Елдің абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып жүретін спортшыларымыз жетерлік. Жақында осылардың қатарына қарасайлық Ислам Бекболаттың қосылғанын мақтанышпен айта аламыз.
Елдің абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып жүретін спортшыларымыз жетерлік. Жақында осылардың қатарына қарасайлық Ислам Бекболаттың қосылғанын мақтанышпен айта аламыз.
Жерлесіміздің ауыз толтырып айтар жетістігі – Иордания елінің Амман қаласында дзюдодан Ашық Азия кубогінде топ жаруы. Бұл халыхаралық жарыс 31 қазан мен 3 қараша күндері өткен еді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен мықтылар қатысып, өз елінің намысын қорғады.
Ал елдің мақтанышы, Қаскелеңнің тұрғыны Ислам Бекболат 73 кг салмақ дәрежесінде Қазақстанның атынан сынға түсіп, боз кілемде қарсыластарынан басым түсті. Ол жарыс жолында Иордания, Өзбекстан, Тунис және Кипр сынды мемлекеттердің балуандарымен белдесіп, айласына асырды. Нәтижесінде байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты.
Кез келген жеңістің артында спортшының табандылығы пен ұстазының қажыр-қайраты тұратыны анық. Осы ретте Исламды жастайынан дзюдоға баулып, жасөспірім кезінде алғаш бапкері атанған Қуаныш Ахметжановтың қырағылығын атап өтсек артық болмас. Тәлімгер ретінде Исламның спортқа деген ептілігін байқап, оның сенімділігін оятып, бірнеше жарыстарға жол ашты. Жаттықтырушының мұндай елеулі еңбегін шәкірті ешқашан санасынан шығарған емес. Жақында ол Азия Кубогінде жеңімпаз атанып, алғаш бапкеріне ризашылығын білдірді.
Ал бүгінде Ислам Бекболатты ел ішіндегі және дүниежүзілік додаға жеке бапкер ретінде Медет Есбулаев жаттықтырады. Ол да шәкіртінің боз кілемдегі белсенділігін шыңдап, қыран құстай баптап, түрлі сыннан бірге өтіп келеді.
Исламдай чемпионды жерлестері әрқашан мақтан тұтады. Оның Қарасай жерін әйгілі етіп қана қоймай, облыстың да, елдің атын шығаруы үлкен жетістік деп білеміз. Әлі де жеңістің жалауын желбірете беруіне тілекшіміз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

