Өткен аптада Бірінші Май ауылдық округінде жылыту маусымы қарсаңындағы кезекті профилактикалық рейд жүргізілді. Тексеру жұмыстары басталмас бұрын алдымен Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің, Қарасай аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері, тәртіп сақшылары, жергілікті атқарушы органның өкілдері және ауданның еріктілері жиналды. Ал шараға Алматы облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұржан Нұғыманов басшылық етіп, рейдтің жоспары мен маңызын түсіндірді. Оның сөзінше, үйлердегі өрт оқиғаларын азайту мен тұрғындардың улы газдан улану жағдайларының алдын алу басты міндет болып саналады.
– Жылыту кезеңі басталғалы бері облыста 46 өрт жағдайы тіркелді. Былтырғымен салыстыратын болсақ, өңірдегі өрттің көрсеткіші 40 пайызға төмендеді. Ал өткен жылыту кезеңінің осы уақыт аралығында екі адам қаза болып, газдан улану бойынша екі жағдай тіркелген еді. Осы уақытқа дейін Алматы облысының аумағында аулаларды аралау кезінде 4500-ден астам үй қамтылып, оның ішінде атқарушы органдармен бірлесе 400-дей баспана тексерілді. Оған азаматтық қорғау органдарынан 250 қызметкер, жергілікті әкімдіктерден 142 қызметкер және 91 волонтер қатысты, – деді Нұржан Серікұлы.
Іс-шара алдындағы түсіндірмеден кейін мамандар ауылдағы әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың үйлеріне барды. Олар улы газды ерте анықтайтын дабыл қондырғыларын орнатып, тұрғындардың мұржасын тазалады және пешті пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ оларға көмек есебінде бір-бір қап көмір таратты.
– Биылғы жылыту маусымында газдың иісін анықтайтын шамамен 500 дабыл қондырғылары орнатылды. Жоғарыда аталған санатқа жататын 1500-ден астам отбасы есепке алынған. Олардың ішінде 384 көпбалалы мен 1014 аз қамтылған отбасы, мүгедектігі бар 265 адам мен жалғыз тұратын 223 зейнеткер бар. Аталған көмекке мұқтаж тұрғындар ерекше бақылауға алынған, – деді Нұржан Нұғыманов.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға қауіпті жағдай орын алса, дереу 112 нөміріне хабарласып, көмек сұрау қажеттігін айтты. Мамандар ескерткендей, пештің мұржасын уақытылы тазалау, зақымдалған жерлерін жөндеу және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау апаттың алдын алудың басты кепілі.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.

