2026 жылғы 10–11 сәуір күндері SDU University базасында ICECCO 2026 (International Conference on Electronics, Communications and Computing Optimization) халықаралық ғылыми конференциясы сәтті өтті. Ауқымды ғылыми іс-шара гибридті форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға офлайн және онлайн режимде қатысу мүмкіндігін ұсынды. Бұл формат шетелдік және отандық ғалымдардың кеңінен қатысуына жол ашып, халықаралық ғылыми диалогты нығайтуға ықпал етті.
Конференция заманауи ғылым мен технологияның өзекті бағыттарын қамтып, түрлі елдерден келген зерттеушілердің басын қосты. Атап айтқанда, есептеуіш интеллект (Computational Intelligence), сигналдарды өңдеу (Signal Processing), электрондық құрылғылар және электроника (Electron Devices and Electronics), индустриялық қолданбалар (Industry Applications), компьютерлік ғылым және ақпараттық теория (Computers and Information Theory), сондай-ақ байланыс жүйелері (Communications) секциялары бойынша мазмұнды ғылыми баяндамалар ұсынылды. Қатысушылар өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісіп, жаңа ғылыми тәсілдер мен технологиялық шешімдерді талқылады.
Конференция бағдарламасы аясында әрбір ғылыми жұмыс 10 минуттық баяндама және 5 минуттық сұрақ-жауап форматында ұсынылды. Мұндай құрылым баяндамашыларға өз идеяларын нақты әрі мазмұнды жеткізуге, ал тыңдаушыларға сұрақ қойып, пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Іс-шараның алғашқы күні 33 ғылыми жұмыс тыңдалып, секциялық отырыстар бірнеше аудиторияда қатар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Blue Hall (SDULIFE) аудиториясында есептеуіш интеллект пен сигналдарды өңдеу бағыттары қарастырылса, Workshop 205 (SDULIFE) аудиториясында электрондық құрылғылар мен индустриялық қолданбалар талқыланды. Ал Workshop 204 (SDULIFE) аудиториясында компьютерлік ғылым, ақпараттық теория және байланыс жүйелері бойынша баяндамалар ұсынылды. Секциялық отырыстардың үйлесімді өтуіне модератор Mohammed Alaa Fadhil Al-Hadeethi жетекшілік етті.
Конференция барысында қатысушылар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін ұсынып қана қоймай, тәжірибе алмасып, болашақтағы бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, жаңа академиялық байланыстар орнатуға негіз болды.
ICECCO 2026 конференциясы – ғалымдар, зерттеушілер, оқытушылар мен студенттер үшін өзекті ғылыми мәселелерді талқылауға, инновациялық идеялармен алмасуға және кәсіби байланыстарды кеңейтуге арналған маңызды алаң ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралардың бірі болды.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
