Тұрғын үй кезегін жыл санап күткен қарасайлықтар өткен аптада шаңырақ шаттығына кенелді. Анығын айтар болсақ, Қарасай ауданының әкімдігінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтар» санаты бойынша баспанаға мұқтаж 20 адамға пәтер кілті берілді.
Бақытты жандардың мұндай қуанышына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов ортақтасты. Алдымен ол аудан көлемінде тұрғын үй құрылысы саласын дамыту басты назарда екенін жеткізді. Сонымен қатар осы мақсатта Үкімет тарапынан көптеген бағдарлама жүзеге асып жатқанын және оның бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын түсіндірді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үй құрылысын дамыту, баспанамен қамтамасыз ету ісі біздің басты мақсаттарымыздың бірі болып қала бермек. Осы бағытта Үкімет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылып жатыр.
Ал аталған пәтерлер «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, республикалық бюджет арқылы «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына» берілуде, – деді Ж.Естенов.
Одан кейін аудан басшысы баршасына ізгі тілегін арнап, 20 қоныс иесіне жаңа тұрғын үйдің кілтін табыс етті.
Ал баспаналы болған жандар мемлекет тарапынан осындай қолдау болып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, осы жұмыстарды жүзеге асыруға атсалысып жүрген аудан әкімдігіне алғыстарын айтты.
Мұндай қуанышты күнді асыға күткендердің бірі – ата-анасынан ерте айырылған Адэль Керімбекова. Ол туысқан ағасы Асхат Керімбековтің қамқорлығында болып, 20 жылдай тұрғын үй кезегін күткен. Ал қарындасының үйлі болғанына Асхат ағасы қатты қуанып, мемлекеттің осындай мүмкіндік сыйлағанына және баспаналы болуға бағыт-бағдар берген аудан әкімдігіне ризашылығын білдірді.
Шаңырақ шаттығына бөленгендердің қатарында ІІ топ мүгедектігі бар Гүлімжан Сағымбаева да бар. Ол 9 жылдан астам үй кезегінде тұрған. Енді, міне арман еткен күніне анасы Гүлмира Беделбаева екеуі жетіп отыр.
– Осы күнді көптен бер күткен едік. Жаңа үйдің кілтін қолымызға алғанымызға өте қуаныштымыз. Қызымның қонысы құтты болсын дегім келеді. Баспанасыз жүрген жандарға жұғысты болсын. Әр шаңырақта осындай той болып, қуаныштар көбейе берсін. Отбасымыздың мұндай күнге жету жолында көмек көрсетіп, қолдау білідірген аудан әкімдігінде алғысымды айтамын, – деді Гүлмира Беделбаева.
Айта кетейік, «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтар» санаты бойынша үлестірілген пәтерлер Қаскелең қаласы мен Елтай ауылындағы тұрғын үй кешендерінен берілді.
Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж азаматтар санатындағы 88 отбасыға, 2025 жылы 73 адамға пәтер берілген. Осы жылдың басынан бері кезекте тұрған 203 қарасайлыққа жаңа тұрғын үйлердің кілттері табысталды.
Ал жоғарыда атап өткен 20 үйден бөлек, осы жылдың соңына дейін тағы 66 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

