Алматы облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты Қаскелең шекара бөлімшесі өзіне бекітілген аумақты қырағылықпен күзетіп отыр. Бұл – жай ғана қызмет емес, Отан алдындағы адал антқа берік болудың айқын көрінісі. Шекара сақшылары тәулік бойы тыным таппайды. Туристік маусым қызған шақта олардың жауапкершілігі тіпті арта түседі. Келген қонақтардың тәртібін бақылау, шекаралық аймақта заңдылықтың сақталуын қадағалау, кез келген төтенше жағдайдың алдын алу – осының бәрі Қаскелең шекара бөлімшесінің күнделікті қызметінің бір бөлігі ғана.
Ең қуантарлығы, бұл істің тек әскери қызметкерлермен шектелмейтіні. Ерікті жасақ мүшелері мен ауыл тұрғындары да мемлекеттік шекараны қорғау ісіне белсене атсалысып келеді. Өз жерінің қадірін білетін, елінің тыныштығын ойлаған азаматтар шекарашыларға сенімді тірек бола білді.
Ауыл ақсақалдарының ақылы, жастардың қайраты, шекара қызметкерлерінің кәсібилігі бір арнаға тоғысқанда ғана шекара берік болады.
«Бұл – біздің жеріміз, біздің Отанымыз!» деген ішкі жауапкершілік әрбір тұрғынның жүрегінде сезіледі. Қарапайым ауыл адамдарының шекара қызметіне қолдау көрсетуі – елдік сананың биіктігін көрсететін жарқын мысал.
Мен бұл өңірге келген сайын бір нәрсеге көз жеткіземін: шекараны қарумен ғана емес, бірлікпен, ынтымақпен, ортақ мақсатпен қорғауға болады. Қаскелең шекара бөлімшесі мен жергілікті халық арасындағы өзара түсіністік пен сенім – соның дәлелі.
Қаскелең аумағының көркем табиғаты, тау бөктерлері мен жасыл алқаптары – келешек ұрпаққа аманат. Сол аманатты сақтау жолында шекарашылар да, ерікті жасақ мүшелері де, ауыл тұрғындары да бір кісідей еңбек етіп келеді. Ол –нағыз патриотизмнің көрінісі.
Бірлігіміз бекем болса, шекарамыз берік болары анық. Бұл – жай ұран емес, Қаскелең шекара бөлімшесінің күнделікті қызметімен, ауыл халқының жанашырлығымен дәлелденіп отырған ақиқат. Осындай ауызбіршілігі жарасқан елдің шекарасы ешқашан осал болмайды.
Қ.СОВЕТХАНОВ,
«Қаскелең» шекара бөлімше бастығының орынбасары, аға лейтенант.

