Жарты ғасыр бұрын іргетасы қаланған Қарасай ауданының орталық ауруханасында осы жылдың қараша айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Оны толықтай жүзеге асыру бір жылға жоспарлануда. Құрылыстың барысын қадағалау мақсатында өткен аптаның сенбісі күні аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек аурухана басшылығымен және мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.
1974 жылы қолданысқа берілген аталған медициналық орталық 10 жылдан астам күрделі жөндеу көрмеген. Енді оның қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып, Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Құрылысына жауапты мердігер мекемені анықтау мақсатында конкурс өткізіліп, нәтижесінде «AK Construction Company» ЖШС анықталып отыр.
Аталған компания қызметкерлерімен, сондай-ақ техникалық қадағалау, жобалаушы ұйым өкілдерімен аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек аурухана аумағында арнайы кездесті. Оның барысында күрделі жөндеуді тиімді түрде жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
– Қарасай аудандық орталық ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу кезең-кезең бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс жұмысы алдымен әкімшілік ғимараттан басталады. Ал мұндағы қызметкерлер уақытша осы аурухана аумағындағы ақылы емхананың ғимаратын жалға алып, жұмыстарын жалғастыра береді. Әкімшілік мекемесі аяқталғаннан кейін құрылыстың екінші кезеңінде емделушілерге арналған негізгі ғимаратта күрделі жөндеу басталады. Құрылыстың тапсырыс берушісі облыстық Денсаулық сақтау басқармасы болғанымен, жұмыстың сапалы жүргізілуі үшін аудандық әкімдік және басқа да құзырлы орган тарапынан бақылау шаралары қолға алынады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ Бексұлтан Ақылбекұлы аурухананың бас дәрігері Бауыржан Сатыбалдымен кеңесіп, күрделі жөндеу кезінде ғимараттарды уақытша көшіру мәселесіне де мән берді. Ең бастысы, халыққа қолайсыздық тудырмай, уақытылы ақпараттандыру жұмысын ұйымдастыру керек. Әсіресе, тұрғындардың біразы келіп-кететін негізгі мекемені басқа орынға уақытша ауыстыру жағында мәселе туындамау керек. Бас дәрігер Бауыржан Нұрланұлының сөзіне сүйенсек, емделушілерді қабылдайтын ғимаратта күрделі жөндеу басталғанда медициналық қызметтердің бәрі Шамалған ауылындағы ауруханада көрсетіледі. Яғни, қарасайлықтар уақытша аталған елді мекеннің орталығына барып, дәрігерлер қабылдауында болып, ем-домды сол жақта алады.
Қазіргі уақытта күрделі жөндеудің алғашқы кезеңі басталып, әкімшілік ғимараты және балалар мен әйелдер кеңес алатын мекеменің іші босатылды. Мердігер компания жұмысқа кірісіп, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тиісті шараларды қолға алып жатыр. Осы жұмыстарды бақылаған аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы өз сөзінде ғимараттың құрылысымен айналысатын мекеме өкілдеріне жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауын тапсырды.
Айта кетейік, Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу бір жылға жоспарланған. Яғни, 2026 жылдың соңына таман аяқталуы тиіс. Бұл жобаның негізгі мақсаты – аудандағы басты медициналық мекеменің инфрақұрылымын жаңғыртып, халыққа сапалы қызмет көрсету деңгейін арттыру.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

