір қырын көрсетті. Олар командамен келіп дауыс беріп, азаматтық ұстанымдарын паш етті. Бұл елге танымал спортшылардың өскелең ұрпаққа көрсеткен өнегесі деуге болады.
Алматы облысының ӨКҚ

