Адамзат тарихында сан түрлі соғыс болса, соның ішінде ел тыныштығын бұзғаны, жүрекке жараса салғаны, өткен күннің белгісі болғаны – екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы.
Зұлмат кезеңге айналған бұл майданның кесірінен қаншама ана бауыр еті баласынан, талай әйел арқасүйер ерінен айырылып, біраз бала жетімдіктің күйін кешті. Сондықтан сұм соғыстың санадан өшуі мүмкін емес.
Осынау оқ пен оттың ортасында қару асынып, жеңісті күнді жақындату жолында жанын пида еткен батырларымыз жетіп артылады. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстаннан 1 млн 200 мың азамат Ұлы Отан соғысына аттанып, 400 мыңға жуығы елге оралмаған.
Мұндай рухы мықты қару асынған қайсар жандардың арасында Қарасай жерінен майданға аттанған боздақтар аз емес. Солардың бірі – Көкбас Талқанбаев (шын есімі Смағұл).
Ұлы Отан соғысына жалпы Қаскелең ауданынан (қазіргі Қарасай) 8 мыңдай сарбаз аттанса, олардың ішінен тек 4416 азамат қана майдан даласынан еліне қайтқан. Біразы аман-сау келсе, көбі жарақат салдарынан мүгедек күйінде оралған. Ал қалғаны хабар-ошарсыз кетіп, соғыс даласында шейіт болған. Оның арасында жоғарыда біз айрықша атап өткен Көкбас Талқанбаев та бар.
Арыстай азаматтың ел-жұртынан алыстап, бейбіт өмірдің орнауы үшін кеудесін оққа тосқаны ерлік екені айтпаса да белгілі. Алайда Отанына орала алмай, жат жерде опат болғаны жақындарының қабырғасын қайыстырып, еріксіз мұңға батырды.
Былтыр ғана өмірден өткен жалғыз, туған қызы Роза Унайбекованың (Талқанбаеваның) жазбасына сүйенсек, әкесі 1941 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, жауынгер ретінде майданға жіберілген. Шайқас кезінде ауыр жарақат алып, әскери госпитальда ұзақ уақыт ем алған. Денсаулығы қалпына келген соң 1942 жылдың күз айында әскерге қайта шақырылып, майданға аттанған. Соғыс даласында сағынышын хат арқылы жолдап, сыйлық ретінде кір сабынның тілімі мен тарақ жолдаған кездері де болыпты. Ал Роза Көкбасқызының жадында сақталған соңғы хатында: «Ертең шайқасқа түсеміз, «қуырдақ» болатын шығармыз», – деген жолдары жазылған екен. Бұл жайында бүгінде Роза Көкбасқызының ұлы Ержан Унайбеков анасының сөздерін еске алып, нағашы атасының ерлік істерін мақтанышпен жеткізуде.
Бір өкініштісі, Көкбас Талқанбаевтың соғыста болғанын дәлелдейтін қағаздары, қайтыс болғаны туралы анықтамасы және басқа да тиесілі заттары бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Өйткені 1946 жылы Роза Көкбасқызының тұрып жатқан баспанасы аяқ астынан өртеніп, сол кезде жауынгер жайлы деректердің барлығы түк қалмай, жанып кеткен. Осылайша, Ұлы Отан соғысының батырына қатысты ақпараттан ештеңе қалмаған. Бұл келеңсіз жайттар жалғыз қызының жанына қатты батып, үнемі өзегін өкініш өртейтін болды.
Жылдар жылжып, өмірдің көші ілгерілеп, уақыт-жүйрік жүйткіп өтіп жатты. Дегенмен туған қызының әкеге деген сағынышы басылмады. Жатқан жерін анықтап, қабіріне бір уыс топырағын салып, есімін туған жеріндегі ардагерлердің құрмет тақтасына жазу асқақ арманына айналды. Осы жолда талай талпынып, мекемелердің қақпаған есігі, аттамаған табалдырығы қалмады. Мұрағаттардың сан түріне сауал тастап, әкесінің жерленген жерін білу үшін бар күш-қайратын жұмсап келді.
Роза Көкбасқызының үміті ешқашан үзілмеді. Бір ғажайыптың боларына сенім артып, өмір сүріп жатты. Сөйтіп, 80 жастан асқан шағында Роза Талқанбаеваның жоғарыда біз атап өткен ұлы Ержан Унайбеков анасының арманын орындауға, нағашы атасының ерлігін ұлықтауға білім-білігін көрсетіп, ақыры соңында нәтижеге қол жеткізді.
Алдымен 2021 жылы Астана қаласындағы «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі 1898 жылы дүниеге келген Көкбас Талқанбаевтың қай жылы соғысқа аттанғаны, қалай қайтыс болғаны, қай жерде жерленгені жайлы ақпаратты растап, хат жолдаған (1-суретте).
Қолда бар деректерден кейін Ержан Ермағанбетұлы мемлекеттік мекемелер арқылы сұраныс тастап, нағашы атасы Көкбас Талқанбаевтың соғыста болғаны және оның ол жерде қаза тапқаны жайлы ресми мәліметке қол жеткізуге тырысты. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін 2024 жылы шілде айында Қарасай аудандық Қорғаныс істері бөлімінен 1942 жылы Талкамбаев емес, «Талхамбаев» деген тегімен әскерге аттанғанын нақтылап, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне сұраныс-хат жолдаған. Екі айдан кейін көршілес елден жауап ретінде мұрағаттық анықтама келіп, онда расымен, Көкбас Талқамбаевтың (құжатта Қалханбаев деп жазылған) ерлікпен қаза тапқаны және қай жерде жерленгені расталған (2-суретте). Бұл дерекке сүйенсек, Көкбас Талқамбаевтың есімі «Капис» деп жазылған екен. Сонымен қатар ол Қаскелең аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылған. Майданда 326-шы атқыштар дивизиясы 1099-шы атқыштар полкінің мергені болған. Ал 1942 жылдың 26 қарашасында Ресей мемлекетінің Калинин (қазіргі Тверь) облысы, Сычев ауданы, Холм Березовский деревнясының маңында шайқаста қаза тапқан. Ал жерленген жері осы маңнан 500 метр аумақтағы шығыс бағытындағы мазарда орналасқан.
Нақты дәлелденген осындай қолда бар ресми мәліметтен кейін Роза Унайбекованың қуанышында шек болмады. Қаншама жыл армандаған күніне жетіп, ендігі мақсаты әкесінің атын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған құрмет тақтасына жаздыру болды. Бұл жұмыстардың басы-қасынан әдеттегідей ұлы Ержан Унайбеков табылып, Қарасай аудандық әкімдікке және анасының тұрғылықты жері Тұрар ауылы болғандықтан, жергілікті әкімдікке ұсыныс-хат жолдады. Нәтижесінде Жібек жолы ауылдық округі әкімінің аппараты аталған сұранысты қабыл алып, 2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығының аясында Көкбас Талқанбаевты ардагерлердің құрмет тақтасына жазды (3-суретте).
Аталған жайт айтулы мереке алдында белгілі болғандықтан, Роза Көкбасқызы осы жаңалықты естіп, арманының орындалатынына қатты қуанды. Алайда 9 мамырға санаулы күндер қалғанда аяқ астынан, күтпеген уақытта Роза апамыз 6 мамыр күні 85 жасқа қараған шағында өмірден өтіп кетті.
Құдайдың жазғанына ешкімнің қарсы тұра алмасы анық. Десе де арман еткен күндеріне жете алмағыны өте өкінішті. Бірақ ананың аманатын арқалаған ұлы Ержан Ермағанбетұлы осы істі соңына дейін жеткізді. Ол былтыр аяулы анасының қазасынан кейін Жібек жолы ауылдық округіндегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері жазылған құрмет тақтасына нағашы атасының аты-жөнін жаздырып, рухына тағзым етіп, ұрпақ алдында азаматтық парызын орындады.
Бір «әттеген-айы» – Роза Көкбасқызының осы сәтке жете алмағаны. Бірақ, ең бастысы, арманы орындалды. Сондықтан Роза апамыз бақытты жан деуге болады. Көзі тірісінде ұрпағының қызығын көріп, еңбегінің жемісін көріп кетті. Ол 1940 жылы 27 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Өмірінің көп бөлігін колхоз бен совхозда сауыншы болып өткізді. Жұмысқа деген адалдығының арқасында «Құрмет белгісі» орденімен наградталып, КСРО халық шаруашылығын дамытуға үлес қосқаны үшін «Социалистік еңбек», «В.Лениннің 100 жылдығына» арналған медальдарға, «І санатты мал шаруашылығының шебері», «Коммунистік еңбектің екпіндісі» сынды төсбелгілеріне ие болып, сондай-ақ басқа да дипломдармен, құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталған. Сонымен қатар Роза Унайбекова Қаскелең аудандық мәслихатының үш шақырылымының депутаты болып, түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Отбасында шаңырақтың ұйытқысы болып, 11 құрсақ көтеріп, «Батыр ана» атанған. Көзі тірісінде 26 немере мен 33 шөбере сүйіп, ұрпағының қызығын көріп кетті деуге болады.
Роза Көкбасқызының ұл-қыздарының бәрі бүгінгі таңда әр салада жауапты қызмет атқаруда. Балаларының бәрі жоғары білімді және анасының аманатын орындауға бір кісідей атсалысты. Солардың ішінде Ержан Ермағанбетұлының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ол өзі жастайынан әскери азамат болуды армандап, мектеп бітіргеннен кейін Алматы экономикалық колледжінде, одан кейін Алматыдағы әскери училищеде оқыды. Курсант кезінде демалысқа ауылға келгенде анасының нағашы атасына қатысты арманын жиі естіп, санасына сіңіріп алған. Оқу бітіргеннен кейін әр өңірде әскери қызмет атқарып жүріп, сол жақтағы қорғаныс істері бөлімінен, басқа да мекемелерден соғыста қаза тапқан атасына қатысты деректі қалай табудың жолын қарастырған. Жан-жақтан сұрастыра келе, түптің түбінде дегеніне жетті.
Ананың арманы ұрпақтың аманатына айналып, жауынгер ерлігінің ұлықталғаны – тарихтың қалыптасқаны. Батырлық та, батылдық та ұмытылмауы тиіс. Осы ретте Көкбас Талқанбаевтың жанкештілігі оның ұрпағы үшін өшпес өнеге болады деп сенеміз.
Дидар Мәлікұлы

