Гүлдана Кәрімбаеваның акушер-гинеколог болып еңбек етіп келе жатқанына биыл 37 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол көптеген ананың аман-есен босануына септігін тигізіп, жүктілік кезінде де, босанғаннан кейінгі кезеңде де талай жанға шұғыл әрі білікті көмек көрсетті. 1990 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған Гүлдана Ғалымбекқызы бірден кәсіби жұмысқа білек түре кіріскен болатын. Өмірінің саналы бөлігін денсаулық сақтау саласына арнаған тәжірибелі маман бүгінде зейнет жасына жетсе де, сүйікті ісінен қол үзбей, дәрігерлік қызметін абыроймен жалғастырып келеді.
Шығыс Қазақстанның Абай облысының Жарма ауданында туып-өскен кейіпкеріміздің бұл салаға келуіне тағдырдың жазуымен қатар, «дәрігер деген жақсы емес пе? әрдайым керек болатын мамандық» деген әкесінің үлкен қолдауы мен бағыт-бағдары себеп болған. Институт қабырғасында бес жыл «емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, кейін бір жылдық интернатураны дәрігер тапшылығы сезіліп жатқан Мақаншы аудандық ауруханасында өтеді.
– Бұл жерге интерн болып келгенімде, ауруханадағы екі дәрігердің бірі аяғын сындырып алып үйде жатса, екіншісі жұмыстан шығып кеткен екен. Осылайша, жас та болсам, бөлімшедегі жалғыз дәрігер болып қалдым. Қасымда төрт акушер маман мен Әлиев деген білікті анестезиолог болды. Олардың маған көрсеткен көмегі орасан зор еді, мамандығымның қыр-сырын меңгеріп, кәдімгідей шыңдалуыма үлкен септігін тигізді. Әсіресе, анестезиологтың: «Когда теряется врач, он теряет больного» деген сөзі есімде өмірлікке сақталып қалды. Бүгінге дейін қандай бір қиын жағдай туындамай қалса, осы сөз маған суыққандылық пен байсалдылықты сақтауға көмектесіп келеді. Дәл осы жерде мен алғаш рет науқастармен тікелей жұмыс істеуді, дербес шешім қабылдауды, ота жасап, тігістеуді, вакуум қолдануды үйрендім. Тіпті оталарға да қатысып көрдім. Мұндағы тәжірибем небәрі бір айға ғана созылса да, маған үлкен мектеп болды. Сондықтан сол кезде қолдау көрсеткен әріптестеріме деген ризашылығым шексіз, – деп Гүлдана Ғалымбекқызы алғашқы еңбек жолын еске алды.
1990 жылы жоғары оқу орнын сәтті аяқтаған соң, жас маман жолдамамен Абай облысының орталығынан 450 шақырым шалғайда жатқан Ақсуат ауданына жіберілді. Мұнда ол өзінен бұрын 10 жылдай еңбек өтілі бар, ысылған екі тәжірибелі әріптесімен бірге халыққа қызмет етті. Үш дәрігер өзара келісіммен әрі кәсіби шеберліктерін жан-жақты арттыру мақсатында әр 4 ай сайын бөлімдерді алмастырып отырды. Төрт ай перзентхананың ауыр да жауапты жұмысында, төрт ай гинекология бөлімінің тыныс-тіршілігінде, тағы төрт ай әйелдер кеңесі бөлімінде қабылдау жүргізіп, клиникалық білімін іс жүзінде бекемдеді. Осындай қауырт та мазмұнды жұмыс ырғағымен Ақсуат өңірінде тапжылмай 10 жыл бойы еңбек етіп, көптеген ана мен баланың алғысына бөленді.
– Жалпы еңбек жолымда небір қиын да жауапты сәттерді бастан өткердім. Бірақ көптеген әріптестерім сияқты менің де жадымда мәңгілікке жазылып қалған ерекше оқиға – алғаш рет өзімнің әйелді босандырып алған сәтім еді. Сол кездегі бойымды билеген қорқынышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Бірде бізге шұғыл шақырту түсіп, толғағы қысқан жүкті әйелдің үйіне бардық. Тексеріп қарағанымда, босану процесі белсенді фазаға өткенін, алайда нәрестенің басы туыт жолдарында бөгеліп тұрғанын байқадым. Сәбидің бас жағы мен шашы көрінгенімен, сыртқа шыға алмай тұр екен. Уақыт санаулы, әр секунд ана мен баланың өмірі үшін маңызды болатын. Сол сәтте қасымдағы тәжірибелі акушер жедел түрде акушерлік қысқыштарды (щипцы) қолдану керек екенін айтты. Осыған дейін мұндай күрделі манипуляцияны тек теория жүзінен білгеніммен, тәжірибеде өз қолыммен істеп көрмеген едім. Алайда ойланатын уақыт жоқ, сөйтіп құралды қолыма алуыма тұра келді. Нәрестенің басының терісіне қысқыштың ұшын кіргізіп, іліп алып, ережеге сай бағыттай отырып, байыппен бері қарай тарттым. Көп ұзамай сәбидің басы қозғалып, сылқ етіп шыға келді. Сол сәтте төбем көкке жеткендей болды. Ана мен бала аман-есен қалды. Осылайша, менің дәрігерлік өмірімдегі ең алғашқы әрі ең жауапты емтиханым сәтті өткен еді.
Тағы бір осыған ұқсас жағдай бірнеше жылдан кейін қайталанды. Ол кезде біз жедел жәрдем көлігімен толғағы қысқан жүкті әйелді ауруханаға шұғыл жеткізуге асығып бара жатқан едік. Алайда сәби күтіп тұрмады, орта жолға келгенде толғақ жиілеп, босану процесі басталып кетті. Мұнда да нәрестенің басы шықпай, тіреліп тұрып қалды. Уақыт жоғалтпай, тәуекелге бел байлап, өзге акушерлік қысқышты алып, оны босанушы әйелдің жатырына екі жағынан абайлап енгіздім. Содан соң сәбидің басын «пинцет» секілді қысып алып, сыртқа қарай тарттым. Экстремалды жағдайдағы күшім сарқылып, қиналып жатқанымды сезген қасымдағы акушер «уайымдамаңыз» деген сөзбен өз қолын менің қолымның үстіне қойды да бірге тартысты. Осылайша, екі маманның үйлесімді іс-қимылы мен ауызбіршілігінің арқасында дүниеге жаңа өмір келіп, сәбиді аман-есен қабылдап алдық, – деп Гүлдана әпке біраз сәттерді есіне алды.
Уақыт өте келе, 2000 жылы отбасылық жағдайына байланысты Гүлдана әпкеміз еліміздің ірі шаһары Алматы қаласына қоныс аударды. Үлкен қаланың да өзіндік талабы мен бәсекесі жоғары екені белгілі. Алайда білікті маман Алматының «Қалқаман» ықшамауданында орналасқан № 6 қалалық емханасына гинеколог болып бірден жұмысқа қабылданды. Мұнда да өзінің жоғары кәсібилігі мен адамгершілік қасиетінің арқасында ұжымға тез сіңісіп, жеті жыл бойы тынымсыз қызмет атқарды. Ал 2009 жылы тәжірибелі дәрігер ретінде № 18 қалалық емхананың әйелдер консультациясы бөліміне ауысып, онда да талай нәзік жандылардың денсаулығын қалпына келтіруге, ана бақытын сезінуіне зор үлесін қосты.
Өмір бір орнында тұрмайды, арада біраз жылдар өткен соң Гүлдана әпкеміз отбасылық шешіммен Алматы іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылдық округіне көшіп келді. Сүйікті ісінен қол үзгісі келмей, қоныс аударған жылы ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға акушер-гинеколог болып орналасты. Бүгінде Гүлдана әпкеміз ауыл тұрғындарының зор құрметіне бөленген, жас мамандарға үлгі боларлық ақылшы ұстаз және өз ісіне адал нағыз майталман дәрігер ретінде жемісті еңбек етіп келеді.
Ерен еңбегі еленіп, ел құрметіне бөленген Гүлдана Кәрімбаева – денсаулық сақтау саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті дәрігер, көптеген мәртебелі марапаттардың иесі. Өз кәсібіне деген адалдығы мен жоғары кәсібилігінің арқасында ол талай мәрте Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыс әкімдігінің және жергілікті атқарушы органдардың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Саналы ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған ақ халатты абзал жанның бұл жетістіктері – маңдай тер мен тынымсыз еңбектің шынайы көрінісі.
Гүлдана Кәрімбаева жұмыста беделді маман, ұжымда сыйлы әріптес қана емес, шаңырақтың құты, үлгілі отбасының ұйытқысы. Ол аяулы жар, перзенттеріне қамқор ана, немерелеріне ардақты әже. Жұбайы Қанатбек Кәрібаевпен бірге тату-тәтті, берекелі ғұмыр кешіп, Гүлім, Айым және Аңсар есімді үш баланы тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұядан ұшырып, қанаттандырған перзенттерінен тараған екі немеренің қызығына кенеліп, әулеттің алтын діңгегіне айналған өнегелі ата-әже болып отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

