Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қарасайлықтар жаңа пәтер иесі атанды. Күні кеше аудан әкімдігінде «Халықтың әлеуметтік осал топтар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған жандар мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Қуаныш иелерін аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Төлепберген арнайы құттықтап, мерекелік ақ тілегін арнады. Ол өз сөзінде Наурыз мейрамы әрдайым жақсылықтың бастауы екенін айтып, қоныс тойының айтулы күннің қарсаңына келіп тұрғанын айрықша атап өтті. Нұрлан Асқарұлы осындай жылы лебізін білдірген соң, 14 тұрғынға жаңа қоныстың кілттерін табыс етті.
Қуаныш иелерінің әрбірі бұл сәтті асыға күткендерін айтып, аудан әкімі Жасұлан Естенов пен аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ пәтер иесі атанған Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген Рахматулла Абдулкаримов көпшілікке ақ батасын арнады.
Айта кетейік, баспаналы болған жандарға пәтерлер Қаскелең қаласы мен Елтай ауылдық округінде салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен берілді. Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, дәл осындай «Халықтың әлеуметтік осал топтар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қарасайлықтар үшін алдағы уақытта тағы 200-ден астам пәтер кілттері берілу жоспарлануда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
