Ғасырлар өтіп, бір ұрпақ екінші ұрпақты алмастыруда. Осы өтпелі кезеңдерде орын алған жетістіктер мен қателіктер, жеңістер мен жеңілістер, этностардың тұрмысы мен мәдениеті жалпы барлық өткеніміздің естеліктері қағаз бетіне жазылып, мұрағаттарда құнды құжаттар ретінде сақталуда. Олардың мәнділігі мен құндылығы қаншама жыл өтсе де жойылмайды. Ал осы жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған ақпараттық қазынамен жұмыс істейтін мұрағаттардың маңыздылығын айтпасақ та болады.
Сондықтан 2020 жылы елімізде тарихи жадыны сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген архив саласы мамандарының еңбегін елеу мақсатында Үкіметтің қаулысымен 22 желтоқсан – «Архившілер күні» деп бекітілді. Атаулы күнге орай 12 жылға жуық уақыт өңір туралы құнды деректерді жинақтап келе жатқан ауданымыздағы мұрағат мекемесінің басшысы Әсел Ниетқалиевамен арнайы жолығып, мекеменің тыныс-тіршілігімен, онда атқарылып жатқан жұмыстармен таныс болдық.
– Әсел Бақтанқызы, алдымен көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан аудан архивінің тарихы мен жұмысына тоқталып өтсеңіз.
– Негізінен Қарасай ауданының мұрағаты «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2014 жылы 6 қаңтардағы № 06-Б бұйрығының негізінде құрылған. Сол уақыттан бері мұнда аудан өміріне тікелей қатысы бар маңызды құжаттар мен құнды ақпараттық материалдар жинақталып келеді.
Аудандық филалдың басты мақсаты – ҚР Ұлттық архив қорын толықтыру, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктерін қанағаттандыру және азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыру. Біздегі сақтаулы құжаттар әлеуметтік-құқықтық сипаттағы азаматтардың өтініштерін қанағатттарындыру үшін кеңінен пайдаланылады. Сондай-ақ мұнда өтініш берушілерге еңбек өтілі, еңбек ақысы, марапаттау жөнінде, аудан, ауыл мен көше атауларының өзгеруіне байланысты, аудан әкімінің қаулылары мен шешімдерінің көшірмелері беріледі. Біздің мұрағатшыларымыз жылына жалпы 3000-ға жуық сұранысты қабылдап, мемлекеттік сақтауда қоймада тұрған құжаттардың негізінде іздеп, тауып сұраныстарды орындайды.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, біздің тараптан Қарасай ауданына қарасты және филиалдың жинақтау көздеріне жататын мекемелердің, ұйымдардың, барлық меншік түрлеріндегі кәсіпорындардың іс-жүргізу мамандарына әдістемелік-методикалық көмек көрсетіп, түрлі семинарлар өткізілуде.
– Бүгінгі күнге дейін қанша қор жинақталды? Аудандық архивтің қорын толықтыру жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Аудандық филиал өз жұмысын бастағалы бері 163 қор құрылып, 52 649 сақтау бірлігі жинақталған, сондай-ақ құжаттардың ғылыми-анықтама жүйесі қалыптасқан. Атап айтар болсам, қорлардың құрамы мен мазмұнын көрсететін қысқаша анықтама, колхоз, совхоздар тарихының, Алматы облысының 1932-2000 жылдардағы әкімшілік-аумақтық бөліну тарихының анықтамалары, архивте сақталған қорлардың құрамы мен мазмұны туралы мәліметтерден тұратын жөнсілтер бар.
Одан бөлек мұнда архив қызметінің Ұлттық архив қоры құжаттарының мемлекеттік есебін жүргізу, мемлекеттік сақтауға қабылдау және олардың сақталуын қамтамасыз ету, құжаттарға ғылыми-анықтамалық аппарат жасау, «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» мемлекеттік қызметін орындап және жетілдіру, жариялау, сондай-ақ құжаттарды цифрлау сияқты негізгі бағыттарын жүзеге асырып келеді.
Жалпы біздің қорда сақталатын құжаттарға қойылатын талаптар бойынша, күнделікті температуралық, санитарлық режимнің шарттары қатаң сақталған. Қызметкерлеріміздің тараптарынан қатаң қадағаланады.
– Әсел Бақтанқызы, мұрағаттың жұмысы жүйелі жүріп жатқаны бірінші кезекте оның қызметкерлеріне байланысты. Бұл ретте аудандық архивтің бүгінгі ұжымы жайлы айтып өтсеңіз.
– Архив – тарихтың қайнар бұлағы болса, мұрағатшылар – тарихымыздың тамыры, құнды құжаттардың шын жанашырлары, өз саласына берілген жандар. Себебі, ескі қағаздарға толы бөлмелерді тазалап, ретке келтіріп ұстап жүру оңай жұмыс емес.
Бүгінде еліміздегі мұрағаттарда жүз мыңдаған маман ақпараттық қазынамен жұмыс істеп келе жатса, біздің аудандық филиалда мұндай алты қызметкер бар. Олар қорымыздағы құжаттардың сақталуын, олардың жағдайын бақылаумен айналысады. Солардың тиянақты жұмыстарының нәтижесінде құнды ақпаратқа толы қағаздар бүгінгі күнге дейін көгеруден, шаңнан және жойылудан сақталып келеді.
– Архивтің жұмысы қағаз бетіне жазылған ақпараттарды жинақтау болғанымен, цифрландыру форматы сіздерге де жеткені рас. Сондықтан осы жайлы біраз сөз қозғасақ. Қарасай ауданының мұрағатында цифрландыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Әрине, заман ағымына сай цифрландыру жүйесі барлық салаға енгізілуде. Әсіресе, Қазақстан елінде соңғы жылдары мұндай жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатқандықтан, бұл жаңашылдық бізді де айналып өтпеді. Дегенмен архивтегі қағаз жүзіндегі құжаттарды сандық форматқа көшіру ұзақ уақытты талап етеді. Бұл 1-2 жылда жасала салатын оңай дүние емес.
Тікелей біздің аудандық филиалға келер болсақ, қорымызда мемлекеттік сақтауға өткен құжаттардың тізімдемелері мен сақтау бірліктері, қор карточкалары электрондық жүйеде жасалынған. Сондай-ақ аса құнды құжаттар сканерленуден өткізілуде.
Мекемемізде құжаттардың бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылып, архив қорларындағы құжаттарды цифрлау жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Мұнан бөлек «Е-архив» жобасы бойынша да министрлік тарапынан қолдау көрсетілуде. Оған еліміздің IT мамандары еңбектеніп жатыр.
– Әсел Бақтанқызы, атқарылып жатқан жұмыстар жайында біраз сөз еттіңіз. Енді аудандық архивтің жетістіктері туралы да әңгімелеп берсеңіз.
– Біздің тарапымыздан құжаттарды электронды тізімге енгізу, іздестіру жүйесінің дұрыс қалыптасуын, түпнұсқаларын келешек ұрпаққа жеткізу бағыттары бойынша бірқатар ұсыныстарымызды архив қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Архив-2025» бағдарламасы бойынша жұмыс жоспары түзілген. Қазір сол бағыттар бойынша отандық архивтермен жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар былтырғы жылы «Алматы облысының мемлекеттік архиві» мекемесінің Қарасай филиалының 10 жылдық мерейтойы аталып өткен еді. Соның аясында Қарасай филиалы қызметкерлері 2014-2025 жылдар аралығында жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар өткізіп, марапаттарға, жетістіктерге ие болды.
Бұған қоса жылдан жылға мұрағатымыздың материалдық-техникалық базасы нығаюда. Мәселен, арнайы планетарлы сканерлер алынды, архив қоймаларындағы сөрелер жаңа темір сөрелерге ауыстырылды.
– Алдағы жоспарларыңызға да тоқталып өтейік. Келер жылы қандай жұмыстарды атқаруды көздеп отырсыздар?
– Әрине, алда жоспарлар, мақсаттар көп. Әсіресе, келер жылы да белсенді түрде біз аудандық архивтің қорын толықтыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Оған қоса жоспарымызда елімізге еңбегі сіңген аудандық, қалалық қоғам қайраткерлерінің құжаттарын жинақтау мақсатында насихаттау жұмыстарын да атқару бар. Сондай-ақ тұлғалардың жеке құжаттарын, шығармашылық жұмыстарын, жазған мақалаларын мемлекеттік сақтауға қабылдаймыз.
Мұның бәрі, әлбетте, Қарасай ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігін болашақ ұрпақ үшін сақтау жолында жасалады.
– Әсел Бақтанқызы, берген ақпаратыңызға көп рақмет! Әңгімеміздің соңында кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңізді бізбен бөліссеңіз болады.
– Архив әсте бір шаң басқан қағаздардың жиналып тұратын орны емес. Ол – тарихтың көмбесі, өткен күндердің парақтары сақталған қасиетті орын. Ал оның қызметкерлері ондағы баға жетпес ақпараттың жинақталып, жойылып кетпеуін қадағалап отырған тарих сақшылары. Сондықтан олардың да бұл еңбектері әрқашан лайықты бағасын алуы тиіс.
Бұл ретте алда келе жатқан архив саласы қызметкерлерінің мерекесімен әріптестерімді, барша мұрағатшылар қауымын құттықтаймын! Мықты денсаулық, еңбекте толайым табыс, шығармашылық шабыт пен отбасыларына амандық тілеймін.
– Сізді де келе жатқан кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Сіздің және ұжымыңыздың архив саласын дамыту бағытында атқарып отырған абыройлы еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз!
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

