Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, азаматтардың табысын арттыру және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет», – деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысының бұл ұстанымы халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін көрсетеді. Инфляцияны тежеу, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың нақты табысын көбейту – ел экономикасының орнықты дамуы үшін маңызды міндеттер.
Әсіресе, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен қажетті тауарлар бағасының тұрақтылығы тұрғындардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан экономикалық өсімнің нәтижесі әрбір отбасының тұрмысынан сезілуі тиіс.
Президент айқындаған міндеттерді тиімді жүзеге асыру, халықтың сатып алу қабілетін арттыру және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының маңызды бағыты.

