Өткен аптада толассыз жауған жауын-шашынның кесірінен облыс аумағындағы бірнеше өзеннің арнасында су дейгейі едәуір биіктеді. Айтып келмейтін табиғи апаттан сақтану үшін жергілікті елді мекендерде төтенше жағдай жарияланып, тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарға алынды.
Осындай тосыннан келген оқиғаның бірі Қарасай жерінде де тіркеліп, Ақсай өзенінің су деңгейі күрт көтерілді. Су ағыны күшейгеннің салдарынан Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында өзен жағалауын су шайып, оған жақын орналасқан 9 үйдің маңында топырақ сырғи бастады. Дегенмен қауіптің бетін қайтару үшін төтенше оқиға қарсы қызмет ететін тиісті мамандар дер кезінде әрекет етіп, жағдайды тұрақты бақылауға алды.
Жақында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданында табиғи апат салдарынан төтенше жағдай жарияланған аумақтарды аралап, су басу салдарын жою жұмыстарын тексерді.
Облыс әкімі жауапты мекемелерге төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
– Су өткізу жүйелерін тұрақты бақылауда ұстап, өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істейді. Техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, су деңгейін төмендетудің барлық тиімді жолдары қарастыруы тиіс. Ең бастысы, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды, – деді Марат Елеусізұлы.
Қазіргі таңда су тасқыны қаупін төмендету мақсатында ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Ұйымдасқан істің нәтижесінде Ақсай өзенінің 550 метрлік учаскесінде арнаны тереңдету жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар төтенше жағдайды жою жұмыстарына 30-дан астам арнайы техника жұмылдырылды.
Соңғы деректерге сүйенсек, су негізгі арнаға толық бағытталып, арнаның бұзылған учаскесінің барлық жері бекітілді. Қазіргі уақытта қорғаныс бөгетін күшейту және нығайту жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.
Айта кетейік, Қарасай ауданы әкімінің 2026 жылғы 2 шілдедегі шешімімен Ақсай өзені бассейніндегі су деңгейінің көтерілуіне және тұрғын үйлерді су басу қаупінің туындауына байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Аудандағы жағдай толық бақылауда. Барлық жауапты қызметкерлер тәулік бойы жұмысын жалғастыруда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

