Бүгінгі таңда мемлекеттің ең басты стратегиясының бірі спорттың деңгейін көтеріп, әлемдік додаларда саңлақтарымыздың жетістіктерін арттыру болып табылады. Сондықтан бүгінгі таңда спортты жанына серік етіп, талай жетістіктерге жетіп, әлемдік, халықаралық, республикалық жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтатып жүрген жас спортшы жетерлік.
Солардың ішінен Қарасай ауданының тумасы, жас таеквондошы Бейбарыс Қабланды ерекше атап өтуге болады. Ол таяуда өткен таеквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты. Жерлесіміздің жеңісі Қазақстан таеквондосының тарихында 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы алғашқы алтын болды.
Ашып айтқанда, желтоқсан айының 3-і мен 6-сы күндері аралығында Кенияның Найроби қаласында таеквондодан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл жерде айта кетерлігі, 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы байрақты дода биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Оған босқындар құрамасы (TRT) мен жеке бейтарап спортшыларды (AIN) қоса алғанда 75 елден 500-ге жуық таеквондо шеберлері қатысып, өзара мықтыны анықтады. Әлбетте, бұл чемпионатта Қазақстан құрамасы да өнер көрсетті. Олардың қатарында біздің жерлесіміз Бейбарыс Мақсатұлы да болды. Жас спортшы 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қарсыласына шақ келтірген жоқ.
Әлем чемпионаты аясында Бейбарыс финалға дейін төрт кездесу өткізді. Іріктеу кезеңдерінде Үндістан, Түркия елінің спортшыларын, жартылай финалда Иран өкілі Ашрафи Амирмохаммадтан 2:1 есебімен басып түсті. Ал финалдық белдесуде ол Оңтүстік Кореядан келген спортшы Ян Чжунёнмен кездесіп, өзінің шеберлігін көрсетіп, қарсыласынан басым түсті. Осылайша, Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, алғашқы медалін жеңіп, таеквондодан тұңғыш әлем чемпионы атанған қазақстандық болды.
Жерлесіміздің бұл жеңісі тек біздің ауданның ғана емес, қазақ елі үшін үлкен жетістік болды. Жас спортшының жеңісін, тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жоғары бағалап, «Бейбарыс Қабланды таеквондодан 21 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем чемпионы атануымен құттықтаймын! Ол Кенияда өткен байрақты бәсекеде еліміздің мерейін үстем етіп, Қазақстан тарихында таеквондодан алғашқы алтын жүлдені жеңіп алды. Спортшының алар асуы, бағындырар биігі көп болуына тілектеспін» деген құттықтауын жолдады.
Спорттағы кезекті белесін бағындырған жас таеквондошы жайлы айтар болсақ, Бейбарыс Қаблан 2005 жылы Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі мен анасы – үш перзентті тәрбиелеп, өсіріп отырған жандар.
Көптеген кәсіби спортшылар секілді спортпен ол бала кезінен айналыса бастаған. Алты жастағы Бейбарысты саламатты өмір салтын ұстануға, баулуға, сондай-ақ оның ерік-жігерін шыңдау үшін анасы Қаскелең қаласында орналасқан Қарасай батыр атындағы спорт кешеніне берген. Осы жерде ол алғашқы рет жоғары белсенділік, икемділік пен жылдамдықты қажет ететін корей халқының ұлттық спорты саналатын жекпе-жек өнері саналатын таеквондомен танысқан. Бір-екі рет дайындықтарға қатысып көрген соң, бұл спорт түрі оған ұнайтынын сезіп, жаттығуды тоқтатпауды шешкен. Осылайша, Бейбарыс 14 жылдан астам уақыт таеквондомен айналысып келеді.
– Алғаш рет спорт орталығына мені анам апарды. Ол кезде мен алты жаста едім. Бірнеше рет жаттығуларға қатысып, мұнымен айналысу маған ұнайтынын түсіндім. Міне, әлі де шынығып келемін. Мен үшін таеквондо ең бірінші кезекте дененің физикалық қасиеттерін емес, адамгершілік және ішкі қасиеттерді дамытатын спорт түрі. Таеквондо оңай емес. Бірақ өздеріңіз білетіндей, әр спорттың өзіндік қиындығы бар. Жалпы о баста отбасымдағылар маған бұл жолда көптеген қиындықтар кездесетінін ескерткен еді.
14 жылдың ішінде жаттығулар мен жарыстар кезінде қаншама рет ауыр-жеңіл жарақат алдым, психологиялық және физикалық тұрғыдан да оңай болған жоқ. Десе де жаттықтырушыларымның арқасында жаңа әдіс-тәсілдерді үйреніп, дайындалып, шыңдалдым, біраз белестерді еңсердім, – деді Бейбарыс.
2023 жылы жас спортшы өзінің тәжірибесін арттырып, кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Алматы қаласында орналасқан Қазақ спорт және туризм академиясына түскен. Қазір аталған оқу ордасында білім алумен қатар өзінің тәжірибелі жаттықтырушысымен бірге үлкен додаларға дайындалуда.
Осы уақытқа дейін ол аудандықтан бастап, түрлі республикалық және халықаралық турнирлер мен чемпионаттарға қатысып, жеңімпаз атанып, еліміздің көк байрағын биік тұғырдан желбіретіп келеді. Сондықтан халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің қоржыны қола, күміс, алтын жүлдеге толы. Ал жуырда Найробиядағы әлем чемпионатында алған алтын медалі оны тек толтыра түсті.
Ересектер сапында кәсіби спортшы ретінде жолын енді бастап келе жатқан жас майталманның арманы мен алдыға қойған мақсаттары көп, бірақ негізгісі – жеңіс тұғырында қазақтың туын көкке көтере беру.
– Менің алға қойған арман-мақсаттарым жетерлік. Спортшы ретінде айтар болсам, ол әрине, әлем чемпионаттарында, олимпиадада өнер көрсетіп, биік шыңнан көріну. Сондай-ақ әлемдік додаларда қасиетті көк байрағымызды көкке көтеріп, еліміздің мерей-мәртебесін арттырып, қазақстандық спортшылардың әлеуетінің зор екенін таныту.
Кениядағы чемпионат аяқталғанымен, алда әлі көптеген жарыстар күтіп тұр. Қазірден бастап, сол додаларға дайындық жүргізудеміз. Сондықтан қазіргі мақсатым алда келе жатқан жарыстарда бірінші орын алып, үздік атану. Бұл ретте мен тоқтамай еңбек етіп, жаттығуларымды одан әрі жақсартып, барымды салатын боламын.
Осы жолды маған сүрінбей өтуіме қолдауларын көрсетіп жүрген бірінші кезекте ата-анама, жақындарыма одан кейін жаттықтырушыларыма үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да олардың үмітін ақтауға бар күшімді саламын, – деді әңгімеміздің соңында жас таеквондошы.
Ерік-жігері мықты, дайындығы тың, жеңіске деген ұмтылысы зор жерлесіміз Бейбарыс Мақсатұлын жарқын жетістігімен құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз! Еліміздің намысын абыройын қорғап, биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

