Жазғы маусымда Қарасай ауданының орталығында жаңа саябақ пайда болады. Енді Қаскелең өзенінің бойы керемет, көрікті көрініске айналмақ. Алдағы уақытта өзен жағалауында жайлы орындықтар орнатылып, спорт және балалар үшін ойын алаңдары салынады. Одан бөлек түнгі жарықтандыру мен тұрғындар қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары да қосымша қарастырылған.
Саябақтың сәнін келтіретін осы және өзге де жұмыстардың жай-жапсарын білу бізге де қызық болды. Ол жайлы толық ақпаратты алу үшін Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаровпен тілдесіп көрдік.
Белгілі болғандай, Қаскелең өзенінің бойында, расымен абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Саябақ алаңы Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесінің бойына белгіленген. Оның жалпы көлемі 3,5 га-ны құрайды.
Қала әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлының айтуынша, саябақ алаңын екі аймаққа бөлу қарастырылған. Бірі – тынығу алаңы, екіншісі – серуендеу.
– Саябақтың күн шығыс аумағы белсенді қозғалысқа арналған. Яғни бұл жақта амфитеатр, воркаут, спорт және балалар алаңы болады. Ал екінші жағы халықтың тынығуына жағдай жасалады. Мұнда демалу үшін 70 орындық орнатылып, серуендеу үшін жаяу жүргіншілер жолағы салынады. Сондай-ақ адамдардың қауіпсіздігі ескеріліп, түнгі жарықтандыру мен бейнебақылау камералары іске қосылады, – деді Рустам Атшабаров.
Саябақтың құрылысына жауапты мердігер мекеме анықталған. Жоспар бойынша осы айдың соңына дейін жұмыс басталып, маусым айында аяқталуы тиіс.
Қаскелең қаласының көрікті жеріне айналатын саябақты халық талайдан бері күткен еді. Ел тілегі ескерілген бұл жарқын жоба алдағы уақытта ойдағыдай жүзеге асады деген сенімдеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
