Таяуда Қаскелең қаласында орналасқан жайлы мектепке Алматы облысы және Қарасай ауданы Қорғаныс істері жөніндегі мекеменің өкілдері келді. Сапар барысында мамандар жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, әскери оқу ордасына оқуға түсуге шақырды.
Шарада алғашқы болып Қарасай ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Ерлан Абдықалықов сөйлеп, жиналған оқушыларға әскери мамандықты қалайтын оқушыларға мектепті бітірген соң, қандай әскери жоғарғы оқу орындарына түсуге болатындығы туралы кеңінен ақпарат берді.
Бөлім басшысының мәлімдеуінше, бүгінде елімізде әскери салаға аса көңіл бөлінуде. Мәселен, қазіргі уақытта бір жылдық әскерге барып, борышын өтеп қайтатындарға тегін жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік берілді. Яғни, Қорғаныс пен Ғылым және білім министрліктерінің бірлесе атқарған жұмыстарының аясында еліміздегі көптеген жоғарғы оқу орындарымен келісімшарт жасалып, меморандумға қол қойылды. Соның арқасында бір жыл әскери борышын өтегендер осы жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз түсе алады. Оған қоса әскерде жақсы нәтиже көрсеткен жігіттер ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болады. Мәселен, Қарасай ауданында осы жылғы көктемдік шақырту бойынша 42 сарбаз гранттық сертификат иесі атанды. Сондай-ақ бірнешеуі жоғарғы оқу орнының есебінен тегін оқуға түсуге мүмкіндік алды. Ал болашақ мамандығы ретінде әскери саланы таңдағандар үшін арнайы оқу орындары, тіптен, тегін.
– Бүгінде әскери оқу орындарына түскісі келетіндіндер үшін үш мекеме бар. Олар – Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және байланысты әскер инженерлік институты, Түрксіб ауданындағы Құрлық әскери институты мен Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғаныс әскери институты. Жалпы аталған жоғарғы оқу орындарында 4 жыл білім алады. Оқу толықтай тегін. Оған қоса жататын орын, тамақ, арнайы киім де тегін. Оқуды аяқтағанда кезде түлектің қолына екі диплом беріледі. Оның бірі – әскери мамандықты игергені туралы, екіншісі – азаматтық мамандық жайлы, – деді Ерлан Төлеуғалиұлы.
Жиынға арнайы келген Алматы облысының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Нұрбол Жұмашханұлы оқушылармен әскери мамандықтың ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар өзінің осы саладағы жолы жайлы әңгімелеп, болашақта әскери адам болғысы келетіндерге ағалық ақыл-кеңесін берді.
Жалпы кездесу барысында оқушыларға әскери қызметшілердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері, жоғары әскери және арнаулы орта оқу орындарына қабылдау тараптары, құжат тапсыру тәртібі, кәсіби іріктеу кезеңдері және дене даярлығына қойылатын талаптар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар әскери мамандықтардың ерекшеліктері түсіндіріліп, әскери білім алудың болашақ мансап құрудағы рөлі атап өтілді.
Жастарды әскери оқу орындарына түсуге және әскери міндеттерін атқаруға шақыруға бағытталған кездесу алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

