Қазіргі таңда әлем бойынша, оның ішінде біздің елімізде тағдыр тауқыметіне түсіп, туа бітті мүгедек болып жатқан бүлдіршіндер немесе жол-көлік апатынан ауыр халге ұшыраған жандар баршылық. Ең өкініштісі, жыл өткен сайын туылған кезінен-ақ ми қысымының науқасына шалдыққан, тірек-қимыл жүйесі мен қан айналымы бұзылған, көру қабілетінен айырылған бүлдіршіндер саны жыл сайын көбейіп келеді. Осы ретте бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қолайлы орта қалыптастыру, инклюзивті білім беру мақсатында дамыту-түзету орталықтары ашылып, үкіметтік емес ұйым ретінде тіркеліп, жұмыс істеп келеді.
27 ақпан Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай Қаскелең қаласында орналасқан жаны жабырқау ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға үлкен үміт сыйлап отырған «Сәуле Сапар» оңалту орталығы жайлы жазуды жөн санадық.
Айта кетейік, аталған мекеме ауданымызда 12 жылға жуық істеп келеді. Алғашында жай оңалту мекеме болып ашылған орталыққа 2022 жылы оның негізін қалаған көп жылдық тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі бар, емдеудің жаңа әдістерін ойлап тапқан Сәуле Рахимжанованың есімі берілді.
Бүгінде қызу жұмыс жүргізіліп жатқан орталықтың басшысы Конрад Казбектің айтуынша, мұнда әр келген бала алдымен арнайы тексерістерден өтіп, оның қазіргі жағдайы мен ауруына байланысты жеке әдіс қолданылады. Жақсы нәтижелерге әкелген емдеу әдістерінің барлығын Сәуле Сапарғалиқызы өзі ойлап тапқан. Арнайы массажмен қатар кішкентай науқастарға дене шынықтыру сабақтары өткізіліп, дефектолог, логопед, психолог секілді мамандар да көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда невропатолог пен педиатрдың кеңесі беріледі. Осында қызмет етіп жүрген 20-дан астам маманның әрбірі өз жұмысына ыстық ықыласы мен үлесін қосып, әр баланың жағдайының дұрысталуын өз назарында ұстайды.
Аудандағы осыған ұқсас өзге орталықтардан қарағанда жақсы нәтижелер көрсететін мекеме ашылғалы бері көптеген ерекше балаларға көмектескен. Тіпті, аяқ-қолы қимылдамайтын, жүріп-тұрмайтын, «енді бала болмайды» дегендердің өзінде даму белгілері байқалып, аяққа тұрып немесе сөйлей бастағандары жетерлік. 10 жылдан астам уақыт ішінде орталықта церебральды сал ауруы, эпилепсия және аутизм, психикалық дамуы тежелген, сколиоз және басқа да өзге дерттерге шалдыққан көптеген балалар ем алған.
Қазіргі уақытта мұнда 300-ге жуық бала тіркелген. Оның 125-і арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мемлекеттік бағдарламасы арқылы тегін ем алуда.
«Сәуле Сапар» оңалту орталығы өзінің көрсетіп отырған жақсы нәтижелерінің арқасында көптеген бүлдіршіндер мен ата-аналардың ризашылығына бөленген. Мәселен, өткен жылы қиын жағдайда деген алты баланы аяққа тұрғызған. Биылғы жылы тағы бес баланың аяққа тұруына, нық қадамдарын басуға көмектескен.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
