Өткен аптаның жексенбісі күні Қарасай аудандық мансап орталығының ұйымдастыруымен аудандық прокуратураның, пробация бөлімінің, Жастар ресурстық орталығының қолдауымен Қаскелең қаласында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Аудандық Мәдениет үйінің екінші қабатында болған іс-шараға түрлі саладағы компаниялар қатысып, жұмыс іздеушілерге нақты ұсыныстар жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді. Президенттің осы бастамасына сәйкес Қарасай ауданында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және еңбек нарығындағы сұранысты арттыру мақсатында әртүрлі жұмыстар жүргізілді. Оның арқасында көптеген қарасайлықтар жұмыс орнына орналасты, ал кейбірі, тіпті, өзінің шағын кәсібін ашты. Аталған игі бастама ағымдағы жылы да өз жалғасын табуда.
Өткен жексенбіде осы мақсатта ауданымыздағы жұмыссыз азаматтарға, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға арналған жалпыаудандық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған аудандық прокуратура, «Казпошта» секілді ұйымдар мен «Clever Medical», «Lake Farm», «Якар» сияқты 30-ға жуық компанияның өкілдері мен 200-ге жуық жұмыс іздеуші қатысты.
Шара барысында жұмыс іздеп жүрген азаматтар кәсіпорын өкілдерімен тілдесіп, кеңес алып, өздеріне ыңғайлы тұстарын түртіп алды. Сондай-ақ жәрмеңкені ұйымдастырушы Мансап орталығының мамандары тұрғындарға бос жұмыс орындары бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жалпы ұйымдастырушылар мұндай шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Себебі мұндай жәрмеңкелер адамдарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа кәсіби бағыттарды таңдауға көмектеседі.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

