Қарасай жері – күн санап тамыры терең жаңалықтармен толығып, серпінді дамып келе жатқан Алматы облысындағы ең ірі әрі стратегиялық маңызы жоғары аудандардың бірі. Осынау қарбалас тіршілік пен сан түрлі қоғамдық-саяси, мәдени-экономикалық оқиғалардың бел ортасында жүріп, ауданның тыныс-тіршілігін қалың бұқараға қалтқысыз, шынайы әрі жедел жеткізіп отырған бірден-бір негізгі ақпарат көзі – 93 жылдық бай тарихы бар, елдің ыстық ықыласы мен шексіз сеніміне ие болған «Naqty» газеті. Осы уақыт ішінде бұл басылым ауданның шынайы айнасына айналып, талай тарихи сәттер мен елеулі өзгерістердің, жасампаз істердің тірі шежіресін хатқа түсірді. Әр жылдары заман ағымына сай атауы өзгерсе де, халыққа қызмет ету мұратынан айнымаған басылым бүгінде өңір баспасөзінің флагманы болып отыр.
Заман талабы мен цифрлық технологиялардың қарыштап дамуына байланысты, бұл байырғы медиа ұжым тек дәстүрлі қағаз форматымен ғана шектеліп қалмады. Бүгінде оқырман қауым мен ғаламтор қолданушылары ақпаратты жедел, сапалы әрі ыңғайлы форматта қол жеткізу үшін «Naqty.kz» желілік басылымы ақпарат айдынында белсенді жұмыс істеп тұр. Оған қоса заманауи трендтерге сай түрлі танымал әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары мен арнайы сапалы бейнеконтент ұсынатын YouTube арнасы да ақпарат кеңістігінде өзіндік дара орнын тапты. Осылайша, басылым заманауи мультимедиалық бағытты берік ұстанып, өзінің аудитория аясын барынша кеңейте түсті және уақыт көшінен қалмай ілгерілеп келеді.
Қазіргі таңда «Naqty» газеті мен «Naqty.kz» желілік басылымы бір арнаға тоғысып, «Atlant Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында жемісті қызмет атқарып келеді. Одан бөлек серіктестіктің иелігінде «Сөйле» атты ютуб каналы да бар. Аталған жобаның мақсаты – ерекше, тылсымға толы жерлерді оқырман қауымға таныстыру және қызықты ақпараттармен бөлісу. Сонымен қатар мұнда мобилография, SMM, таргет сияқты бағыттарда білім беретін «Шапағат» оқу орталығы да жұмыс істейді.
Жалпы айтқанда, заманауи медиахолдингтің қарамағына өту басылымның шығармашылық әлеуетін айтарлықтай арттырып, техникалық мүмкіндіктерін нығайтуға және аудан тынысын жаңа сапалық деңгейде көрсетуге үлкен серпін берді. Сапалы контент пен жедел де шынайы ақпарат таратуды басты мақсат еткен ұжым бүгінде Қарасай ауданының басты ақпараттық бренді ретінде өзінің жасампаздық миссиясын абыроймен атқарып келеді. Маусым айының 28-і күні елімізде аталып өтетін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында оқырмандарды осы қара шаңырақта еңбек етіп, ауданның күнделікті тыныс-тіршілігін, жетістіктері мен мәселелерін арқау етіп жүрген шығармашылық ұжымды жақынырақ таныстырсақ, артық етпес.
Исаева Атлана Жанатқызы
Ұжым тынысы мен жетістіктері туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, осы қара шаңырақтың көшбасшысына, білікті жетекшісіне тоқталуды жөн көрдік. Атлана Жанатқызы – бүгінде өзі еңбек етіп, қаламына арқау еткен қасиетті, тарихи Қарасай жерінің тумасы. Ол аудан орталығы Қаскелең қаласындағы В. Белинский атындағы орта мектепті үздік бітіріп, содан кейін қазақ журналистикасының қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алды.
Жоғары оқу орнын 1998 жылы тәмамдаған бойда, еңбек жолын бүгінде өзі жетекшілік етіп отырған Қарасай аудандық «Naqty» (бұрынғы атауы «Заман жаршысы») газетінде корректор ретінде бастады. Осылайша, қарапайым лауазымнан басталған жол үлкен кәсіби өсуге ұласты. 2010 жылға дейін осы редакцияда тілші, жаңалықтар мен ақпарат бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың міндетін атқарушы және бас редактордың орынбасары сияқты жауапты қызметтерді сатылап, абыроймен атқарды. Кейін біраз жылдар бірнеше жекеменшік компанияларда бас менеджер, директордың орынбасары лауазымдарында басқарушылық тәжірибе жинақтады. Алайда баспасөз басылымына деген сағынышы мен мамандыққа деген адалдығы оны 2014 жылы Қарасай аудандық газетіне бас редактор лауазымына алып келді. Содан бері газеттің тізгінін нық ұстап, басылымды жаңа белестерді бағындыруға күш салуда.
Сонымен қатар ол қоғамдық-саяси өмірде де өте белсенді. Ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының Алматы облыстық өңірлік кеңесінің мүшесі, сондай-ақ «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде бірнеше шақырылымдағы Қарасай аудандық мәслихатының депутаты болып сайланып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Атлана Жанатқызының медиа саласындағы 30 жылға жуық мінсіз қызметі мен елеулі еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағалануда. Ол Президент Жарлығымен жоғары мемлекеттік награда – «Шапағат» медаліне ие болды. Сондай-ақ отандық журналистиканы дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Мемлекет басшысының және ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының Алғыс хаттарымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі басшысының Құрмет грамотасымен, бірнеше мерейтойлық медальдармен, облыс және аудан әкімдерінің және қоғамдық ұйымдардың Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Мухтарова Танзиля Рауфовна
Орыс тілді журналистиканың майталманы Танзиля Мухтарованы өңірдегі ақпарат саласының нағыз ардагері деп сипаттауға әбден болады. Редакцияның орыс тіліндегі мазмұнына, мақалалардың сапасы мен шынайылығына жауап беретін Танзиля Рауфовна 1965 жылы 2 қарашада Қырғызстанның әсем Пржевальск қаласында (қазіргі Қаракөл) дүниеге келген. Туған қаласында орта мектепті, кәсіптік-техникалық училищені, содан кейін жергілікті педагогикалық институттың филология факультетін үздік белгімен бітірген. Білікті маман ретінде алғашқыда Ыстықкөл облысында сабақ беріп, Пржевальск педагогикалық институтының лингвистика кафедрасында ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысты. Жас мұғалім кейіннен екі жыл бойы Ресейдің Новосибирск облысында орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, ұстаздық тәжірибесін шыңдады. 1991 жылы Алматы облысындағы Қарасай ауданына қоныс аударды. Дәл осы жылдан бастап оның ақпарат айдынындағы үлкен жолы басталды.
Танзиля Мухтарованың қазақстандық ақпарат айдынында жүзіп жүргеніне биыл 35 жылға жуықтады. Оның шығармашылық жолы 1991 жылы Қаскелең аудандық «Ленинское знамя» газетінен бастау алып, кейіннен 1994 жылы ауданның маңызды жаңалықтарын облыстық деңгейдегі белгілі «Огни Алатау» баспасөзі арқылы жеткізуді де қатар қолға алды. Қос бірдей жауапты редакцияда қатар қызмет ету қаламы жүйрік, еңбекқор Танзиля Рауфовна үшін ешқандай қиындық тудырмады. Сондай-ақ Қарасай жері іргелес Жамбыл ауданымен шекаралас орналасқандықтан, тәжірибелі тілшінің көршілес аудандағы журналистердің орнын басып, жедел ақпарат таратқан кездері де аз емес. Жамбыл ауданының да жаңалықтарын облыс көлемінде жария етіп, екі бірдей ауданның оқырман қауымының ыстық ықыласы мен құрметіне бөленді. Ол өзінің саналы ғұмырының 34 жылында бірнеше бас редактордың жетекшілігінде тапжылмай қызмет етіп, әрбірінен жоғары кәсіби баға алды.
Мамандығына ерекше адалдық танытқан жанның елеулі еңбегі әрдайым қоғам мен мемлекет тарапынан лайықты бағалануда. Бұл тұрғыдан алғанда, Танзиля Мухтарованың журналистикада жеткен жетістіктері – кейінгі жастарға үлкен өнеге. Оның әрбір марапаты – көпжылдық табанды еңбегінің жемісі. Атап айтар болсақ, 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қарасай ауданының әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына қосқан үлесі үшін «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ журналистика саласындағы жоғары іскерлігі мен кәсібилігі үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болып, өткен жылы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні мерекесінде Президенттің Жарлығымен жоғары деңгейдегі «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Бұдан бөлек талай рет Алматы облысы мен Қарасай ауданы әкімдігі тарапынан Құрмет грамоталар мен Алғыс хаттармен марапатталған.
Елисеев Иван Сергеевич
Иван Елисеев – газеттің дизайнына және редакциядағы компьютерлік желілер мен техниканың үздіксіз жұмысына жауапты білікті маман.
Ол 1987 жылғы 4 сәуірде Қаскелең қаласында дүниеге келген, балалық шағы Шамалған ауылында өткен. 2005 жылы Қарасай батыр атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Қазақстан-Ресей университетіне (қазіргі Гуманитарлық академия) оқуға түсті. Мұнда ол «Информатика және есептеуіш техника» мамандығы бойынша білім алып, «Ақпаратты өңдеу мен басқарудың автоматтандырылған жүйелері» бағытын таңдайды. Жоғары оқу орнын 2009 жылы сәтті аяқтаған.
Кәсіби еңбек жолын студенттік жылдарында-ақ бастаған. Ең алғашқы тәжірибесін «Маклер» газетінің редакциясында жинақтап, онда жарты жылға жуық қызмет атқарды. Кейіннен университеттегі оқуын үзбей, Қаскелең қаласындағы «Юзбаков» жеке кәсіпкерлігінде компьютерлерді жөндеу және техникалық қолдау көрсету ісімен айналысты.
Алматы облысы мен Қарасай ауданы әкімдігі тарапынан талай рет Алғыс хаттармен марапатталған.
Абенова Айгерім Оңталапқызы
Газеттің көркемдік деңгейіне, бет-әлпетіне және мақалалардың сауатты да тартымды орналасуына жауапты білікті маман 1991 жылғы 26 қыркүйекте Ақтөбе облысының Шалқар қаласында дүниеге келген. 1993 жылы отбасымен бірге Қаскелең қаласына қоныс аударған. 2007 жылы С.Керімбеков атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Шамалған су шаруашылығы колледжінің «Жерге орналастыру» факультетіне оқуға түсіп, оны 2011 жылы сәтті аяқтаған.
Мамандығы бойынша еңбек жолын 2011 жылы «Корпорация Литер» ЖШС-де бастады. Сонымен қатар кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында дәл сол жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Кадастр» факультетіне қашықтықтан оқу нысаны бойынша түсіп, жоғары білім алып шықты. 2013 жылы «Cosmopolitan Kazakhstan», «За рулем», «Сырласу» секілді журналдар шығаратын «MediaLink» компанияда координатор болып жұмыс істеген. 2014 жылдан бастап 2022 жылға дейін «Гео-Алидада» ЖШС-де картограф маманы болып жемісті қызмет атқарды. Одан кейінгі 2022-2025 жылдар аралығында денсаулық жағдайына байланысты еңбек қызметінде уақытша үзіліс болды.
2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Naqty» газетінің редакциясында дизайнер лауазымында қызмет етіп келеді. Оның геодезия, картография және кеңістіктік деректермен жұмыс істеудегі көпжылдық тәжірибесі қазіргі баспа және медиа дизайн бағытындағы заманауи дағдыларымен үйлесім тапқан.
Мухамадиев Дидар Мәлікұлы
Газеттің әрбір нөмірін мұқият жоспарлап, оның мазмұнды әрі сапалы, дер кезінде оқырман қолына жетіп, ойдағыдай шығуына тікелей жауапты азамат – Дидар Мухамадиев. Бас редактордың орынбасары Дидар Мәлікұлы Шығыс Қазақстан облысы, тарихы бай Тарбағатай ауданындағы Қарасу ауылында дүниеге келген. Орта білімді туған ауылындағы Чкалов орта мектебінде бастап, кейіннен отбасылық жағдайлармен Қарасай ауданына қоныс аударып, мұндағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте ойдағыдай тәмамдаған. Ол білімге құштарлығының арқасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетіне оқуға түсіп, «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежесін сәтті қорғап шықты. Техникалық ғылымдарды меңгергеніне қарамастан, оның бойындағы гуманитарлық бағыт пен сөз өнеріне деген махаббат жеңіп, 2019 жылы екінші жоғары білім ретінде Шымкент халықаралық мемлекеттік техникалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша аяқтады.
Дидардың өмір жолы мен еңбек мектебі оның еңбекқорлығын көрсетеді. Студенттік жылдары білім ала жүріп, көптеген жерлерде еңбек еткен. Бірақ оның өміріндегі үлкен бетбұрыс пен нағыз шығармашылық жолы 2018 жылдың тамыз айында басталды. Дәл осы уақытта ол аудандық «Заман жаршысы» газетінің редакциясына жұмысқа қабылданып, өзінің жүрек қалауы мен нағыз мамандығын табу жолындағы ізденісі сәтті аяқталды. Осы қара шаңырақта ол алдымен қарапайым тілші, зеректігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көп ұзамай бас редактордың орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Бүгінде осы екі қызметті абыроймен атқарып келеді.
Еңбек жолында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Алматы облысының ішкі саясат басқармасының, Қарасай ауданы әкімдерінің атынан Құрмет грамоталар мен Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ бірнеше мекеме тарапынан да Алғыс хат алған. Одан бөлек «Самғау», «Мемлекеттік тіл мен БАҚ» секілді байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Салимова Ақтолқын Сейлханқызы
Жоғарыда аталған шығармашылық тұлғалар газеттің немесе ақпараттық басылымның мазмұндық және техникалық жұмысына жауап беретін болса, кез келген кәсіпорынның жүрегі іспетті қаржылық шаруалар мен қаражат жағына тікелей жауап беретін маман – Ақтолқын Салимова. Басылымның тұрақты дамуы мен экономикалық негізін қалап отырған Ақтолқын Сейілханқызы 1995 жылдың 1 қарашасында Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында дүниеге келген.
Ол 2011 жылы Т.Рысқұлов атындағы Экономикалық колледжге (қазіргі таңда танымал Нархоз университетінің құрамындағы колледж) «Есеп және аудит» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2014 жылы үздік бітіріп шыққан. Білімін одан ары тереңдету мақсатында дәл сол жылы Нархоз университетінің жоғары сатысына түсіп, 2017 жылы экономика және бизнес саласы бойынша бакалавр дәрежесін иеленді. Колледжді бітіргеннен кейін ол өзінің алғашқы практикалық тәжірибесін жинақтау үшін екі жылдай «Astana Monorails» ЖШС компаниясында кассир лауазымында жұмыс істеді. Кейіннен «Керимбеков» жеке кәсіпкерлігінде бухгалтер-кассир қызметін атқарып, кәсіби деңгейін өсірді. Ал 2018 жылы еліміздегі ірі медициналық алпауыт «Ордамед» компаниясына бухгалтер болып орналасып, ерекше қабілеті мен жауапкершілігінің арқасында екі жылдан соң «жетекші бухгалтер» лауазымына дейін жоғарылады.
Ал кейінгі төрт жыл көлемінде ол өзінің осынау үлкен қаржылық және бухгалтерлік тәжірибесін «Atlant Media» ЖШС-нің дамуына арнап, бас бухгалтер болып жемісті еңбек етуде. Оның ұқыптылығы мен қаржылық сауаттылығы ұжымның еш алаңсыз шығармашылықпен айналысуына үлкен қолдау болып отыр.
Кенжебекова Ақтоты Мырзабекқызы
Газеттің тағы бір білікті де білімді тілшісі, журналист – Ақтоты Кенжебекова. Жас маман – табиғаты көркем, жер жәннаты Жетісу облысының тумасы. Аталған облыстың әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында 1996 жылы көп балалы, берекелі отбасында дүние есігін ашқан. 2004-2014 жылдар аралығында Талдықорған қаласындағы В.И. Ленин атындағы №2 орта мектепте білім алып, оны бітірген соң, 2014 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетіне «Журналистика» мамандығы бойынша оқуға түскен. Білім ордасын 2018 жылы өте үздік нәтижемен аяқтап, «қызыл диплом» иегері атанды. Онымен тоқтап қалмай, заң үстемдігі мен құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында 2022 жылы аталған қара шаңырақта «Құқықтану» мамандығын да сәтті тәмамдап шықты.
Ақтоты өзінің алғашқы еңбек жолын оқуды бітірген бойда, яғни 2018 жылы Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының «Заман жаршысы» (қазіргі «Naqty») газетіне журналист ретінде бастады. Қарасай аудандық газетінің редакциясында қажырлы еңбек ете жүріп, ол өз мамандығының қыр-сырын терең танып, заман ағымына сай бірнеше медиа бағыттарда жұмыс істеуді шебер меңгерді. Қазіргі уақытта ол тек дәстүрлі аудандық газетте мақала жазып қана қоймай, медиахолдингтің ақпараттық YouTube арнасы мен ресми сайтында белсенді тілші, сонымен қатар оқиға орнынан жедел репортаждар дайындайтын кәсіби фотожурналист ретінде де қызмет етуде. Оның көпқырлылығы ұжымның ақпараттық деңгейін арттыруға үлкен септігін тигізіп отыр.
Ақтотының кәсіби шеберлігі мен елеулі еңбегі лайықты бағаланып келеді. Ол Алматы облысы мен Қарасай ауданы әкімдігінің, сондай-ақ бірқатар аудандық мекеме тарапынан да Алғыс хаттармен марапатталған. Бұған қоса, аудандық деңгейде жастар арасындағы «Жыл үздігі» сыйлығының иегері және «Мемлекеттік тіл мен БАҚ» байқауының 1-орын жүлдегері.
Алтай Әділет Жалғасбекұлы
Бүгінгі таңда ақпараттың басым бөлігі әлеуметтік желілер арқылы тарайтыны жасырын емес. Осы орайда, редакцияның әлеуметтік желілеріне жарияланатын ақпараттардың сауаттылығы мен жеделдігіне жауап беретін білікті маман – Алтай Әділет Жалғасбекұлы.
Ол 2004 жылғы 3 маусымда сырлы өлке Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімге деген құштарлығының арқасында 2021 жылы Қызылорда қаласындағы №271 Байұзақ Ермекбаева атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» тең келетін қызыл аттестатпен үздік тәмамдады. Сол жылы SDU университетінің «Журналистика» мамандығына мемлекеттік грант негізінде еш қиындықсыз оқуға түсіп, оны 2025 жылы сәтті аяқтап шықты.
Қазіргі таңда ол бір жылға жуық уақыт бойы «Naqty.kz» желілік басылымында SMM маманы және контент-мейкер ретінде жұмыс істейді. Оның негізгі лауазымдық міндеттеріне – медиахолдингтің барлық әлеуетті әлеуеттік желілерін (Instagram, TikTok, Facebook және т.б.) жүргізу, заманауи стористер мен визуалды контентті безендіру, тартымды посттар әзірлеу, сондай-ақ оқырман қауым мен аудиторияға тек нақты, тексерілген әрі сенімді ақпарат ұсыну кіреді. Әділеттің арқасында басылымның әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен оқырмандар саны артып келеді.
Қамзабек Ғазали Дарханұлы
Редакцияның заманауи бейнеконтенті мен визуалды сапасына жауап беретін жас дарын – Қамзабек Ғазали Дарханұлы. Ол 2005 жылы 26 шілде күні Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) киелі Түлкібас ауданына қарасты Жиынбай ауылында дүниеге келген. Кейіннен елордамыз Астана қаласындағы белгілі Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейді табысты бітіріп шықты. Дәл қазіргі уақытта ол – еліміздегі алдыңғы қатарлы SDU университетіндегі Журналистика мектебінің 4-курс студенті.
«Atlant Media» ЖШС қарасты «Naqty» газеті мен медиа құрылымына келмес бұрын, Ғазали ұзақ уақыт бойы мәдениет және өнер саласымен белсенді айналысқан. Ол өңірдегі және республикалық деңгейдегі көптеген мәдени іс-шаралар мен мерейтойларды жоғары деңгейде жүргізетін асаба болып жұмыс істеген. Бұдан бөлек, шығармашылыққа жаны құштар жас 1-сыныптан бастап домбыра үйірмесіне қатысып, өзінің саналы ғұмырының тең жартысын музыка өнеріне арнаған. Ол – тек домбыра шертіп қана қоймай, заманауи барабанда, бас гитарада шебер ойнайды және тамылжыта ән айтатын дауыс иесі. Оған қоса, дубляж өнеріне де үлкен қызығушылық танытып, түрлі танымал мультфильмдер мен бейнероликтерге кәсіби дыбыстама жасаған.
Бүгінгі таңда ол «Atlant Media» ЖШС құрамында өзінің осы барлық шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, білікті оператор және видеограф қызметін атқарып жүр. Оның қолынан шыққан бейнематериалдар жоғары сапасымен ерекшеленеді.
Оралғазы Ақниет Ринатқызы
Семей қаласында дүниеге келген жас әрі ізденімпаз медиа маманы «Atlant Media» редакциясында PR-менеджер болып жұмыс істейді. Бүгінде ол аталмыш серіктестік иелігіндегі «Сөйле» YouTube арнасын жүргізіп келеді.
2023 жылы Семейдегі №27 жалпы орта білім беретін мектепті тәмамдаған соң, кәсіби жолын заманауи бағытта өрбіту мақсатында SDU University-дің «Журналистика (ТВ және мультимедиа)» мамандығына оқуға түскен.
Теория мен практиканы қатар ұштастыруға ұмтылатын ол студенттік шағынан-ақ кәсіби ортада белсенділік танытып келеді. Осыған дейін «tañda.bilim» медиа жобасында автор-журналист қызметін атқарып, сапалы әрі танымдық контент жасауға өз үлесін қосты. Телевизия мен мультимедиа саласының қыр-сырын терең меңгеріп жүрген болашақ маман бүгінде медиа кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыру жолында еңбек етуде.

