Адам баласына деген мейірім, жан-жағына жылулық, аналық махаббат, адал жар, балаларына қамқорлық, жұмыстағы жанкештілік, қажырлы қайрат, мамандығын сүйе білу сияқты ізгі қасиеттердің иесі кім десеңіздер, мен еш ойланбастан әріптесім Танзиля Мұхтарованы айтар едім. Мұндай тым жақсы сөздермен көмкерілген сипаттауды өзі құп көрмеуі мүмкін. Онысын да түсінеміз. Өйткені оның бойынан қарапайымдылық деген тағы бір қасиет табылады.
Ұлты татар болғанымен, жан жүрегі, сөйлеу тілі, айналамен араласуы, түсінісуі, тіл табысуы қазақтан кем емес. Себебі оның қалыптасқан ортасы осындай болды.
Танзиля Рауфовна – журналистика деген жолда жаңылмай келе жатқан нағыз маман. Бұл бағытта табан аудармай, аудандық, облыстық газеттерде қаламын серік етіп жүргеніне биыл 34 жылдан асты. Ал ғибратты ғұмыр жолын қалыптастырып, жақында 60 жастың ауылына аяқ басты. Сондықтан мұндай мерейлі жаста оның өмір өрнегін қағаз бетіне түсіріп, өткені мен бүгінгісін оқырман қауымға жеткізсек, артық болмас. Жазбалары арқылы орыс тілінде көпшіліктің жүрегіне жол тауып жүрсе, ендеше біз ол жайлы өзі жетік білетін, жақсы көретін қазақ тілінде ой өрбітуді жөн көрдік.
Туған жері. Отбасы. Қоныс аударуы
Танзиля Мұхтарова 1965 жылдың 2 қарашасында Қырғызстан елінің Пржевальск қаласында (қазіргі Қаракөл) дүниеге есігін ашқан. Шарафутдиновтер отбасында өмірге келіп, өзінен кейінгі Рафик, Ринат атты бауырларына қамқоршы әпке болды. Одан бөлек Танзиля Рауфовнаның бір әкеден тараған Елена есімді әпкесі бар.
Мектептегі орта білімді өзінің туған қаласында алып, одан кейін ауылдық кәсіптік-техникалық училищені, кейінгі жылдары педагогикалық институттың филология факультетін үздік бітірді. Жоғары білімін алған соң, Ыстықкөл облысында ұстаздық қызмет атқарып, одан кейін Пржевальск пединститутының тіл білімі кафедрасында еңбек етті.
Дәл осы уақытта өмірлік жары Надир Мұхтаровты кездестіріп, көңіл жарастырып, екеуі отбасылық өмірге қадам басып, шаңырақ көтерді. Ал 1989 жылы жас отбасы Сібірге қарай қоныс аударды.
Бұл өңірге көшуінің де өз тарихы, себебі бар. Өйткені Танзиля Мұхтарова атақты орыс жазушысы, әдебиет пәнінен сабақ беретін Валентин Распутиннің шығармашылығына қызыға қарап, сүйіп оқитын. Тіпті, оның туындылары бойынша дипломдық жұмысын қорғаған. Міне, осы Сібір прозашының еңбектерінде суреттелген әсем бейнелер оны өзге өлкеге қоныс аударуға себепкер болды.
Екі жыл бойы Жаңасібір облысында орыс тілі пәнінен сабақ берді. Сөйтіп, ерлі-зайыптылар 1991 жылдың наурыз айында Қазақстанға қарай көшуді жөн санап, қазіргі Алматы облысының Шамалған ауылына келді.
Надир ағамыз бен Танзиля әпкеміз ұрпақ өрбітіп, Салима, Гүлфайруз, Фарида атты үш қыздың ата-анасы болды. Оларды бағып-қағып, қанаттандырып, өз жолдарын табуға көмектесті. Перзент алдындағы парыздарын өтеп, әкелік, аналық махаббаттарын төге білді.
Журналистика жолы
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін баспасөзде жұмыс істеу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұл да бір игеретін кәдімгі мамандық. Ал бұл жолға Танзиля Мұхтарова ойда-жоқта тап болған.
Алғашында, көшіп келген жылдары ауылдық жердегі мектептерде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне орын табылмаған. Отбасы болған соң, еңбек етіп, күнкөрістің амалын табу керек дегендей, Қаскелең аудандық газеттің редакциясына жұмыс іздеп барған. Бұл күндерді Танзиля Рауфовна еш ұмытқан емес. Еске түсіріп, өткен жылға да саяхаттады.
– Мен журналистикаға кездейсоқ келдім. Ол кездер менің басымнан өткен қызық жағдай болды. Ауылда мен үшін орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімдік бос орын табылмады. Жұмыс істеуім қажет болғандықтан, Қаскелең аудандық «Ленинское знамя» деп аталатын газеттің редакциясына бардым.
Осы жерде айта кететін бір жайт, бұл журналистикаға қадам басуымның өзіндік бір тарихы, ерекше еске түсіретін сәттері бар. Жаңасібір облысында жүргенімде бірде аудандық газетке мақала жазғанмын. Одан кейін маған хат келіп, онда менің жақсы жазатыным және олар менің мақалаларымды қуана қабылдайтынын жеткізген еді. Мен мұны Шамалғанға көшіп келген кезде есіме түсіріп, осы қарым-қабілетімді баспасөзде неге бақ сынап көрмеске деп, шешім қабылдадым. Сөйтсем, дәл сол уақытта жоғарыда аталған редакцияда бір қызметкер жұмыстан шығып, тілші орны босапты. Осылайша журналистика саласындағы қызметім бастау алды, – деп еске түсірді Танзиля Мұхтарова.
Ал Жетісу жерінің әйгілі «Огни Алатау» газетінде қызмет етуінің де шағын тарихы бар. Бұл мерзімді басылымда жұмыс істеуге тағы да жазған еңбегі түрткі болған.
– «Огни Алатау» газетінің редакциясына жұмысқа келуіме себепкер болған нәрсе – сол басылымда жарық көрген мақалам. Оның тақырыбы «Нужен ли корпункт в Капшагае?» деп аталды. Осы жазғанымнан кейін маған бір ой келді, «Неліктен Қаскелеңде корпункт ашпасқа?» деген. Сол кездегі бас редактор Валерий Яковлевич Оверко бұл бастаманы қолдап, мені жұмысқа қабылдады. Бұл 1994 жылдың маусым айында болған еді, – деп тағы бір сәулелі сәтті кезеңді түсірді.
Танзиля Рауфовна осындай ескірмейтін естелікке толы сәттерден бастап бүгінгі күнге дейін табан аудармай, қалтқысыз қызметте қаламын серік етіп, жастарға жол сілтеп, білгенін үйретіп, заман талабына сай білмейтінін меңгеріп, жемісті еңбек етіп келе жатыр. Биыл оның журналистика саласында жұмыс істегеніне 34 жыл болыпты. Бұл аз уақыт емес, әрине. Осы жылдардың тізбегінде ол кейіпкерлердің түрлі тоғысқан тағдырларын, өңірдегі тіршілікті, халықтың мұң-мұқтажына толы жазбаларды баспасөз бетіне тайға таңба басқандай жазып келеді. Бұл еңбектері үшін тек алғыс арқалап, көптің ықыласына бөленуде.
– Маған адамдар туралы жазған ұнайды. Әсіресе, очерктер, эсселер, шағын суреттемелер жайлы ой бөлісу жаныма жақын. Өйткені солар арқылы өзге тағдырға үңіліп, адаммен бірге өмір жолын қайта өткендей боласың. Әрбірінің айтқан ойынан өнеге етіп алар сәттер көп болады. Олардың ғұмыр жолы да жақсы жаққа өзгеруге бағыттайды, – деді әріптесім.
Тағдырдың сынақтарына сынбаған
Өмір болған соң оның жолында жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғы қатар жүруі – заңдылық. Танзиля Мұхтарова нәзік жан иесі болса да басына түскен талай сынақтардан сүрінбей өтіп келеді. Алдымен өзінің туған жерінде осыдан 20 жыл бұрын әкесінен айырылды. Асқар тауы өмірден өткен соң анасы Таскира Макаеваны жалғыз қалдырмай, Надир аға екеуі ақылдаса келе, Қаскелеңге көшіріп алды.
Аяулы анасы біраз жыл қолында тұрып, қызының қамқорлығында болды. Алайда қарттықпен бірге денсаулығы да сыр беріп, ұзақ жыл айықпас сырқаттың салдарынан 2019 жылы 89 жасында жалған дүниемен қош айтысты.
Жарық өмір сыйлаған ананың қазасы кімге оңай болушы еді? Бұл сынақты да Танзиля Мұхтарова көтере білді. Өткінші уақыт жан жарасын емдегендей күй кешті.
Уақыт көшіне ілесе күнелту – бұл да тағы бір өмір заңдылығы. Осылай ел қатарлы күйбең тіршілікте ғұмыр кешіп жүргенде үйдің отағасы, арқасүйері, өмірлік жары Надир Мұхтаров 2023 жылы 61 жасында келместің кемесіне мінді. Мәңгілік сапарына аттанған, жұбайын жоғалтқан Танзиля әпкеміз басына түскен бұл қайғыға да мойынсұнды.
Отбасылық жауапкершіліктің жүгін арқалап, енді ес жия бергенде, бір жылдан кейін туған бауыры Ринат Шарафутдинов 53 жасында денсаулығы сыр беріп, ажал құшты. Жақынын өз шаңырағынан шығарып салып, жер қойнына тапсырды.
Ерте ме, кеш пе адам баласының жалған өмірмен қош айтысатыны анық. Дәм-тұздың таусылар шағынан ешкім қашып құтыла алмайды. Осыны Танзиля әпкеміз терең түсініп, еңсесін тіктеп, араға жылдар салып жаткен қайғыны көтере білді. Ал оған осындай күш беріп, өмірге деген құштарлығын оятқан жандар үнемі қасында болды. Өйткені Танзиля Мұхтарова өзінің жайдары мінезімен айналасын жақсы жандармен қоршаған тамаша адам. Қыздарының қамқорлығын, көмегін үнемі сезінді. Өзі де оларға деген аналық махаббатын аяған емес.
Қолдаушылары – қызғалдақ қыздары
Сөзіміздің басында айтып өткендей, марқұм Надир ағамыз бен Танзиля әпкеміз – өмірде үш қызды қанаттандырып өсірген ата-ана. Бүгінде олардың әрбірі – жоғары білімдерін алып, өмірде өз жолдарып тапқан жандар.
Үйдің тұңғышы Салима әрдайым үлкендігін көрсетіп, өзінен кейінгі сіңілілеріне жол сілтеп жүреді. Өз ісін сүйіп, еңбекқорлығының арқасында шет мемлекеттерге жиі саяхаттайды. Ел көріп, жер көріп, көпшілікпен араласқанды жақсы көреді. Анасына ерекше қамқорлық жасап, әрдайым қолдаушысына айналған.
Екінші қызы Гүлфайруз – отбасылық өмірге ерте араласқан, қазақ әулетінің келіні. Мақсат Сагдеев есімді азаматқа тұрмысқа шығып, аяулы жар атанды. Екі ұлттың татулығын жарастырып, әркезде анасын құда-құдағиларымен басқостырып, тамаша сәттерді сыйлып келеді. Аналық парызын орындап, өмірге Әди, Мира есімді ұл-қызды дүниеге әкелді.
Үйдің кенжесі Фаридаға келер болсақ, ол да тұрмыста. Есболған Жұматаевпен отау құрып, биыл 20 наурызда Сара есімді сәбиді дүниеге әкелді. Жас жұбайлар отбасылық өмірге енді аяқ басқанда Танзиля Мұхтарованың қамқорлығын жақсы сезінді. Тіпті, күйеу баласы Есболған ата-анасынан ерте көз жазып қалғандықтан, Танзиля Рауфовнаны өз анасындай көріп, «мама» деп те атайтын болды.
Фарида мен Есболған жас отбасы ретінде бөлек тұрғанымен, әрдайым аналарының ақыл-кеңесіне жүгініп, қолдау-көмегін көріп келеді. Ал шаңырақтың шаттығына бөлеген кішкентай Сара қыз болса, Танзиля әпкеміздің жүрек тыныштығына айналған. Оның әрбір тәй-тәй басқан қадамына куә болып, суреттеріне қызыға қарап, күйбей тіршілікті бір сәт ұмытады. Кейде әріптестеріне: «Менің терапия душама айналатын осы Сара», – деп айтып қалатыны да бар.
Танзиля әпкеміз, міне осындай қызғалдық қыздарының ортасында жарқын ғұмыр кешуде. Жан жүрегінің емі де, тыныштығы да, қуанышы да – балалары. «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты» деген осы шығар, сірә!
Бірнеше өңірдің жаңалық таратушысы
Ақпарат алаңында жүріп өңірдегі жаңалықты жылдам әрі жалпақ тілде ұғынықты жеткізу – журналистің ең басты міндеті. Жалған сөздің жетегінде емес, ақиқатын анық айта білу де өнер. Сонымен қатар түрлі тағдырларды сөз жүзінде сипаттап, оны оқырманның жүрегіне ұялата білу керек. Иә, мұндай міндетті бір кісідей атқарып келе жатқан Танзиля Мұхтарованың ақпарат айдынында жүзіп жүргені 1991 жылдан басталды.
Алғашында Қаскелең аудандық «Ленинская знамя» газетінен бастап, 1994 жылы ауданның жаңалығын облыстық «Огни Алатау» баспасөзі арқылы жеткізуді де қолға алды. Екі редакцияда қатар қызмет ету қаламы жүйрік Танзиля Рауфовна үшін қиындық тудырмады.
Сонымен қатар Қарасай жері Жамбыл ауданымен шекаралас орналасқандықтан, тәжірибелі тілшінің ол жақтағы журналистің орнын басқан кездері де болды. Жамбылдың жаңалығын облыс көлемінде жария етіп, екі аудандағы оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Танзиля Мұхтарова 34 жылдың ішінде бірнеше редактордың жетекшілігінде қызмет етіп, әрбірінің жоғары бағасын алды. Облыстық газетте Владимир Оверко, Әміре Әрін, Атсалим Идигов сынды жураналистиканың марқасқаларымен әріптес атанса, бүгінде бас редактор Забира Сайдильдинамен қызметтес болуда.
Ал Қарасай аудандық газеттегі жұмысына келер болсақ, 94 жылдық тарихы бар мерзімді баспасөздің қанша жыл бойы талай жарқын сәттеріне куә болып келеді. Бүгінде Танзиля Рауфовна арамыздағы тәжірибелі, талай ардагердің көзін көрген, ардақты тілшілердің қатарында. Орыс редакциясының жүгін жалғыз өзі көтеріп, тұрақты оқырмандарының көзайымына айналған.
Сондай-ақ өзі қызмет еткен жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық газетті басқарған Шекербек Садыханұлы, Өтесін Құбиев сияқты редакторлардың батасын алып, ризашылығына бөленді. Ал қазіргі уақытта заман талабына сай газетке жетекшілік етіп отырған Атлана Исаеваның редакторлығымен еңбек етіп келеді.
Жарқын жетістіктері жетерлік
Мамандығына адалдық танытқан жанның елеулі еңбегі әрқашан өз бағасын алары сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда, Танзиля Мұхтарованың журналистиканың жетегінде жүріп жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Әрбір марапаты оның табандылығының нәтижесі деп білеміз. Солардың біразына тоқталар болсақ, 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ауданға сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, Қарасай ауданының Құрметті азаматы атанды. Сонымен қатар журналистика саласындағы іскерлігі министрлік тараптан лайықты бағаланып, 2018 жылы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Ал биыл Бұқаралақ ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнінде Президенттің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне жарқырата тағып, мемлекеттік наградаға қол жеткізді. Бұл аталғандар марапаттар – ең маңыздылары. Одан бөлек облыс, аудан әкімдерінің алғыстарын арқалап, басқа да түрлі мекеме басшылығының құрметтегендерін атап айтсақ болады.
Қарапайымдылықтың үлгісі
Танзиля Мұхтарованың бойына біткен тағы бір қасиеті – қарапайымдылығы. Ол өзіне берілген атақ-даңқтың барына емес, жақсы адамдардың жанында жүріп, оқырман қауымның еңбегін шын бағаланғанына шүкіршілік етеді. Одан бөлек өз бетінше сенбілік ұйымдастырғанды жаны сүйеді. Өйткені аула сыпырып, айналаны тазартса, жан тыныштығы орнайтындай күй кешеді. Бұл әрекеті бір көргенге адамға қызық болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл оның сүйікті ісіне айналған жақсы көретін жұмыстарының бірі.
Осындай ізгі қасиетті бойына жинаған адамға қарап, еңбексүйгіштік жан екеніне көзің жетеді. Өнегелі істеріне қарап, шыдымдалығына тамсанып, қажыр-қайратына еркісіз сүйсінесің. Бәлкім, кәсібіне деген адалдық пен қарапайымдылық оны әрдайым абырой биігіне көтеріп, сый-құрметке бөлейтіні содан шығар.
Міне, біз осындай тамаша жанмен бір ортада тіл табысып, ақпарат саласында еңбек етіп келеміз. Танзиля Мұхтарова біз үшін жай ғана әріптес емес, аналық мейірімін төгіп, жан жылуын аямайтын қарапайымдылықтың үлгісі.
Мерейлі жасыңыз құтты болсын, құрметті Танзиля Рауфовна! Өмір жолы Сізді тек жақсылыққа бағыттасын. Шаңырағыңызда шаттықтың шамы сөнбесін. Қарасай аудандық «Naqty» газетінің ұжымы өзіңізге тек мол бақыт, зор денсаулық, шалқар шабыт тілейді. Жазарыңыз таусылмай, қаламаңыз ұштала берсін.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
