Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған, елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы Қарасай ауданында да кеңінен қолдау тауып, жүйелі түрде жалғасуда. Табиғатты аялау мен туған өлкені көгалдандыруды көздейтін ауқымды бастама аясында таяуда Қаскелең қаласында кезекті тазалық және ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылды.
Қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған игі шараға аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысып, көпшілікпен бірге көшет егу жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар бұл күні мемлекеттік мекеме қызметкерлері, түрлі саладағы еңбек ұжымдары, қоғам белсенділері және жастар арасынан шыққан еріктілер бір кісідей жұмылып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Экоакция барысында жиналған қауым Қаскелең қаласының орталық көшесі саналатын Абылай хан көшесінің бойын көгалдандыруға кірісті. Бірлескен еңбектің нәтижесінде жол жиегіне барлығы 150 түп жас көшет отырғызылды. Оның ішінде қала ауасын тазартып, қысы-жазы жасыл күйінде тұратын 100 түп қарағай мен 50 түп қайың ағашы бар.
Ағаш отырғызумен қатар акцияға қатысушылар көше бойын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтірді. Апта сайын ұйымдастырылатын осындай тағылымды шаралар ауданның сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тазалыққа деген жауапкершілігін арттыруға септігін тигізбек.
Туған жердің тазалығы әрбір азаматтың өз ауласынан, өз көшесінен басталатынын ескерсек, «Таза Қазақстан» акциясы баршамызды ортақ мақсат жолында біріктіретін маңызды қоғамдық қозғалысқа айналуда.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

