Елімізде мал шаруашылығы ауылшаруашылығының маңызды саласы болап табылады. Өйткені ол халықты ет, сүт, жұмыртқа секілді әртүрлі құнарлы тағамдармен, жеңіл өнеркәсіпті құнды шикізат өнімдерімен қамтамасыз етеді. Оның үстіне қазақ халқы байырғы заманнан мал шаруашылығын өзге кәсіптен жоғары қойған. Бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталып, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан аталған салаға көп көңіл бөлінуде. Оған дәлел – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырыла бастаған «Ауыл аманаты» бағдарламасы.
Аталған жоба аясында бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алған кәсіпкерлерге 2,5 пайыздық несие берілуде. Оның игілігін көріп жатқандар қатарында өзіндік кооператив құрып, өндіріспен айналысып жатқан қарасайлық кәсіп иелері де бар. Соның бірі – Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде құрылған «Ариф-Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Аталған АӨК сапалы, құнарлығы аса жоғары малға арналған жем өндірумен айналысады.
Бір айта кетерлігі, жалпы Алматы облысы бойынша толық рационды мал азығын жасайтын өндіріс орындары көп болғанымен, «Ариф-Агро» секілді инновациялық экструзия әдісін қолданатын кәсіп орындары өте аз. Тіпті, жоқтың қасы. Сондықтан «Ариф-Агро» қазіргі таңда Алматы облысы бойынша баламасы жоқ ауылшаруашылық өндірістік кооперативтің бірі деп айтуға болады.
Кооперативтің сату жөніндегі менеджері Ардақ Арыновтың айтуынша, осы істі бастау үшін олар өткен жылдың тамыз айында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан. Нәтижесінде 2,5 пайызбен ауқымды несие алып, Ресей мен Қостанай қаласынан қажетті құрал-жабдықтар, еліміздің өзге аймақтарынан шикізат алдырып, ағымдағы жылы өндіріс жұмыстарына кіріскен. Қазіргі уақытта цехта күніне 10 тонна өнім өндіріледі. Ол үшін жұмысқа екі ауысыммен істейтін 6-7 адам жұмылдырылған.
– Мал шаруашылығы – қазақтың ата кәсібі. Көне заманнан бері қазақ мал бағып, соның арқасында күнін көрген. Қазір де мал өсіру арқылы табысын тауып отырғандар аз емес.
Жалпы мал шаруашылығын қолға алып, оны өркендету үшін көп нәрсені ескеру қажет. Әсіресе, малдың жейтін азығы жақсы болуы маңызды. Сондықтан кооперативіміздің бағыты жем өндірісі болды. Заман ағымына сай қарыштап дамып жатқан технологиялар бізге мал азығын дайындау ісін қазіргі заман тұрғысынан толық шешудің тың мүмкіндіктерін ұсынуда. Ал мемлекет тарапынан қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы сол инновациялы әдістерді тәжірибе жүзінде іске асырып, адам ойындағы кәсіпті дамытуға мол мүмкіндік береді. Сондықтан осы жоба арқылы өндірісін аша алған кәсіпкер ретінде біз тек мемлекетімізге алғысымызды ғана айта аламыз, – деді Ардақ Арынов.
Кооперативтің мүшесі Асқар Рахымжанның сөзіне сүйенсек, АӨК экструдирленген бидайға негізделген ірі қара малды қарқынды бордақылауға арналған инновациялық толық жемді ұсынады. Экструдирленген бидай – бұл жоғары температура мен қысымның әсерінен (экструзия әдісімен) өңделген бидай дәні. Жоғары температура мен қысымды қолдану әдісі крахмалдың толық декстринденуін (95%-ға дейін сіңімділігін), патогенді микрофлораның жойылуын және антинутриенттерді бейтараптандыруды және стерильді, оңай сіңетін өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде малға арналған асқазан-ішек жолдары ауруларының қаупін айтарлықтай азайтатын және ацидоз қаупінсіз жоғары концентрацияланған диеталармен семіртуге мүмкіндік беретін теңдестірілген жем шығады. Бір сөзбен айтқанда, экструдирленген бидай қоспасы бар жем малдың тұқымдарының генетикалық әлеуетін барынша арттыруға және жоғары сапалы етке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Әсіресе, осы жемді дұрыс пайдалану арқылы малдан жай ет емес, мәрмәр етін алуға септігін тигізеді. Десе де бұл әлеуетті тек жоғары қарқынды жемдеуге қажетті генетикалық бейімділігі бар Абердин Ангус, Херефорд, қазақтың ақбасы мен Алатау тұқымды секілді малмен толық жүзеге асыру мүмкін болады.
Жалпы осы әдістің тиімді жақтарын ескере отырып, «Ариф-Агро» шығаратын өнім мал басының айналымын жеделдетуге, бордақылау циклін 1,5 есеге қысқарту мүмкіндік беретінін айта кету керек. Ал бордақылау кезеңі неғұрлым қысқа болса, соғұрлым малға қажет жем көлемі мен ветеринарлық шығындар да азаяды. Бұл кез келген мал қожалығы үшін тиімді ұсыныс.
Шығарылатын өнімнің сапасына сенімді болу үшін АӨК өкілдері оны қазіргі уақытта әріптестік қатынас құрған Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандарына тексертеді.
– Біз Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық орнаттық. Сондықтан қазіргі уақытта институт мамандарымен бірлесе жұмыс істейміз. Цех орналасқан ғимарат та институтқа тиесілі. Сондай-ақ мамандар бізге өндіретін жемнің сапасын тексеруге және әртүрлі зерттеулер жүргізу арқылы оның құрамын жақсартуға көмек көрсетуде.
Бұған қоса арамыздағы келісімшарт аясында алдағы уақытта жемді өндіруге институт жерінде егіліп, өсірілетін дәндерді қолданатын боламыз. Бұл екі жақ үшін де тиімді жұмыс болмақ, – деді Асқар Арынов.
Қазіргі уақытта «Ариф-Агро» АӨК-нің құнарлы жемін Алматы облысына қарасты малмен айналысатын ірі қожалықтар сатып алуда. Бұл цехтың өндіріс қуаты күніне 10 тоннаға дейін жем жасауға жететіндігіне байланысты. Алайда алдағы уақытта жұмыс барысы бір ретке келтіріліп, тапсырыс саны ұлғайса, кооператив басшылығы жаңа құрал-жабдықтар алып, жұмысшыларды жалдап, өндіріс қуатын ұлғайтуды көздеп отыр.
Айта кетейік, Қарасай ауданында ірі бизнеспен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікте қарқынды даму үстінде. Соған сәйкес өңірдегі ауылшаруашылығымен байланысты кәсіпкерлік те ақырындап дамып келеді. Мәселен, өткен жылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,3 млрд. теңгеге 263 жобаның құжаттарын «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жіберіліп, қабылданған еді. Қазіргі таңда 112 жобаға 1,6 млрд. теңге несие берілді.
Сондай-ақ, аталған бағдарлама шеңберінде аудан бойынша 590,0 млн. теңге несие алу үшін 20 өндірістік кооперативі құрылып, «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына 13 кооперативтің құжаты өткізілді. Оның ішінде төртеуіне 108,5 млн. теңге несие берілді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

