Жуырда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов жүргізді.
Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Ауданның инфрақұрылымын дамыту және өзге де мемлекеттік бағдарламалар аясында өз міндетін жүзеге асыру бойынша және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» ауданның сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Дінсұлтан Бейсенбек хабарлама жасады.
Аудандық бөлімнің облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасына жіберілген бюджеттік өтінімдерінің негізінде 2025 жылдан 18 елді мекенге бас жоспарларды әзірлеу мен өзгеріс енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 5 елді мекеннің әзірленген қалақұрылыстық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өту үшін тапсырылған. Ал 2026 жылға 17 елді мекеннің және 3 туристік аймақтың бас жоспарларына өзгеріс енгізу мен әзірлеу үшін бюджеттік өтініш дайындалып жолданған. Сондай-ақ 6 инвестициялық жобаның егжей-тегжейлі жобалау жоспары дайындалып, аудандық мәслихат шешімімен бекітілген. Бөлім 4 мемлекеттік қызмет бойынша жұмыс атқарады: 1. Жылжымайтын мүлікке мекенжай анықтамасын беру; 2. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын ұсыну; 3. Эскизді жобаны келісу; 4. Объектілерді бұзу (кәдеге жарату) бойынша келісім беру.
Бөлім басшысы басқа да жұмыстары жайында жан-жақты айтып берді. Бұл мәселе жөнінде кеңес мүшелері Тұрғанбек Оразалиев, Несіпбала Әбділдаева, кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы пікірлерін білдірсе, Қаныбек Айтжанов жаңа объектілерді салуға рұқсат беруге, сәулеттік бет-бейнесіне байланысты жайларды сұрады. Ал Сапар Жұмабаев: «қаржы жұмсалып, салынып қойылған объектілерді бұзу жайы қалай болады, обал емес пе, сондықтан құрылыс тәртібі бұзылса, жұмыс басталмай тұрып тоқтату керек қой», – деген ойын айтса, Қордай Әбілбеков Қаскелең қаласы Бас жоспары туралы сұрады.
Келесі кезекте кеңес мүшелері «Шамалған ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар, өзекті мәселелер және оны шешу жолдары» туралы округ әкімі Нұрсұлтан Жолдасбековтің есебін тыңдады.
Округте 27 884 адам тұрады. Құрамына екі ауыл және 11 саяжай кіреді. 6 орта өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп, барлығы 580 адамды жұмыспен қамтып отыр. 1944 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2025 жылғы салық жинау 100,6 пайызға орындалды.
Округ әкімі басқа да көптеген экономикалық, әлеуметтік жағдайлар, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, тазалық, абаттандыру жайында кеңінен баяндап берді.
Округ әкімінің есебіне байланысты Тұрғанбек Оразалиев, Серік Расмұхаметов, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, Сапар Жұмабаев өз ой-пікірлерін ортаға салса, Қаныбек Айтжанов көшелердегі жасанды кедергілерді (көліктерге арналған) салуды тәртіпке келтіруді сұрады. Несіпбала Әбділдаева мектептердің жай-күйіне назар аударды.
Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.

