Біз кейде ел ауызындағы түрлі кәсіп иелерін сөз етіп, оның маңызын да, қызметтік парызын да әспеттеп, мәртебесін арттырып жатамыз. Ал кейде тасада қалып, тұрлаусыз тіршілікте табандылық танытып жүрген жандарды байқамаймыз. Олардың ішінде адал еңбегімен қалтқысыз қызмет етіп, тек қана бір елге ғана емес, тұтастай жер жаһан үшін жұмыс істейтіндер қаншама. Солардың санатына дөңгеленген дүниедегі диірменшілерді ойланбай қосуға болады.
Бір түйір дәннің қадірін түсінетін бұл мамандық атауы адамның бойынан төзімділікті, қажыр-қайратты талап етеді. Сондықтан мұндай кәсіптің ұршығын иіріп жүрген жандардың еңбегін ерекше ескеру заңдылық деп білеміз. Осы бағыттан тайқымай, жауапкершілік жүгін арқалаған азаматты жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі марапаттап, жалпақ жұрттың алдында «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне жарқырата тақты. Біз сөз етіп отырған бұл құрметтің иесі, жерлесіміз, «АзияАгроФуд» акционерлік қоғамының диірменшісі – Төлеев Нұрлан Әкімханұлы.
Екінің бірі Мемлекет басшысының ыстық ықыласына ие болмайтыны анық қой. Сондықтан Нұрлан ағаның Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан маңызды марапатты алудың өз жөні бар. Бұл ізгі ілтипат – қаншама жыл төккен тер мен сарқылмас күш-қайраттың нәтижесі. Дәнді ұнға айналдырып, бидайдың қасиетін ұлықтаған осындай еңбек адамын қалай мақтаса да жарасады. Осы ретте біз де жақында орайын тауып, тәжірибелі диірменшімен кездескен едік. 60 жастың асқарынан асып, 70-тің жетегіндегі Нұрлан Төлеевтің еңбек жолы, расымен, үлгі аларлықтай. Ендеше естігенімізді ой елегімізден өткізіп, оқырман қауымға жерлесіміз жайлы сөз етейік.
Нұрлан Әкімханұлы – шырайлы Шымкенттің тумасы. 1958 жылы осы шаһарда дүние есігін ашқан. Анасы Шарипа 10 құрсақ көтерсе, Нұрлан ағамыз осындай орнықты отбасының тұңғышы атанды.
Оның балалық балдәурені туып-өскен өлкесінде өтті. Шым қаладағы №26 Жамбыл атындағы онжылдық орта мектепте білім алып, 1975 жылы түлеп ұшты.
Жастайынан техникаға қызыққандықтан, Нұрлан Әкімханұлы мектепті бітіре сала үш айлық кәсіптік курстың «механизатор» мамандығын меңгерді. Трактордың тізгінінде жүріп, бірнеше ай егістіктің басында жер жыртып, нәпақа тапты. Одан кейін құрылыс материалдары комбинатына арматура дайындаушы болып жұмысқа орналасты. Аталған өндіріс орнында 18 жастан асқанша еңбек етіп, 1977 жылдың көктемінде Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанды. КСРО құрамындағы елдердің азаматтарымен бір қатарда сап түзеп, Украинаның Житомир, Бердичев сияқты қалаларында жауынгер ретінде шыңдалды.
1979 жылы елге оралған соң Нұрлан Төлеевтің ендігі арманы жоғары білім алу еді. Бұл бір жағынан, асқар тау әкесінің де тілегі болды. Өйткені Әкімхан Төлеев баласының тракторшы болып, жер жыртқаннан гөрі жастайынан жақсы бір кәсіпті игергенін қалады. Сөйтіп, Нұрлан Әкімханұлы Тараз қаласындағы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға тапсырып, «астықты сақтау және қайта өңдеу» мамандығында білім алды.
Арада қанша жыл өтсе де Нұрлан ағамыз алғаш студент атанған сәтін де, факультеттегі профессорлардың сөзін де еш ұмытқан емес. Айтуынша, сол кезде болашақ диірменшілер үшін бір ғана талап болған. Ол – елдегі астық көлемін ұлғайту.
– Институтқа алғаш келген кезімізде декан, профессорлар былай деді: «Біз – астықты елміз. Сондықтан астық сақтау қоймасын 20 миллионға, ал ұн өндіруді 2,5 миллионға дейін жеткізуіміз керек».
Бізге қойған талап осы еді. Мұны еш ұмытқан емеспін. Содан кейін менде мақсат пайда болып, мамандыққа деген қызығушылық арта түсті, – деп Нұрлан Әкімханұлы институтқа түскен сәтін еске алды.
Ол аталған оқу ордасында 5 жыл оқып, нағыз білікті маман болды. Институттың арнайы жолдамасымен 1984 жылы КСРО құрамындағы Тәжікстанға аттанып, осы елдің астанасы – Душанбеден шамамен 15 шақырымдай жердегі Азиядағы ең үлкен 500 тонналық диірменде еңбек етті. Мұнда үш жылдай жұмыс істеп, елге оралғаннан кейін Қазақстандағы ең ірі деп саналатын үш диірмен зауытының біріне басшы болды. Ол Оңтүстік Қазақстанға қарасты Түлкібаста стансасында орналасқан еді.
Оның ең ірі аталуының да өз себебі бар. Ендеше осы зауыттың құрылу тарихына қысқаша тоқтала кетсек, артық болмас. 1982 жылы Қазақстанның нан өнімдері жүйесін дамыту қолға алынған. Осы мақсатта «1982-1990 жылдардағы ұн тарту-жарма өнеркәсібінің материалдық-техникалық базасын нығайту туралы» Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданған болатын. Бұл кезеңде әлемге әйгілі швейцариялық «Бюллер» фирмасының лицензиясы бойынша отандық өнеркәсіп шығаратын жоғары өнімді жабдықтармен жарақтандырылған жаңа диірмен зауыттарын салу жоспарланды. Сөйтіп, 1990 жылға дейін Қазақстанда тәулігіне жалпы қуаттылығы 2300 тоннаға жететін осындай 6 зауыт салу көзделді. Атап айтқанда, Арқалықта – 300 тонна, Петропавл, Шемонайха, Талдықорған, Павлодар қалаларының әрбірінде 250 тоннадан, сонымен қатар қуаттылығы 500 тонна болатын Орал маңындағы Желаевта, Ақтөбе маңындағы Жаңа-Әлжанда және Түлкібаста зауыттар салыну жоспарланды. Дегенмен осы аталғандардың ішінде Арқалықта, Түлкібаста, Желаевта және Жаңа-Әлжанда ғана іргетасы қаланды.
Міне, жоғарыда атап өткендей, Тәжікстаннан тәжірибе жинап келген Нұрлан Төлеев 1987-1989 жылдары Түлкібас стансасындағы ең ірі диірмен зауытына жетекшілік етті. Аталған кәсіпорында жемісті еңбек етіп, ондағы жұмысты бір жүйеге келтірді. Одан кейінгі жылдары Алматыдағы КСРО Астық өнімдері министрлігіне қарасты басқармада, Ақтөбедегі диірмен комбинатында бірнеше жауапты лауазымда қызмет істеп, диірменші ретінде әрбір мекемені табысты ортаға айналдырды.
Нұрлан Әкімханұлының жоғарыда аталған зауыттар мен комбинаттардағы байыпты басшылығы 2-3 жылдың көлемінде болса, қазіргі жұмыс орнына айналған «АзияАгроФуд» акционерлік қоғамындағы еңбек өтілі 30 жылға жуықтаған.
Иә, Нұрлан ағамыз ел мақтанышына айналған «АзияАгроФуд» компаниясында 1999 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бұл кезде диірмен зауыты енді құрылып жатқан еді. Өйткені оған дейін бұл кәсіпорын Шамалған нан өнімдері комбинаты ретінде жемді сұрыптайтын мекеме болатын. Кейінгі жылдары әлемге танымал компания саналатын «Бюллердің» жабдықтары орнатылып, кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 250 тоннадай бидай өңдейтін деңгейге жетті. Соның нәтижесінде 1999 жылдың соңында диірмен зауыты құрылып, республика көлемінде ұнмен қамтамасыз етуші алып компаниялардың біріне айнала бастаған.
Арада қанша жылдар өтсе де Нұрлан Әкімханұлының «АзияАгроФудқа» орналасқан кезі бүгінгі таңда ескірмес естелікке айналған. Тәжірибелі диірменші бүгінгі күнге дейін талай жастың ұстазына атанып, мықты маман болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосуда. Қас-қағым сәттей өтіп кеткен уақытта, шынымен, талай буынның бұғанасын қатайтып, жол сілтеген тәлімгер болғанына таңғалады.
– Мен алғаш «АзияАгроФуд» компаниясына келгенде жастар да еңбек жолын енді бастап жатқан еді. Оларға: «бұл жерде әлі сендердің балаларың жұмыс істейтін болады», – деп күлуші едім. Расымен, сол уақытқа жетіппіз ғой. Сөйтсем, бір буынның орнын екіншісі басуда. Қазір осы жүйе қалыптасып келе жатыр. Кәсіпорынымыз мамандарға трамплин сияқты. Біз сияқты бұрыннан істейтіндер білгенімізді үйретіп, жол көрсетеміз. Ал олар өз орындарын тауып, жоғарылап, жауапты қызметтерге орналасып жатады. Әрине, ондай білімді жастардың болғанына қуанамыз.
Кезінде маған да түрлі лауазымды қызметтер ұсынбады емес, ұсынды ғой. Бірақ жаныма жақын, тыныштық сыйлайтын өз жұмысым өзіме ұнайды. Мен кезінде жан-жақты шарлап, әбден көрген адаммын. Одан да көрген-білгенімді кейінгі ұрпаққа үйретіп, сапалы кадр дайындауды жүйелі жүргізсем жеткілікті, – деді ол.
Сапалы кадр демекші, Нұрлан Төлеевтің мектебінен өткен азаматтардың бірі – «АзияАгроФуд» АҚ-ның қазіргі басшысы Саян Ашенов. Оның жетекшілігімен кәсіпорын бүгінгі таңда астық өнімін жоғары дәрежеге жеткізіп отырған ең ірі компаниялардың біріне айналуда.
Нұрлан Әкімханұлының жасы алпыстан асып, жетпіске жақындағанымен күш-қайраты да, қауқары да, білім-білігі де сол қалпында. Зейнет жасынан асса да диірменшінің тәжірибесі, келелі кеңесі кәсіпорынға ауадай қажет. Сол үшін қызметінен қол үзбей, әріптестерінің ортасында сыйластығы жарасып, бір әулеттің балаларындай қоян-қолтық жемісті еңбек етуде. Оның осындай сан жылдық табандылығы, Президент назарына ілігуі де бекер емес шығар. Қырық жылдық қызметтің құрмет төрінде бағалануы – оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен адалдығының айқын көрінісі.
Бір қызығы, Нұрлан ағамыз осы уақытқа дейін ел басқару жолындағы үш бірдей көреген басшымен кездескен екен. Алдымен КСРО кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевты, одан кейін Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты өңірлерді аралау кезінде халық арасында көріп қалған. Енді, міне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзімен жүзбе-жүз кездесіп, қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алып тұрған жайы бар.
Айтпақшы, мұндай маңызды марапаттың бұйыруын Нұрлан ағамыз тектен-тек емес екенін айтып, әзіл-қалжыңмен ойын жеткізді. Айтуынша, бұл бір атадан балаға дәстүрмен жалғасып жатқандай.
– Менің атам Төле – кезінде колхозды құрған адам. Оның жетекшілігімен сол заманда қойдың саны керемет өсіп, еңбегі жоғары бағаланыпты. Тіпті, Мәскеуге арнайы барғанда Сталин қолын алып, мемлекет қайраткері Калинин тамақ берген екен. Сондықтан менің Президентпен кездесуім бекер емес сияқты, – деді ол.
Нұрлан Әкімханұлының отбасы жайлы айтар болсақ, оның өмірлік жары Гүлжан Бейсебаева да «АзияАгроФуд» компаниясында қызмет етеді. Екеуі бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп келе жатқанына биыл 37 жыл толып отыр. Көз қуаныштарына айналаған қос перзентіне ата-аналық ақылын дарытып, бүгінде солардың қызығын көруде. Үйдің үлкені Азамат тамақ қауіпсіздігі бойынша бакалавр бағытында білім алып, қазіргі уақытта магистратурада оқиды. Ал кенже ұлдары Болыс болса Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «архитектура» мамандығы бойынша магистратурада оқып жатыр.
Дөңгеленген дүниеде диірменші атанған Нұрлан Әкімханұлы, міне, осындай жан. Еңбектің адамына айналған ардақты азаматтың өміріне тек жақсылық, ғибратты ғұмырының ұзақ болуын тілейміз!
Қоғам құбылып, заман өзгерсе де Нұрлан ағадай диірменшілердің қалтқысыз қызметтері ешқашан ұмытылмайды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

