Осыдан 35 жыл бұрын Қарасай ауданындағы Алмалыбақ ауылында тарихи оқиға орын алды. Тәуелсіздік қарсаңында қазақ тілінде білім беретін жаңа мектеп ашылып, оның тізгінін 35 жастағы жас педагог әрі ғалым Әділхан Төлегенұлы Дүйсебек қолға алды. Бұл Алматы облысында тәуелсіздік рухымен дүниеге келген алғашқы қазақ мектептерінің бірі еді.
Сол кезде Әділхан Төлегенұлы ірі ғылыми-зерттеу институтында жауапты қызмет атқарып жүрген, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ғалым болатын. Соған қарамастан ол ұлттық мектептің тағдырына қызмет етуді таңдап, ғылымдағы мансап жолын жаңа білім ордасын қалыптастыру ісімен байланыстырды. Бұл тәуекелі мол, бірақ ел болашағы үшін жасалған тарихи шешім еді.
Ал жаңа мектептің ғимараты толық дайын емес, материалдық-техникалық базасы әлсіз, педагогикалық ұжымы жасақталмаған болатын. Оның үстіне ұзақ жылдар бойы орыстанған ортада қазақ мектебіне оқушылар тарту оңай шаруа емес еді. Алайда екі жарым айдың ішінде мектеп жаңа оқу жылына толық дайындалып, 1991 жылдың 1 қыркүйегінде шәкірттеріне есігін айқара ашты.
Тоқсаныншы жылдардың ауыр экономикалық қиындықтарына қарамастан, Әділхан Төлегенұлы білікті педагогикалық ұжым қалыптастырып, бұл білім ордасын республикаға танымал инновациялық мектептердің біріне айналдырды. Оның бастамасымен көпсалалы гимназия моделі енгізіліп, авторлық курстар мен жаңа пәндер оқытыла бастады, 10 балдық бағалау жүйесі сынақтан өткізілді. Кейін осы жаңашылдықтардың бірқатары республикалық деңгейде қолдау тауып, білім беру жүйесіне енгізілді.
Мектепте «Мұрагер» балалар ұйымы құрылып, оның Әнұранын Әділхан Төлегенұлының өзі жазды. Оқушылардың жас ерекшелігіне сай ұлттық нақыштағы мектеп формасы әзірленді. Балалар домбыра тартуға үйретіліп, сынып оркестрлері құрылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ана тіліне құрмет пен отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мектеп жұмысының басты бағытына айналды.
Әділхан Төлегенұлы қоғамдық қызметте де белсенділік танытты. Ол екі мәрте ауылдық кеңестің, кейін Алматы облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Мәслихаттың Білім және мәдениет жөніндегі тұрақты комиссиясын басқара отырып, ауыл мектептерінің мәселелерін көтеріп, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты бастамалар ұсынды.
1996 жылы Алматы облыстық мәслихатының сессиясын алғаш рет қазақ тілінде жүргізуі мемлекеттік тілдің қоғамдық-саяси өмірдегі беделін арттыруға қосылған маңызды үлес болды.
2000 жылы республикалық «Жылдың үздік мектеп директоры» байқауында Бас жүлдені жеңіп алуы оның білім беру ісіндегі ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілетінің жоғары бағаланғанын көрсетті.
Осындай іскерлік пен табандылықтың арқасында басталған игі іс өз жалғасын тапты. Алғашында қарапайым орта мектеп ретінде ашылған білім ордасы бүгінде республикаға кеңінен танылған әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицей дәрежесіне көтерілді. Осы оқу ордасынан түлеп ұшқан жүздеген шәкірт еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, әлемнің әртүрлі елдерінде еңбек етіп, ғылым, білім, өндіріс, мемлекеттік қызмет және бизнес салаларында табысты қызмет атқаруда. Бұл – ұстаздар ұжымының қажырлы еңбегі мен Әділхан Төлегенұлы негізін қалаған білім мен тәрбие жүйесінің өміршеңдігінің айқын дәлелі.
2004 жылдан бастап оның қызметі республикалық деңгейге көтерілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті ретінде білім беру саясатының маңызды бағыттарын қалыптастыруға қатысып, 2007 жылы «Білім туралы» заңды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының құрамында еңбек етті.
Оның ұсыныстарымен бастауыш сынып мұғалімдерінің апталық жүктемесі 20 сағаттан 18 сағатқа қысқартылып, педагогтерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге жазылуға қаржылай қолдау көрсету нормалары енгізілді. Бүгінде бұл тетіктер мұғалімдерді әлеуметтік қорғаудың маңызды құралдарының бірі болып отыр.
2013 жылы ол 12 жылдық білім берудің мемлекеттік стандарттарын әзірлеуге жетекшілік етті. Бұл құжатта балаларды бастауыш мектепте ана тілінде оқыту, ұлттық құндылықтарды терең меңгерту, жоғары сыныптарда кәсіптік бағдар беру және заманауи құзыреттіліктерді қалыптастыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.
2015 жылдан бастап республикалық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығында қызмет атқарып, оқулық сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізді. Оның бастамасымен оқу жоспарлары мен бағдарламаларын сараптау жүйесі енгізіліп, ұйымның қызмет аясы кеңейді. Нәтижесінде мұғалімдер мен оқулық авторлары арасындағы байланыс нығайып, білім мазмұнының сапасын арттыруға жол ашылды.
Әділхан Төлегенұлының азаматтық ұстанымы балалардың құқығы мен мүддесін қорғауда да айқын көрінді. Ол жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп, балалардың психологиялық саулығын қамтамасыз ету қажет екенін ғылыми тұрғыда негіздеді. Сонымен қатар бес жасар балаларды мектепке ерте қабылдау бастамасына қарсы пікір білдіріп, балалық шақтың табиғи заңдылықтарын сақтаудың маңызын қорғады.
Соңғы жылдары ол ұлттық құндылықтарды білім мазмұнына енгізу мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Оның бастамасымен құрылған Ұлттық құндылықтар академиясы білім мен тәрбиенің біртұтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық алаңға айналды.
Әділхан Дүйсебектің көрнекті педагог-ғалымдарды бір мақсатқа жұмылдыра отырып, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамасы – тәуелсіз Қазақстанның білім беру тарихындағы маңызды интеллектуалдық жетістіктердің бірі. Бұл ұлттық идеяны білім мазмұнымен ұштастырып, оны ғылыми-педагогикалық модель дәрежесіне көтеруімен құнды.
Бүгінде Әділхан Төлегенұлы – ұстаздық пен ғалымдықты, білім саясатын ұйымдастыру мен қоғамдық қызметті үйлестіре білген көрнекті тұлға. Оның өмір жолы тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасу және даму тарихымен тығыз сабақтасып жатыр.
Саналы ғұмырын ұлт мектебінің өркендеуіне, білім мен тәрбие сапасын арттыруға арнаған азаматтың еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» және «Ахмет Байтұрсынұлы» медальдарымен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік және қоғамдық марапаттармен наградталды.
Қазақ халқының ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім» деген еді. Осы тұрғыдан қарағанда, Әділхан Төлегенұлының бүкіл ғұмыры қазақ мектебінің жанына айналған ұстаздың тағдыры деуге болады. Жұбайы Шәрипамен бірге өнегелі әулет қалыптастырып, бүгінде балалары мен немерелерінің қызығын көріп отырған ардақты әке, қадірлі ата.
Мерейлі 70 жасқа толған Әділхан Төлегенұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілейміз! Оның ұлт мектебін дамыту жолындағы қажырлы еңбегі, мемлекетшіл ұстанымы мен азаматтық болмысы кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге болып қала беретіні сөзсіз.
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
Биология ғылымдарының докторы, Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі.

