Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы өзі айтқандай, расымен, мәні де, мазмұны да, айрықша болды. Әр салаға қатысты реформалардың тиімділігін айтып, алда атқарылатын ауқымды жұмыстардың барысына тоқталды. Осы бағытта Үкіметке тиісті тапсырма жүктеп, Құрылтай депутаттарына ұтымды ұсыныстарын білдірді.
Мемлекет басшысының Жолдауында түрлі өзекті тақырып қамтылды. Соның ішінде ел дамуы жолында атқарылатын шаруалардың реті түсіндіріліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты мақсат-міндеттер айқындалды.
Президенттің пәрмені бойынша назарға алынған жаңалықтардың бірі – бюджеттен жалақы алатын қызметкерлердің табасын арттыру. Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты Үкіметке қазіргі 85 мың теңге көлеміндегі ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге арттыруды тапсырды. Ал бұл дегеніміз еліміздегі 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етпек.
Биылғы Жолдауда кәсіпкерлердің әлеуеті де назарға алынды. Мемлекет басшысы өз сөзінде бизнесті дамытуға кедергі болмау керек екенін алға тартып, осы бағытта жұмыс істейтін жандарға қолдау қажет екенін атап өтті. Бұл ретте 2020-2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторий тәжірибесінің пайдалы тұстары айтылды. Осыны Президент ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы да үш жылдық мораторий енгізудің орынды екенін ұсынды. Ал мұндай тәсіл бизнестегі бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғыртуға және реттеудің цифрлық моделіне көшуге мүмкіндік беретін стратегиялық үзіліс болмақ. Менің ойымша, мұндай шешімдер ел экономикасын арттыру үшін өте тиімді әрі саналы шешім деп есептеймін.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы және басқа да сан салаға қатысты жоспарлы жұмыстарды атап өтіп, өзгерістердің әрбірі мемлекеттің дамуына өлшеусіз үлес болатынын жеткізді.
Сөз соңында Мемлекет басшысы ұлттың бірлігін, қоғамның әлеуметтік іргетасын нығайту айрықша маңызды екеніне тоқталды. Өйткені ол стратегиялық ой-ниеттер мен жоспарлардың түпкілікті табысқа жетуінің кепілі ретінде саналады.
Ел Президентінің Жолдау барысында барлық айтқаны Қазақстанды әлемдік өркениеттің алдыңғы қатарынан көрінуіне жасалып жатқан батыл қадамдар екені анық. Сондықтан мұндай тағдыршешті шешімдерді мен де қолдаймын. Еліміз даму жолында әлі талай белестерді бағындары деген сенімдемін.
Сәкен ШАЙМОЛДАЕВ,
«Желтоқсан» ардагерлер кеңесінің Қарасай ауданы бойынша төрағасы.

