Қандай адам болса да алдына қойған мақсаты мен мұратына табан ет, маңдай терімен және алға жетелейтін адалдығымен жететінін тарих тарауларынан жақсы білеміз. Ондай адамдардың өнегелі өмір жолдары өздері жоқ болса да, әлі күнге дейін артында қалған халқы мен ұрпағына өшпестей мұра болып келеді. Сол сияқты бүгінгі күні де жақсы ісімен жарқырап көрініп келе жатқан алдыңғы буын ағалардың атқарып жатқан ауыз толтырып айтарлық жұмыстары аңызға бергісіз. Олар ұлтымыздың лайықты мақтаныштары.
Тілімізге тиек етіп отырған, 90 деген төре жастың төбесінен орын алған, халықтың төл перзентіне айналған Оразалиев Рақым Алмабекұлын сондай жайсаң жандардың қатарына жатқызсақ асыра сілтегеніміз болмас. Оның халық алдындағы қадірі мен абыройы қарыстай қалың кітапқа да татиды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ел аузындағы тәмсіл сөз де қазір қарап тұрып, ой елегінен өткізсек, осы кісіге арнап айтылғандай әдемі әсер қалдырады. Шындығы да солай сияқты. Неге десеңіз, Рақаң халықтың алдында қалтқысыз ерен еңбегімен көрінген, ғылымның қия жолына өзіндік өрнегі мен қомақты қолтаңбасын қалдырған ажары ашық азамат деп айтуға толық құқылымыз. Бұған оның қазақтың мәртебесі мен ғылымын әлемге танытып отырған әйгілі еңбектері куә боларлық. Енді соған тоқталып, қалың қауымды содан хабардар етуді жөн көріп отырмыз.
Рақым Алмабекұлының өткен өмір жолдарына үңіліп, көз жіберетін болсақ, көңілімізді көкке ұшыратын көп жайларға тереңдеп қаныға түсеміз. Ол 1935 жылы Алматы облысының Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін, еліміздегі байырғы оқу орындарының бірі Қазақ ауылшаруашылығы институтында «агроном» мамандығын алған. Оның ғылымға деген қабілеті сол кезде-ақ байқалып, институт директоры Әубәкір Жұматовтың жетекшілігімен селекциялық жұмыстарды меңгере бастады. Көзі ашылып, көкірегі оянғаннан ғылымға деген құштарлығы тым басым болды. Алайда ғылымға келмес бұрын алғашқы еңбек жолын өндірісте, яғни 1960 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Ильич атындағы совхозда бас аграном болып бастады. «Бастапқы еңбек жолын бірден бас аграном болып бастағаны қалай? Бұған дейінгі баспалдақтардан өтпей, бірден бас аграномдықтан бастауы көңілге күдік ұялатады ғой» деген сұрақтардың туындауы әбден мүмкін.
Мұндай дүдәмал сұрақтарға оның бастан кешкен өмірі айқын жауап та бере алады. Институт қабырғасында жүріп-ақ, осы мамандықтың жалынына жармасқан күннен оның сиқырлы сырларын бүге-шігесіне дейін меңгеру үшін барын да, жанын да салды. Теориялық және практикалық талаптарды мінсіз орындау үшін уақытпен де санаспады. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген кездері де аз болмады. Соның нәтижесінде алдына нысана етіп алған жоспарлары мен мұраттарын ұтқырлығымен уысына түсірді. Оның бұл білгірлігі мен біліктілігі алдынан өткен ұстаздарын да таң-тамаша қалдырды. Әсіресе, тәжірибелі ұстаз, ауыл шаруашылығы ғылымының үлкен білгірі Махмұт Шолтыровтың болашақ академиктің қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді. Оның: «Рақым, сенің таудай талабыңның тас жарып шығатынына біз кәміл сенеміз. Атақ-даңқыңның да алысқа баратынына күмәніміз жоқ. Жұлдызың жарқырай берсін!», – деп ақ ниетпен ақ батасын бергенін ол бүгінгі күнге дейін ұмыта алмай жүр.
Міне, осы бір тілеулес адамдардың шынайы ниеттері мен жан жадыратарлық жақсы сөздері оны қанаты талмас қырандай қанаттандырып жібереді. Оның осындай қабілетті қарымын көрген шаруашылық басшылары да басқарма шешімімен оны бірден шаруашылықтың бас аграномы етіп тағайындады. «Сенім артсаң, сеніп арт» деген жауапкершілігі жоғары салмақты жүкті Рақым Алмабекұлы адамға тән ар-ұжданымен алға қарай алып жүрді. Әрине, егіншіліктің сан-салалы жұмыстарының ауыртпашылығы қайдан оңай бола қойсын?! «Шөжені күзде сана» деген халық мәтелінің бір ұшы оған да тиетіні анық. Өйткені көктемнің бір күні жылға азық боларын, не ексе соны орарын жақсы білетін ол дәнді дақылдар мен мал азығындық дақылдарды күтіп-баптау жұмыстарына айырықша көңіл бөлді. Науқандық жұмыстарды қалт жібермей, қатаң қадағалап отырды. Соның нәтижесінде егістік алқаптардан алынған өнімдердің гектар қайтарымдылығы ойдағыдай болып, оның ерінбес еңбегінің жанған кездері аз болған жоқ. Осындайда «ізденген жетер мұратқа» деген қанатты сөз жиі ойға орала береді. Осы ізденіс оны алғашқы қадамынан-ақ алысқа апарды.
Адамда арман деген таусылмайды ғой. Оның соңына түскен ғана жетеді демей ме? Бұдан кейін оның бүйрегі егін шаруашылығындағы селекция саласына бұра бастады. Оның негізгі себебі де жоқ емес. Еліміздің азық-түлік өнімдеріндегі басты дақылы – бидай. Қазір Қазақстан әлем бойынша бидай экспортында алғашқы алтылықта, ал ұн экспортында бірнеше жылдан бері бірінші орында тұр. «Қазақстандық бидай» деген ұғым бүгінгі күні әлемдік брендке айналған. Бұған кең даламыздың табиғи жағдайы мен топырақ ерекшелігі жоғары сапалы өнім беруге жол ашатыны анық. Осы бағытта мол өнім мен сапалы астық ең алдымен тұқымның айырмашылығына, сорттың сапасына және оны шығарған селекционерлердің қажырлы еңбегіне тікелей байланысты. Соны іс жүзіне асырып отырса, ешкім де абыройсыз қалмайды.
Осы жағы Рақым Алмабекұлының ойынан бір шықпайды. Бұл ұстаным оның жүрегіне берік ұялап қалған. Сөйтіп, алдына қойған айқын мақсатпен 1966 жылы өндірістің қыр-сырын меңгеріп буыны жаңа қатайып келе жатқан жас аграном біржола ғылым жолына бұрылып, әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі – Одессадағы Бүкілодақтық селекция және генетика институтының аспирантурасына түсуге нартәуекел жасады. Оның бұл талабынан асығы алшысынан түсіп, бағы жанып кетті. Аспирантураға қабылданды. Анығырақ айтатын болсақ, селекция ғылымына қадам жасаған жас ғалымның айы оңынан туып тұрған сәті еді. Сонда Рақаң тек селекция ғана емес, сонымен қатар генетика, физиология, биохимия, молекулалық биология және өсімдік иммунологиясы сынды іргелі ғылымдарды меңгеріп, екінің біріне бұйыра бермейтін күрделі ғылыми ортаның ұшан-теңіз мол тәжірибесін көңіл көзі мен көкірегіне тоқыды. Ондағы әлемге әйгілі селекционер Ф.Кириченкодан тәлім мен тәрбие алуы ештеңемен теңеспейтін Құдай берген құт пен басына қона бермес бақ еді.
Сол Украинада оқып жүріп-ақ, ол күздік бидайдың жаңа сорттарын шығарумен айналысып, бұл жағынан мемлекеттік сорт сынау жүйесінде қажетіне қарай айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Осынау алтынға балап айтар уақыттар болашақ академикті ғылымның көз жетпес ұшар шыңына дем беріп, соған қарай жетелей түскен жемісті жылдар еді. Жасыратын несі бар, кезінде еліміздің егістіктерінде ауыл шаруашылық дақылдарының Қазақстанда шыққан сорттары өте аз болатын. Көптеген егістік алқаптарда сырттан әкелінген тұқымдар егілді. Оның сапасы да талай рет сан соқтырған болатын. Оның нәтижесі де ойдағыдай болмады. Осынау орын алған олқылықтарды жою мақсатында Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына директор, қоғам қайраткері Мұхаметжан Ерлепесов жас ғалымдарды селекция саласына жаппай тартып, үлкен ғылыми мектеп қалыптастырды. Ол, әсіресе, Украинаның танымал ғылыми орталығында селекция ғылымының қыр-сырын меңгеріп келген Рақымға үлкен үміт артты. Аталған мектептің белді өкілі атанған, кейіннен келе «Қазақ бидайының атасы» деген атаққа ие болған бұл кезең Рақым Оразалиевтың ғылымдағы шарықтау шағы осылай басталған еді.
Айта берсек, әрі қарай талай тылсым сырларға қаныға түсеміз. Рақым Алмабекұлының ғылымдағы табандылығы ажарланып, айқындала беретініне көз жеткіземіз. Осылайша, оның 1970 жылдан бергі еңбек белестері Қазақстандағы ауыл шаруашылығы ғылымының ірі ошақты орталықтарының бірі – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми институтымен ажырамас байланыста болғанын айта кеткен абзал. Осы орталықта кезекті еңбек жолын аға ғылыми қызметкер болып бастаған ол келе-келе бөлім меңгерушісі қызметі деңгейіне дейін көтерілді. Бұдан соң Шығыс селекция орталығының меңгерушісі, кейін институт директорының орынбасары болды. Көп жылғы еңбектерін қортындылап, 1990 жылы «Күздік бидайдың қазақстандық агроэкотиптері селекциясының биологиялық негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады Ал 1992 жылы жаңадан құрылған Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының (ҚазАҒА) академик-хатшысы болып сайланып, еліміздегі барлық слекциялық-генетикалық жұмыстарға жетекшілік жасады. Көп уақыт өтпей, оны аграрлық саланың ғалымдары Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, вице-президенті етіп сайлауды оңтайлы санады. Бұл қызметті Рақаң қылаусыз атқарып, тағы да абырой арқалады. Осы жылдар Жас Қазақстанның аграрлық ғылымының іргетасы қаланып, жаңа ғылыми орталықтар ашылып қарқынды дамыған кезеңі еді. Сол кездері оның басқаруымен елімізде селекция-генетикалық жұмыстар аса жоғары қарқын алып, даму жолына түсті. Бидай, бұршақ, азықтық өсімдіктер, дәрілік шөптер селекциясы оңтайлы жолға қойылып, республиканың әртүрлі экологиялық аймақтарында селекциялық тірек пункттері ашылды. Жаңадан келген жас кадрларды даярлау ісі қызу қолға алынып, селекция мектебі қалыптасады. Осының бәрінің басы-қасында бағыт-бағдар сілтеп, баяғы Оразалиев жүрді.
Оның қызметтегі өсу баспалдақтары осымен бітпеді. 1995-2003 жылдары Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтын басқару тізгінін қолына алды. Содан бастап институтта агроэкология, егістік дақылдарының генбанкін құру, дәрілік шөптер коллекциясын зерттеу сияқты жаңа тұрғыдағы ғылыми бағыттарды дамыту жұмыстары даңғыл жолға түсе бастады. Түйіндеп айтар болсақ, институт өсімдіктің жаңа сорттары мен будандарын енгізуде бұрын-соңды болмаған татымды табыстарға қол жеткізді. Институт Жапонияның халықаралық ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу орталығы (JIRCAS), бидай мен жүгеріні жақсарту жөніндегі халықаралық орталық (CIMMYT) секілді халықаралық байланыстар жасауға белгілі мақсаттармен бекем қол жеткізді. 1998 жылы институтқа әлемге танымал селекционер, «Жасыл революцияның» авторы, Нобель сыйлығының лауреаты Норман Борлаут келіп, институттың тыныс-тіршілігімен танысып, мұндағы ғылыми ізденістерге көңілі марқайып, Рақым Алмабекұлына дән риза болып қайтты. Оның бұл сапары көпке дейін ел аузында жүрді.
Енді Рақым Алмабекұлының ғылыми жетістіктерін аз да болса әңгімемізге арқау ете кетейік. Өзінің еңбектес әріптестерімен және шәкірттерімен бірге ол дәнді және дәндібұршақты дақылдардың 290-нан астам сортын шығарды. Мұның 160-ы Қазақстанда, Орта Азия мемлекеттерінде және Ресей бойынша өндірісте пайдалануға заңды түрде рұқсат етілген. Бұл күндері оның ғылыми әзірлемелері Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысына кеңінен енгізілген. Сол сияқты Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының егістік алқаптарында Оразалиевтың шаруашылық жүргізудің жаңа жағдайларына көшу, егіншілік мәдениетін арттыру, егістік дақылдардың жаңа сорттары мен будандарын енгізу, сондай-ақ элиталық тұқым шаруашылығы мәселелері жөніндегі ұстанымдары іс жүзіне асырылуда. Осының өзі-ақ оның ғылыми деңгейінің қандай екенін көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы оның сіңірген ерен еңбегін ерекше мойындау 1992 жылы Украина аграрлық ғылым академиясының шетелдік мүшесі, 1994 жылы ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының толық мүшесі және 1998 жылы Ресей ауыл шаруашылығы ғылым академиясының шетелдік мүшесі болып сайлануы болды. Ауыл шаруашылығы академиясының вице-президенті қызметін атқара жүріп, ол АӨК-ті дамытудың 1995-2000 жылдарға арналған Тұжырымдама бағдарламасын әзірлеуге белсенді түрде жетекшілік етті және бірнеше рет атсалысты. Сонымен бірге Қазақстан аймақтарында АӨК саласындағы ғылыми күштерді шоғырландыруға арналған жаңа ғылыми-өндірістік орталықтарды ұйымдастырып, өмірге әкелді.
Тағы бір айта кететін мәні бар маңызды мәселе, 1993 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Рақым Алмабекұлының игі бастамасымен Қазақ егіншілік және өсімдік ғылыми-зерттеу институтында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өсімдіктері мен олардың жабайы туыстарының генетикалық ресурстарын жинауды, толықтыруды, зерттеуді, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз ететін өсімдіктердің генетикалық ресурстары бөлімі құрылды. Биоәртүрлілікті сақтау мәселесін тиімді шешу үшін, жаһандық ауқымдағы күш-жігерді біріктіру үшін аса маңызды болып табылатын әлемнің барлық елдеріндегі өсімдіктердің генетикалық ресурстары жөніндегі ұлттық және халықаралық бағдарламалар алғаш рет жанданып, жарқын көрініс тапты.
Нақтылай түсетін болсақ, осы бір идеяның арқасында 2025 жылғы жағдай бойынша мәдени өсімдіктердің және олардың барлық санаттағы жабайы туыстарының ұлттық ғылыми селекциялық, коммерциялық, уақытша зерттеу, халықаралық генетикалық ресурстарының бірегей қазақстандық коллекциясы қалыптасты және ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінің 60 мыңнан астам үлгісі ұзақ мерзімде сақталуда. Бұған қосымша Рақым Алмабекұлының жетекшілігімен селекциялық бағдарламаларға генетикалық, физиологиялық-биохимиялық, иммунологиялық негіздер: аязға және қысқа төзімділік, ыстыққа және құрғақшылыққа төзімділік, ауруларға төзімділік, сабақтың биіктігі, вегетациялық кезең, даму түрі (WRN гендер) зерттелген. Әлемдік коллекцияның 60 мыңнан астам үлгісінің иммунологиялық қасиеттері анықталған. Саңырауқұлақ ауруларына жан-жақты төзімді күздік және жаздық бидайдың 2,3 линиясы, хромосомалары толықтырылған әрі ауыстырылған бидайдың түраралық және туысаралық будандары мен формалары шығарылған.
Академик Рақаң селекция және тұқым шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, өсімдік ресурстарының гендік қоры, агроэкология және дәрілік шаруашылығы шикізаты мәселелері бойынша бірқатар халықаралық конференциялар мен кеңестердің бастамашысы және жетекшісі болды. Ұзақ жылдар бойы Қазақ генетиктер және селекционерлер қоғамының төрағасы, агроэкология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесіне басшылық жасады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президиум мүшесі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының мүшесі, Халықаралық биоресурстар кеңесінің мүшесі екендігі оның атағының алысқа кеткендігін аңғартады.
Рақым Алмабекұлының селекция саласын тайға таңба басқандай таңдап алуы тегіннен-тегін емес еді. Олай дейтініміз, аграномияның асқаралы жетістіктерінің бәрі сортқа тірелетініне ешкім де талас тудыра алмайды. Қазір бұл саланың ғалымдары Қазақстанның өсімдік шаруашылығы мен генетикасы тарихындағы жетіп отырған жетістіктердің жаңарып жатқан жарқын беттерін академик Рақым Оразалиевтен алыстатып, алдыға тарта алмайды. Өйткені селекция жайлы әңгіме бола қалса, көш басында оның есімі тұрады. Сондықтан да ғалымдар атаулы оның орасан еңбегін қашан болсын қадірлеп, бетке ұстап жүреді. Рақаң сондай таза еңбегімен еншілеген таудай табыстары мен айтып бітпес атақтарына ешқашан да кеуде керіп, масаттанған емес. Қайта осы бағыттағы жаңашылдық тапқырлығын одан әрі жалғастыра түсуді жөн көреді. Бұл оның жаратылысы мен қанына сіңген қасиеті екенін оның айналасындағы ғалымдар жағы жақсы біледі.
Атақты ғалымның көз майын тауысып жазған ғылыми еңбектері де жетіп артылады. Ол 750-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 22 монографияның, ондаған патент пен авторлық куәліктің авторы. Сондай-ақ оның жетекшілігімен 69 ғылым докторы мен кандидаттар дайындалған. Орайы келіп тұрғанда осы жерде Рақым ақсақалдың 90 жасына дейінгі алған марапаттарына тоқталар болсақ, оның шеті мен шегі біраз жерді алады. Қазақстаннан және шетелдерден алған марапаттарын тізбелеп шығу мүмкін емес. Қысқа тұжырым жасап тоқталатын болсақ, оның иеленген марапаттарының тізімі екі парақтан асып кетеді екен. Бұл жағынан алғанда, оның марапаттарының кішісі жоқ. Былайша айтқанда, кең кеудесі ордендер мен медалдарға толы. Академиктік атаққа жеткен ақсақалдың бидай селекциясын биікке көтерудегі қажырлы еңбегін халықтың қайраткерлік деңгейге жеткізіп айтулары және солай бағалаулары тегін болмаса керек. Оған халық тарапынан берілген «Қазақ бидайының атасы» деген атақтың өзі оның атына да, затына да сайма-сай келіп тұр емес пе?!
90 жасқа толып отырған академик ақсақал ғылымда тек селекциялық сортты ғана саралап, салмақтаумен шектелмейді. Көпті көрген көнекөз қария қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін, тілі мен ділін, әдет-ғұрпын, салт-санасын жасампаздық тұрғысынан жаңғыртуда да жанын салып келеді. Оның алақандай Алмалыбақ ауылынан орталау мектеп пен балабақшаның ашылуына тікелей мұрындық болғанын ауылдастары әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Сол орталау мектеп қазір әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейге айналды, онда академик Оразалиев атындағы класс ашылып, көп жылдар бойы оқушылар Рақым аталарының дәрістерін тыңдап жүрді. Сол сияқты 1991 жылы жыл басы – Наурыз мейрамын да бастап берген осы Рақым Алмабекұлы екенін ел біледі. Қазір ол саламатты өмір салтын қалыптастыруға белсенділікпен атсалысып жүр. Осыған байланысты адамдарды табиғи препараттармен емдеуге арналған «Ибн Сино» орталығын құрды. Оның мақсаты – адам жасын 120 жасқа дейін жеткізу. Абыройлы ақсақал өмірлік қосағы Бөкен апаймен 60 жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бала-шағасы да бақыт құшағында. Немерелері мен шөберелері де баршылық. Бұл күндері Рақаң мен Бөкеңдей өмір қызығына кенелген адамдар арамызда кемде-кем шығар. Біз соны мақтаныш етеміз. Әрі мына бір өлең шумақтарын арнауды артық санамаймыз. Рақым Оразалиевті қалай мақтаса да, мадақтаса да жарасады.
Биіктерге жаңа ғана шыққандай,
Рақым ата, тұлға Сіздің тік қандай…
Тоқсан жасқа толсаңыз да бүгін Сіз,
Халық Сізді әлі жас деп ұққандай.
Кім білмейді бұл әлемде Сізді анық,
Алдыңыз ғой 90 жаста шыңдалып.
Абыз болып, академик атандыңыз,
Төбесіне көтеріп жүр бұл халық.
Еңбекқорсың айналаңда саяң бақ,
Жүрсің әлі бидай жайлы ой аулап.
100 жасқа да емін-еркін жетіңіз,
Ширақ қимыл жүріспенен аяңдап!
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы, Ұлттық
аграрлық ғылымдар академиясының академигі,
Ұмтыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы.
Қанат ТӘКЕБАЕВ
Алматы облысының Құрметті азаматы,
Қазақ журналистикасының қайраткері.

