Адамзат тарихының бетінде Ұлы Отан соғысы деген атпен қалған 1941-1945 жылдар аралығындағы қанды қырғынның аяқталғанына биыл 81 жыл толып отыр. Десе де жаһанды дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті көптеген адамдардың жадында әлі күнге дейін өшпестей із қалдырды. Әсіресе, сол соғыста жақындарын жоғалтқандардың жүректерінде ауыр жарақат қалды. Себебі қазақ жерінен сұрапыл шайқасқа 1 миллион 387 мыңға жуық жас сарбаз аттанса, соның тең жартысы туған жерлеріне қайтпай, майдан алаңында қайтыс болды. Жеңістің қуанышын, жақындарының құшағын көре алмаған жауынгердің қатарында Матқалық Дауренбаев та бар. Өзге жас боздақтармен майданға аттанған ол өзін жақсы жауынгер ретінде көрсетіп, аға сержант атанып, взвод командирінің орынбасары болды. Сонымен қатар білімді сарбаз орын алып жатқан оқиғаның барлығын құжаттап жүрген әскери тілшінің де қызметін атқара білді.
Матқалық Дәуренбайұлы – табиғаты көркем, жері тарихи ескерткіштерге бай Жамбыл ауданының тумасы. 1912 жылы аталған өңірге қарасты Еңбекшіарал ауылында қарапайым әрі құрметті отбасында дүниеге келген.
Әкесі Дәуренбай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (бұрынғы Алматы педагогикалық институты) аға оқытушы болып сабақ берген. Сондай-ақ Верный, қазіргі Қаскелең мен Талғар қалаларында саудамен айналысқан. Яғни кейіпкеріміздің әкесі тек кәсіпкер ғана емес, сауатты, айналасына құрметті азамат болған. Сондықтан әкесі оның болашақта саналы, зерек болып қалыптасуына үлкен ықпал еткен.
Білімге ерекше құштарлығы бар жас өрен алдымен Ташкент қаласында екі жыл курста оқып, кейін Алматы қаласындағы педагогикалық институтқа түсіп, оның тарих-география факультетінің алғашқы түлектерінің бірі атанды. Болашағын білім саласында көрген жас оқуын тәмамдаған соң, 1935 жылы қаладағы №46 мектебіне ұстаз болып жұмысқа орналасты. Өзін білікті әрі белсенді маман ретінде көрсете білген Матқалық арада бір жыл өткеннен кейін мектеп директорының лауазымына дейін көтерілді.
Осы қызметінде жұмыс істеп жүріп, 1939 жылы Алматы қаласы Сталин ауданы (қазіргі Алмалы ауданы) әскери комиссариатының шақыртуын алып, әскер қатарына аттанды. Алайда азаматтық борышын өтеп, үйіне қайтуға дайындалып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, 1941 жылы майдан алаңына жіберілген. Жас сарбаз соғыстың алғашқы күндерінен-ақ Брест қамалын қорғаған жауынгерлердің қатарына қосылды.
Брест – Минск қаласына апаратын негізгі тас жолды қамтығандықтан, соғыс кезінде шабуылға ұшыраған алғашқы бекіністің бірі. Мұндағы солдаттар немістердің сандық басымдығына және артиллерия мен әуе қолдауына қарамастан, жауды бір апта бойы тоқтатты. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін немістер ақыры Брест қамалының негізгі бекіністерін басып алып, қирата алды. Бұл тарихқа ең қанды қоршаулардың бірі, сондай-ақ Кеңес әскерінің жоғары батылдығын көрсететін ең үлкен шайқастардың бірі ретінде енді.
Шақырған соң осы жерге жіберілген Матқалық Дәуренбайұлы жай ғана қатардағы сарбаз емес, взвод командирінің орынбасары, аға сержант болды. Оған қоса білімді әрі сауатты жауынгер сол уақыттағы майданның тыныс-тіршілігін жазып, газет беттеріне жариялап жүрген әскери тілшінің де қызметін атқарған. Оның жариялаған материалдарында көрсетілген әскери тәртіп, сол заманның талабы, тәрбиелік мәні зор деректер, жауынгерлердің аты-жөндері, басқа да маңызды мәліметтері бүгінде маңызды ақпарат болып табылады.
Құдай қосқан қосағы Мырзатайға Матқалық Дауренбаевтан келген соңғы хаты 1941 жылдың мамыр айында жазылған екен. Одан кейін ол кісіден ешқандай хабар болмаған. Тек сол жылдың аяғында әскери комиссариаттан «Із-түзсіз жоғалды» деген анықтама келген. Көп жыл бойы Брест қамалын қорғау барысында ерлікпен қаза тапқан Матқалық Дәуренбайдың нақты тағдыры беймәлім болып келді. Тек араға 75 жыл салып, 2016 жылы оның дәл осы Брест қамалында қаза тапқаны анықталды. Қазақстандықтар туралы мәлімет жинаған зертеуші Ләйлә Ахметованың арқасында табылған бұл дерек оның есімін қайта жаңғыртып, тарихи әділдіктің орнауына жол ашты. Сондай-ақ ол кісінің жариялаған бірқатар еңбектері де табылды.
«Старший сержант Дауренбаев Маткали – помощник командира стрелкового взвода 5-стрелковой роты 2-стрелкового батальона 333-стрелкового полка. Родился 1912 году в п. Энбекши-Арал, Джамбулского р/на, Алма-Атинской области. Призван в армию в октябре 1939 г. Сталинском РВК. г.Алма-Ата».
«1941. Брестская крепость. Казахстан» атты Отан соғысының басталуы мен Брест қамалын қорғаудың 75 жылдығы құрметіне шығарылған кітаптан үзінді.
Мәселен, 2022 жылы мұрағаттан 1941 жылы Брестте шыққан «Часовой Родины» газетінде жарияланған М.Дауренбаевтың жауынгерлерге КСРО Қорғаныс Халық комиссарының бұйрығын таныстыру жұмыстарын жүргізу сәтінен 2 суреті мен мақаласы табылып, ұрпақтарына берілді. Ал 2022 жылы «Военная журналистика 1940 – 22.06.1941 годов: на примере публикаций военкора М.Дауренбаева» атты кітабы жарық көріп, әскери газетке жарияланған 45 мақаласы оқырманға ақпарат құралдары арқылы жеткізілді. Кітаптың тұсаукесері ұлттық университетте конференция ретінде өтті. Бұл оқу құралы журналистика факультетінің студентері үшін, медиа және қоғаммен байланыс қызметкерлерінің дайындау, жастарға патриоттық тәрбие беру міндеттерін іске асыру үшін қажетті оқулық болып табылады.
Матқалық әскерге аттанғанда артында әкесі Дәуренбай, зайыбы Мырзатай және 3-4 жастағы екі ұлы – Мәлік пен Айдар қалған. Анасы Рәзия өмірден ерте озған. Көп ұзамай, артында қалған бауыры Ыбырайым да Алматы педагогикалық институттың үшінші курсында оқып жүргенде әскер қатарына шақыртылған. Алайда ағасының артынан кеткен бауыры соғыстан аман-есен капитан шенінде еліне оралып, ұстаз, одан кейін мектеп директоры болып, зейнетке шыққанша білім жолында еңбек етті.
Ел тарихының бір бөлшегі ғана емес, ұлттық рухтың, қайсарлық пен адалдықтың айқын көрінісі болған Матқалық Дәуренбайұлының жолын бүгінде оның балалары мен немерелері жалғастырып, мемлекеттің даму жолында еңбек етуде.
Соның ішінде ұлы Айдардан тараған немересі Амангелді Дәуренбаевты ерекше атап өтуге болады. Алматы зооветеринарлық және Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітіріп, алғашқы еңбек жолын Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданындағы «Ұзынағаш» кеңшарында зоотехник болып бастаған Амангелді Айдарұлы әр жылдары Алматы облысына қарасты Қарасу, Райымбек, Қаблиса секілді ауылдық округтері мен Қарасай ауданының әкімі қызметін атқарды. Сондай-ақ Алматы облысы әкімі аппараты қаражат-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, әкім аппаратының жетекшісінің көмекшісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде де жұмыс істеген.
«Құрмет» ордені және бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған ардагердің ұрпағы қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «мемлекеттік ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық ізденістер институты (ГИСХАГИ)» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары лауазымында еңбек етуде.
Азаматтық пен ұстаздықты жанына жалау етіп, артына игілікті іс пен құнды еңбектер қалдырған аға сержант Мәтқалық Дәуренбаевтың өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ол кісінің даңқы мен тарихтағы орны жыл өткен сайын тек жанданып келеді. Әсіресе, аталарының ерлігін мақтан тұтып, рухын ардақтап жүрген артындағы ұрпағының арқасында оның есімі де, ерлігі де ұлықтала бермек.
2021 жылы жауынгер ұрпақтары Мырзатай апаларының айтқан естеліктері мен архив деректерін жинақтап, «Қара шаңырақ» атты отбасылық кітап шығарды. Аталған кітапта М.Дәуренбаевтың Алматы қаласының архивінен және Брестен жіберген фотосуреті, жазған хаттары, әскери комиссариаттан келген анықтамалар берілген. Бұл құжаттар отбасылық жәдігер болып мәңгі сақталары сөзсіз.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

