Соңғы жылдары елімізде сумен байланысты орын алған бірқатар қауіпті жағдайлардан кейін Қарасай ауданында алдын алу шаралары белсенді жүргізіліп, су көлемінің қалыптылығын бақылауға аса мән берілуде. Қыс мезгілі аяқталып, жауған қар ерігенімен, бәрібір табиғаттың тосын жайтына алаңдаушылық болады. Дегенмен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қарасай ауданындағы жағдай қалыпты.
Қазіргі уақытта аудан аумағында 16 су қоймасы (оның ішінде 9-ы жекеменшік, 7-еуі коммуналдық меншікте), 16 канал және 4 ірі өзен (Қаскелең, Ақсай, Шамалған, Қырғауылды) бар. Аталған нысандар тұрақты бақылауда.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі «Қазселденқорғау» және «Алматы облысы су шаруашылығы» мекемелерімен бірлесе жұмыс атқаруда. Соның арқасында өзендердегі су деңгейіне және таулы аумақтардағы қар жамылғысының қалыңдығына апта сайын мониторинг жүргізілуде. Бұған қоса бүгінде Қарасай жерінің пайдалану учаскесінде екі маусымдық және бір тұрақты гидробекет жұмыс істеп тұр.
Мамандардың жүргізген талдау нәтижесінде 2026 жылға су тасқыны қаупі бар үш аймақ анықталған, ол «Октябрь-1» су қоймасы, «Жан-Күлүк» магистралдық каналы және «К-25» су қоймасы. Бұл ретте қауіптің алдын алу мақсатында нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, «К-25» су қоймасын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 194,4 млн теңге бөлініп, жұмыстар 2025 жылдың қараша айында басталды. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар «Октябрь-1» су қоймасы мен «Жан-Күлүк» магистралдық каналы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар қайта түзетіліп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, 2023-2024 жылдары мұндай қауіпті аймақтар саны 11 болған, алдын алу іс-шаралар жүргізу арқылы үшке дейін қысқартылды.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек ағымдағы жылы ақпан айының 25-27-сі күндері аралығында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оның аясында азаматтық қорғау қызметкерлерінің дайындығы тексеріліп, тәжірибелік іс-шаралар жүзеге асырылды. Оқу-жаттығу барысында Қаскелең қаласының «Сәукеле» шағын ауданында еріген қар суының қаупін азайту үшін 300 метр арық-дренаж қазылды.
Қазіргі уақытта барлық су қоймалары мен су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жағдай тұрақты бақылауда, су деңгейі қалыпты, төтенше жағдай орын алуы мүмкін деген қауіп жоқ.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
