Медицина әлемінде терең білім мен хирургиялық дәлдікті ғана емес, сонымен бірге орасан зор жан жомарттығын да талап ететін мамандықтар бар. «Акушер-гинеколог» мамандығының орны бұл жерде ерекше. Өйткені жаңа өмірді алғашқы болып қарсы алатын және аналардың денсаулығын аялап қорғайтын дәл осы мамандар. Қарасай көпсалалы аудандық орталық ауруханасының әйелдер кеңесі бөліміндегі отбасын жоспарлау бөлмесінің дәрігері Нұржамила Шалғымбаева – осындай жанкешті де асыл мамандықты серік етіп, өмірін ана мен баланың денсаулығын қорғауға арнаған, өз ісінің хас шебері.
Нұржамила Тұрсынбекқызы Жамбыл ауданының табиғаты көз тартқан көркем де берекелі Мыңбаев ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Туған ауылында Тұрсынбек пен Анархан есімді әке-шешесінің жылылығы мен тағылымды тәрбиесін көріп өсіп, ауылдық мектепті ойдағыдай тәмамдады.
Көптеген көрнекті дәрігерлер секілді, Нұржамила Шалғымбаева да өзінің өмірлік мақсатын, жүрек қалауын тым ерте түсінді. Бала кезінен бастап ақ халатты абзал жан болуды, науқас балаларды емдеп, оларға шипа сыйлауды және әрбір сәбидің жүзінен бақытты күлкі көруді армандады. Бұл кіршіксіз таза балалық арман оның болашақ тағдырын айқындап, медицинаның күрделі де қызықты әлеміне жетелейтін темірқазығына айналды.
Арман асқарына ұмтылған бойжеткен 1982 жылы еліміздегі ең беделді қара шаңырақ С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне (сол кездегі Алматы мемлекеттік медициналық институты) оқуға түсті. 1982-1989 жылдар аралығындағы оқу кезеңі оңай болған жоқ. Ол тоқтаусыз ізденісті, орасан зор еңбекті, ұйқысыз түндерді және күрделі медициналық ғылымдардың қыр-сырына терең бойлауды талап етті. Алайда бойындағы жалыны мен мақсатқа деген беріктігі оны кез келген қиындықты еңсеруге жетелеген.
Оқу барысында оның балаларға көмектесуге деген алғашқы ұмтылысы одан да маңызды, адамзат ұрпағының жалғасуына тікелей байланысты акушерлік пен гинекологияға деген терең қызығушылыққа ұласты. Нәтижесінде ол осы мамандықты үлкен жауапкершілікпен таңдап шықты.
– Негізгі бағытымның өзгеруіне мектепте орыс тілінен сабақ берген ұстазымның «Маленьких детей лечить очень тяжело, лучше лечи взрослых», – деген сөзі әсер етті десем де болады. Бастапқыда мақсатымнан таймай, педиатр боламын деп жүрдім. Алайда уақыт өте келе назарым ересек әйелдермен және нәрестелермен жұмыс істейтін салаға ауды, – деді маман.
1989 жылы қолына диплом алған жас, жалындаған маман өзінің еңбек жолын бірден үлкен жауапкершілікті талап ететін алдыңғы шептен бастады. Ол Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылындағы 10 төсектік перзентханасы бар ауруханаға жолдама алды. Ауылдық жердегі алғашқы еңбек тәжірибесі кез келген жас акушер үшін нағыз шыңдалу мектебі, қатал да баға жетпес сынақ алаңы болатын. Дәл осы жерде, заманауи техника тапшы, бірақ адам тағдыры қыл үстінде тұратын сәттерде Нұржамила Тұрсынбекқызының кәсіби батылдығы, шұғыл шешім қабылдау қабілеті, сабырлылығы мен мінсіз дәрігерлік интуициясы қалыптасты.
Өзін қысқа мерзімде жоғары білікті, өз ісіне адал дәрігер ретінде көрсете білген маман 1996 жылы Қарасай ауданының Жібек жолы ауылындағы дәрігерлік амбулаториясына акушер-гинеколог қызметіне келді.
Бұл жерде оның жұмыс ауқымы айтарлықтай кеңейіп, клиникалық жағдайлардың күрделілігі еселене түсті. Бірақ уақыт пен жағдайдың өзгеруіне қарамастан, оның бойындағы бір қасиет – әрбір науқасқа деген шынайы мейірім мен аналық қамқорлық еш өзгерген жоқ.
Оның кәсіби өмірбаянының жаңа бір жарқын парағы 2002 жылы басталды. Осы жылы терең білімі мен бай тәжірибесі бар дәрігер Қарасай аудандық орталық ауруханасының өзіне ауысты. Бүгінгі таңда Нұржамила Шалғымбаева әйелдер кеңесі бөліміндегі отбасын жоспарлау бөлмесінде акушер-гинеколог ретінде абыроймен жұмыс істеп келеді. Өзінің ісінде әріптестерімен бірге жоғары сапалы босануға дейінгі көмек көрсету жүйесін жолға қойып, осы бағытта белсенді жұмыстар атқаруда. Ол еңбек ететін ұжым аймақтағы әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау жолында күндіз-түні аянбай еңбек етіп келеді.
Ондаған жылдарға созылған мінсіз әрі адал қызметтің нәтижесінде білікті маманның шипалы да қамқор қолынан мыңдаған аналар өтіп, бұл дүниеге жаңа ұрпақтың көптеген өкілдері, еліміздің болашақ азаматтары аман-есен келді. Оның көпжылдық қажырлы еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және таңдаған антына адалдығы мемлекеттік және ведомстволық деңгейде бірнеше рет жоғары бағаланды. Ол халық денсаулығын жақсартуға қосқан елеулі үлесі үшін орденмен, медальмен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық және жергілікті әкімдіктің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Нұржамила Тұрсынбекқызы балалық шақтағы асқақ арманның тоқтаусыз еңбекпен, терең біліммен және адамзатқа деген шынайы сүйіспеншілікпен ұштасқанда қандай үлкен биіктерге жеткізетінінің жарқын үлгісі.
Бүгінде оның септігімен ана болу бақытына кенеліп, шаңырақтары шаттыққа толған жүздеген, мыңдаған отбасылар абзал дәрігердің есімін зор ризашылықпен әрі құрметпен атайды. Ал оның жүріп өткен өнегелі еңбек жолы бүгінгі медицина саласына қадам басқан жас мамандар үшін таптырмас мектеп, шабыт беретін теңдессіз үлгі.
Кейіпкеріміздің еңбек жолымен қатар, оның үлгілі отбасы, жеке өмірі жайында да айта кеткеніміз орынды болар. Нұржамила Шалғымбаева – еңбекте ғана емес, отбасында да үлгілі жан. Ол жолдасы Қылышбекпен бірге Индира, Эльвира, Дархан есімді үш бала өсіріп, лайықты тәрбие беріп өсірді. Бүгінде солардан өрбіген 8 немеренінің қызығын бірге көруде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

