Биыл аудан өнерпаздарынан құрылған «Қарасай жастары» театрының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Өнер ұжымы 2018 жылы ақпан айында Қарасай аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған. 2019 жылы Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Қарасай батыр» шығармасының желісі бойынша алғаш спекталін қойып, театрдың тұсауын кескен болатын. Бүгінде олардың репертуарында Бақыт Беделханның «9 грамм» спектаклі, «Жүректің көзі ашылса…» поэтикалық драмасы, Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасы, балаларға арналған «Бремен музыканттары», «Батыл көжектер», «Қадірдің бақыты» атты қойылымдары көрермендерінің ықыласына бөленуде. Осыған орай өткен аптаның бейсенбісінде Қарасай жерінде Алматы облысындағы халықтық атағы бар және жаңадан құрылған театрлар «Алтын қазық» атты фестивалінде бас қосты. Оның ұйымдастырылуына Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйытқы болды.
Руханият әлемін ауыл сахнасы арқылы таныстырып, табыстыруды мақсат еткен шара бұл жолы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан ұлтжанды тұлға Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналыпты. Алдыңғы кезекте байқауды ұйымдастыруды өз мойнына алған «Қарасай жастары» театры дәстүр бойынша қонақтарды қарсы алып, салтанатты түрде қызыл кілемнің үстімен шеру жасата жүргізіп, барлық өнер ұжымдарын зор құрметпен күтіп алды. Мәдени шараға Іле ауданынан «Ақши», Кеген ауданынан «Кеген», Талғар ауданынан «Талғар», Жамбыл ауданынан «Сүйінбай», Балқаш ауданынан «Бақанас», Еңбекшіқазақ ауданынан «Қаракемер», Ұйғыр ауданынан «Қарадала», Райымбек ауданынан «Хантәңірі» театрлары келіп қатысты.
Келесі кезекте фестивальдің ресми бөлімінде мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова сөз сөйлеп, қатысуға келген барлық театр ұжымына Алғыс хаттар мен 100 мың теңгелік сертификаттарды табыстады. Одан кейін әр театр еркін тақырыпта «Қарасай жастары» театрының 5 жылдығымен құттықтауға арналған қойылымдарын көрсетті. Сахна саңлақтары өз кезегінде сомдалған тұлғалардың психологиялық ерекшеліктері мен қайраткерлік қырларын, тарихи болмысын барынша ашып көрсетуге тырысты.
Театр актерлерінің күрделі драматургиялық материалмен жұмыс жасауға қарым-қабілеттерін шыңдай түсу мақсатында өнер адамдары ұжымдарға режиссерлік, актерлік бағыттарында шеберлік сағаттарын өткізді. Драматургия бағытында ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, режиссура бағытында актер, режиссер, Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының театр жұмыстарын үйлестіруші әдіскері Асқар Наймантаев, актерлік шеберлік бағытында әнші, актер Мақсат Рахмет, актерлік шеберлік бағытында театр және кино актері Ергенбай Абуев дәріс оқып, құнды ақпараттармен бөлісті.
Фестивальдің соңы концерттік бағдарламамен түйінделді Ал қатысушы әр ауданның өнер ұжымы арнайы марапатталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Алматы облысының театрлары Қарасайда бас қосты
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Культура » Алматы облысының театрлары Қарасайда бас қосты