Бүгінгі күні қырқыншы жылдардың тумалары көз алдымызға көненің көздеріндей болып әдемі әсер қалдырады. Әсіресе, қанды балақ соғыстың басынан аяғына дейін дүниеге келген перзенттердің де санасында сәулесі бар азаматтар болғанын тарих тарауларынан жақсы білеміз. Олар соғысты көрмесе де балалық шақтарынан соғыстан кейінгі бейбіт өмірге белсене атсалысқан ұрпақтар екенін еске алудың өзі бір ғанибет. Қазіргі арамыздағы аға буын да солар болып саналады.
Осындайда соңғы жылдары жиі көріп жүретін әрі бір салада тізе қосып бірге қызмет атқаратын ақ самайлы ақсақал ойыма орала береді. Мына өмірде жаратылысы бөлек жандар болады ғой. Ол кісіні мен сондай жандардың қатарына жатқызып жүремін. Шындығы да солай деп түйін жасаймын. Олай дейтінім, шынашақтай ақсақал қашан болсын қарапайым қалпынан айнымайды. 83 жастың сеңгірінде жүрсе де сергектігінен жаңылып көрген емес. Атқарып жүрген қызметі көк тиын төлемейтін қоғамдық негіздегі жұмыс болса да оған олқысына қараған жерін көрген емеспіз. Оның көзінің ашық, көкірегінің ояу жүретіндігі, тәртіп пен реттілікке шаң жуытпай қарайтындығы артынан ерген өкше басар інілері біздерге үлкен бір мектеп сияқты. Сондықтан да ақсақалдың ұқыптылығы мен құнттылығынан үйренгіміз келіп тұрады.
Тілімізге тиек етіп отырған бұл кейіпкеріміз – Леміс Әбдікерімов. Ендеше, оның артта қалған өмір өткелдеріне көз жүгіртіп көрейікші.
Ол 1942 жылдың 1 мамырында Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген екен. Жау жағадан алып, қан майданның қатты қарқын алған кезін қызыл шақа сәби қайдан білсін. Таңдайына талшық тисе мәз болып, жоқ болса, шырылдап жылағаны бесенеден белгілі жайт екені соғыс лаңынан болғаны бізге мәлім. Қырқыншы жылдардың қияметі қандай болғанын Мұқағали ақын көз алдымызға отты өлеңдерімен, кең тынысты толғауларымен алдымызға көлденең тартты емес пе?!
Леміс ағаның 8 жасында бала болса да айналасына өзіндік көзқарасымен қарайтын шағы еді. Өмірге деген алғашқы қадамын да әлі ұмыта қоймаған. Сол 1950 жылы осы жасында Сталин атындағы жеті жылдық мектептің бірінші сыныбына қабылданды. Ал 1960 жылы аудандағы Жалаңаш орта мектебін интернатта жатып бітіріп шықты. Одан кейінгі Леміс ағаның білімін одан әрі шыңдай түсуге деген алдына қойған мақсаты да алынбас асқар таудай қол бұлғап тұрды. Сөйтіп, Абай атындағы мемлекеттік институтқа құжат тапсыруға нартәуекел жасады. Бірақ сол кездегі оқудағы заңның қаталдығы оның адымын аштырмады. Оның өзіндік себебі де бар. Ол уақытта мектеп бітірген жас түлек оқуға түсу үшін міндетті түрде екі жылдық өндірістік тәжірибеден өтіп келуі керек. Мектепті жаңа бітірген Леміс ағада ондай қол жетпес еңбек көрсеткіші қайдан болсын?!
Алайда ол жолым болмады ғой деп, салы суға кетіп, талабы шағылып кеткеніне өкіне қойған жоқ. Қайта жастық жалынымен қанаттанып, қайратына мініп, сол институттың география факультетіне сырттай түсіп үлгерді. Сол бір кезеңде ауыл мектептерінде мұғалімнің жетіспейтіндігі үлкен проблемаға айналып жатқан шағы еді. Институт емес, қысқа мерзімді курстарды бітіргендердің өзі мектептерде басты тұлғаға айналып жүрді. Аудандық оқу бөлімі институтқа сырттай түсіп келген Леміс Әбдікерімовті қуана қабылдап, Қызыл ту ауылындағы бастауыш мектепке мұғалім етіп жіберді.
Бара-бара толыққанды білім алып, оқу-ағарту саласынан ауыз толтырып айтарлықтай тәжірибе жинақтаған Лекеңнің ел сүйсініп жүрген елеулі еңбегіне аудандық білім бөліміндегі басшылық тарапы да құлақ аса бастады. Оның білімдарлығы мен іскерлігіне баса мән беріп, назарларынан тыс қалдырмады. Оған сенім артып, көздеген жерлеріне жіберіп отырды. Бұған ол да жүрдім-бардым қарай алмады. Артылған сенімді ақтау жолында жауапкершілікті терең сезініп, сенім биігінен көріну үшін аянбады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген қанатты қағиданың жетегінде жан-тәнімен жүрді.
Адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында жай мұғалімдіктен бастауыш мектептің оқу-тәрбие ісінің меңгерушілігіне дейін көтерілген Леміс ағамыз осы бастауыш мектептің сегіз жылдық және орта мектепке айналғанына дейін тұрақты түрде бас алмай жұмыс істеді.
Өмір бір орнында тұрмайды ғой. Ұлағатты ұстаз ретінде Леміс ағамыз партия қатарына қабылданғаннан кейін Алматы облыстық партия комитеті жанындағы Марксизм-Ленинизм университетін сырттай оқып бітіруге қол жеткізді. «Саяси жоғары білімді» деген диплом алды. Саяси сауаттылығының өз дәрежесінде болғандығынан шығар, 1968 жылы аудандық партия комитетіне нұсқаушылыққа шақырылды. Осы қызметте жүргенінде екі жылдан кейін Ленин атындағы орта мектептің директорлығына тағайындалды.
Партиялық жұмыстың және оқу-ағарту саласының әдістері мен тәсілдерін бес саусағындай жетік білетін онымен таласар адам болмады. Үш жылдан кейін білім сапасы талап деңгейінде емес деген Жайдақбұлақ орта мектебіне директорлыққа жіберілді. 12 жыл бойы осы мектепті басқарған Лекең артылған сенімді абыроймен орындады. Мектептің материалдық-техникалық базасы мен оқу-тәрбие жұмыстарын заман ағымына сай ретке келтіріп, ауызға алынып жүрген мақтаулы мектептердің қатарына қосты. Осы деңгейге жету барысында табан ет, маңдай терімен, ұстаз деген ұлағатты атына сай ұятымен барын салды. Бұл бағытта жемісті жетістікке жеткен мектептің абыройы оның да мәртебесін биіктете түсті. Халық алдында адал еңбегімен абырой арқалаған Лекең бұған асып-тасып кетпеді. Сары алтындай салмақты қалпының шеңберінен шықпады.
Өмір болған соң адам баласының басында өзгерістер де болмай тұрмайды ғой. Мұндай кезеңді Леміс ағамыз да басынан кешті. 1985 жылы отбасылық жағдайға орай Қарасай өңірінің Райымбек ауылына қоныс аударды. Бұл жерде де қол қусырып қарап отырмады. Кенен Әзірбаев атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты. Кеген топырағында 25 жыл ұстаздық, директорлық қызметте болған оны бұл мектептің ұжымы құшақ жая қарсы алды. Осы мектепте жүріп мұғалімдікпен қоса директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығын да мінсіз атқара білді.
Қай жерде болмасын «өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген аталы сөз тегін айтылмаса керек. Леміс ағамыз соған лайықты азамат болып шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 5 жыл ұстаздықтан қол үзбеді. Оның осы мектепте 25 жыл еңбек етуінің өзі де бір ерлікке пара-пар десе де болады. Кеген мен Қарасай аудандарындағы еңбек өтілін қосып жіберсек, 50 жыл ұстаздық етіпті. Жарты ғасыр жалықпай ұрпақ тәрбиесінде болған адамды қалай мақтан етіп, қалай мадақтаса да жарасады.
Леміс Әбдікерімов содан бері Бұлақты ауылында тұрып келеді. 2000 жылдан бері осы ауылда ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары болса, кейін жылдары төрағасы болды. Ал, 2019 жылдан бері Райымбек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы қызметінде. Көкірегіне түйгені көп Леміс ақсақал ауылының көркеюіне, мәдениетіне, тазалығына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына жаны қалмай жүреді. Халық үшін қандай қажеттілік болса да оны орындауға және қамтамасыз етуге уақытында тиісті орындарға шығып отырады. Ауылдастары сол үшін де оны сыйлап, құрметтеп, төбелеріне көтеріп келеді.
Мәселен, ауылға газ құбырын жүргізуге, электр жүйелерін жаңартуға, пошта бөлімшесін аштыруға тікелей бастамашы болып, осыларды жеріне жеткізіп тындырды. Сондай-ақ, Бұлақты ауылына қарасты зираттың жауапкершілігін ауыл әкімі мен ақсақалдар алқасы Леміс Әбдікерімовке жүктеп берген еді. Көп жылдан бері қоршалмай, аяқасты болып, тұрғындар үйден шыққан қоқыстарын зират маңына төгіп, өлген малдарына дейін осында әкеліп тастайтын. Бұл сорақылыққа тосқауыл қоюды дер мезгілінде қолына алды. Одан жақсы нәтиже шығарды.
Дереу тиісті іс-шараларды ұйымдастырып, бірден іске көшті. Халықтан 5-6 миллион мөлшерінде қаражат жинастырып, зиратты айналдыра түгел қоршап, 3 жерден көліктер кіретін қақпа, 5 жерден адамдар кіріп-шығатын есіктер жасап қойды. Бүгінгі күні жаңбырлы күндері көліктер тығылып қалмау үшін тас төселу үстінде. Сол сияқты тұрмыстары төмен жесірлер мен жетімдер қажетті қамқорлықпен қамтамасыз етіліп жатқаны да қуанышты жай. Биылдың өзінде 630 мың теңгеге оқушыларға мектепке киетін киім-кешектер алынып берілген. Бұған демеушілер қол ұшын беріп отырды.
Бұдан бұрын ауылдағы мектептің ауласы қоршалмағандықтың салдарынан мал кіріп, ластап, отырғызған ағаштарын сындырып, гүлдерін таптап тастайтын. Леміс ақсақал бұл шаруаның да жолын таба білді. Өзінің көршісі, кәсіпкер Күнсұлу Иманғалиева мен басқа демеушілердің арқасында мектеп ауласы қоршалып, қалыпқа келтірілді. Тағы бір айта кететін жайт, ауылда мешіт болмаған. Халық қатты қиналып жүргенде Қызылордадан көшіп келген Тұрсынхан Әбдіғапаров қажы 15 сотық жерін мешітке тегін беріп, оған Марат деген кәсіпкер демеушілік жасап, бір жылда «Әйкен ана» мешіті салынды. Оның жанынан 150 орынды хатымхана да жасалып, екеуінің ел игілігіне жарап жатқанына биыл бесінші жыл. Бұған да Лекеңнің айтарлықтай ықпалы тиді.
Ауылға мектеп салуға ауыл, аудан әкімдері жер тауып бере алмағандықтан, ақсақалдар алқасы республикалық «Табиғатты қорғау» ұйымының басшысы Мэлс Елеусізовке шығып, 3 гектар жер алып беріп, қазір ауылдан 900 орындықты жаңа жобадағы мектеп құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл мектеп Тәуелсіздік күнінің құрметіне қарай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұған дейін тұрғын үй есебінен салынған шағын бастауыш мектепте оқушылар үш ауысымда оқып келе жатыр еді. Міне, енді Алла қаласа жаңа мектеп жас ұрпақтың игілігіне айналғалы отыр.
Леміс ақсақалдың және ауылдық аналар ұйымының төрайымы Фатима Үрпесжанованың ұйымдастыруымен құрылған «Дариға-ай – Дәурен» ансамблінің өрге жүзген өнерлерін облыс көлемінде білмейтін адам жоқ. Оның құрылғанына 3 жылға жуықтап қалды. Құрамы 25 адамды қамтиды. Шеттерінен ұлттық аспаптарды ойнаудың шеберлері. Олардың әрқайсысы әуелете ән салудың, күмбірлете күй тартудың, мың бұрала билеудің нақышын тауып кетеді. Олар алдарына жан салмайды. Қазақтың атақты әншісі Ақбота Керімбекованың анасы Бибіажар Маханбетова 70 жастан асса да таңдайына бұлбұл ұялаған керемет те келісті әнші. Сахнаның сәніне айналған талант иесі. Сол сияқты соңғы жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында директордың орынбасары болған, Қазақстан өнерінің қайраткері Серік Омаров та осы ансамблдің белді мүшесі. Ал қазақтың «Қара жорға» биін алғаш рет әлемге танытқан, 86 жастағы буыны жоқ биші Арыстан қажы да осы ансамбльдің жарқыраған жұлдызы.
Ұлттық салт-дәстүрімізді өнерлерімен өрге көтерген ауылдың әжелер ансамблін де білмейтіндер кемде-кем. Өнер байқауында Гран-приді жеңіп алған бұл ансамбль аудандағы «Анаға құрмет» мұражайына сапарлап келген шетелдік қонақтарға үнемі өнерлерін көрсетіп, солардың қошеметіне бөленіп жүр. Осының бәріне мұрындық болып жүрген ақсақалдар алқасының төрағасы Леміс Әбдікерімов пен аналар кеңесінің төрайымы Фатима Үрпесжанаова екенін қалың қауым ауыздарынан тастамай айтып жүреді.
Бақытты отбасының бас иесі, өмір жолы өнегеден тұратын, ақсақал деген ардақты атты арқалап жүрген Леміс Әбдікерімовтің адалдықпен атқарған жемісті еңбегі ешқашанда елеусіз қалмаған. Қызмет істеген жерлерінен алған мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарының өзі қалың бір папка боларлық. Сол сияқты Лениннің 100 жылдық мерекелік және «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Ел ардақтысы», «Құрметті ұстаз», «Батыр шапағаты», Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы мерекелік медальдармен марапатталған. Бірнеше мәрте ауылдың Кеңестің депутаты болып сайланған. Қарасай ауданының Құрметті азаматы атағының иегері. Тізбелеп айта берсе, Лекең ақсақалдың көрген сый мен құрметі жетерлік. Арманы асқақ ақсақалдың 83 жастағы сергектігіне қызыға қарайсың. Артынан ерген ізбасарларына, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген ақ жүректі оның арманы таусылмайды. Мен Леміс Әбдікерімов ақсақалға деген ниетім мен тілеуімді өлең шумақтарымен аяқтағым келеді:
Кегеніңнің жұттың ауа, ырысын,
Ашылды ғой содан барып тынысың.
Жарты ғасыр ұстаз болдың ұрпаққа,
Ел мақтаған ерлерінің бірісің…
Ақсақалдық жаста жүрсің алқынбай,
Қарасайда қадірің бар алтындай…
Леміс көке, алға қарай жүре бер,
Қадамыңнан қарқын алған тартынбай!
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қазақ журналистикасының қайраткері.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
